Негізінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразияшыл болуы мемлекеттің геосаяси және геомәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалған қадам. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстырып тұратын көпір іспетті. Сондықтан Қазақстанның «Азия және Еуропа форумына» (АСЕМ) 2014 жылы мүшелікке өтуі һәм таяуда аталған ұйымның 12 саммитіне қатысуы аса маңызға ие.
Жалпы АСЕМ жиындары – алып Еуразия құрлығында жатқан 51 мемлекеттің басын біріктіріп, Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылған ұйым. Оған Еуропалық одақ пен АСЕАН ұйымдары да мүше. Ендеше, АСЕМ-нің негізгі мақсаты да Батыс Еуропа мен Шығыс Азияның тиімді серіктестігін орнатуға атсалысу. Тарихқа көз жүгіртсек, алып Түркі әлемінің бұл міндетті ұзақ уақыт атқарып келгенін көреміз. Алайда жаңа ғасырда АСЕМ-ге түркі тілдес елдердің мүше болмауы үлкен кемшілік болатын. Ендеше, ұйымға мүшелікке өту арқылы Қазақстан барша түркі әлемі мен Түркі-Ислам әлемінің құрлықтық саммиттегі басты өкіліне айналды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан геосаяси тұрғыда Азия үшін де, Еуропа үшін де маңызды мемлекет. Сондықтан Қазақстанның ұстанымын есепке алмай, Батыс пен Шығыс арасындағы байланыс туралы айту қиын. Мәселен, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ең әуелі Қазақстан арқылы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға бағытталған. Сол секілді, Еуропалық одақ елдеріне қажетті тауарлар Оңтүстік Азиядан Қазақстанды басып өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арқылы жылдам жеткізіледі. Осы жағынан келгенде Н.Назарбаевтың ЕЭО, Жібек жолы экономикалық белдеуі және Еуропалық одақты «Үлкен Еуразия» атауы құрлықтағы елдердің ынтымақтастығын арттыратын үлкен бастама деуге келеді. Географиялық тұрғыдан қарағанда «Үлкен Еуразияның» орталығы – Астана қаласы.
Астананың халықаралық саясаттағы орны, маңызды мәселелерді шешуге атсалысып келе жатқаны белгілі. Н.Назарбаевтың көреген сыртқы саясаттағы көзқарастары мен астарлы шешімдері арқасында Қазақстанға Еуропа тарапынан да, Азия тарапынан да үлкен сенім артылады. Мұның дәлелі ретінде 2010 жылы Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитін атап өтуге болады. Жоғары деңгейде өткен сол жиыннан кейін ЕҚЫҰ төрағасы атанған мемлекет мұндай жетістікке қол жеткізе алмады. Өйткені ұйымға мүше-мемлекеттердің, әсіресе Ресей мен АҚШ секілді алпауыт елдердің бір үстел басында отырып, пікір алмасуы өте қиын. Қысқаша айтқанда Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті ұйымдағы ең табысты жиын ретінде тарихта қалатыны анық.
Азия құрлығында Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгінде табысты жұмыс істеп келеді. Бұл форум аясында Израиль – Палестина, Үндістан – Пәкістан секілді жауласқан мемлекеттердің бір үстел басына отырып, халықаралық қатынас пен диалог жүргізуінің маңызы зор. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушы мемлекет ретінде Қазақстан өз орнын қалыптастырды. Ұйымды құру туралы идеяның Н.Назарбаев тарапынан көтерілгенін де айта кету керек.
Осындай еңбектердің арқасында Қазақстан Еуропада да, Азияда да өз орны бар мемлекетке айналды. Екі құрлықта да Астана орталық ретінде саналады. Екіжақты саясаттың арқасында Қазақстан қос құрлықтағы көпжақты ынтымақтастық мәселесін көтереді. Сондықтан Н.Назарбаев АСЕМ аясында «Азия және Еуропа өңірлік ұйымдары форумын» ұйымдастыруды ұсынды. Мұндай серіктестік АСЕМ-ге мүше-мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға сөзсіз пайдалы болмақ. Бұл тұрғыдан алғанда, Назарбаевтың ЕҚЫҰ мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті ықпалдасуға шақыруы құптарлық бастама.
Назарбаев әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті және экономикалық дамуды қамтамасыз етумен бірге, алпауыт державалар арасындағы сенім мәселесінің маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан Н.Назарбаев АСЕМ саммитінде сөйлеген сөзінде АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО сияқты саясат сахнасындағы басты ойыншыларды адамзатқа қатысты өз міндеттерін орындау үшін және халықаралық жанжалдарды шешуге шақырды.
Бұл «төрттік формат» Батыс пен Шығыс арасындағы түсіністікті қалыптастыруға берілген үлкен мүмкіндік. Оған атсалысу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі (БҰҰ) платформа құруы мүмкін. Қазіргі уақытта АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері. Әйтсе де, бұл ұйым мәселелерді шешу алаңы емес, Ресей мен Қытай, Батыс елдерімен пікірталас алаңы ретінде қарастырылады.
Қысқаша қайырғанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі алпауыт елдердің бір-біріне вето қоятын алаңына айналды. Н.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған төрттік форматтың бас қосатын орталығы ретінде Астананы атап көрсетуге болады. Сириядағы дағдарыс жөніндегі Астана процесін ескере отырып, Қазақстанның бейтарап және бейбіт ұстанымы АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО елдері тарапынан жоғары бағаланатынын ескеру керек.
Қорыта келгенде, Қазақстанның AСEM-ге мүшелігі, оның Еуропа мен Азиядағы белсенді сыртқы саясаты, сондай-ақ оның жаһандық және өңірлік қауіпсіздігі экономикалық даму тұрғысынан да маңызды. Сондықтан Қазақстанның «Түркі – ислам әлемінің өкілі» ретінде АСЕМ саммиттерінде өз міндеті бар. Н.Назарбаевтың АСЕМ саммитінде сөйлеген сөзінде Астананың өңірлік мәселелерді ескеретіні, сыртқы саясатта маңызды бағыт ұстанғаны және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін маңызы зор бастамалар ұсынатыны айқын аңғарылды.
Мехмет Сейфеттин ЭРОЛ,
Анкара дағдарыс және саясат зерттеу орталығының профессоры