Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесусты қабылдап, Алғашқы-медициналық санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 40 жыл толуына орай Ұйымның жаһандық конференцияға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. «Қазақстан үшін бұл – ілгерілеуге жасаған үлкен қадам. Атқарып отырған жұмысыңызбен мақтануға толық негіз бар», - деді Қ.Тоқаев. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын қолдайды.
Бас директор Конференцияның тарихи маңызына тоқталып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі қабылданған Астана декларациясы халыққа заманауи цифрлы технологияларды қолдана отырып, медициналық қызметке қол жеткізуді қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті. «Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде басты рөл атқара алады және атқаруы тиіс. Бұл Қазақстанның брендіне айналуы мүмкін», - деп атап өтті Т.Гебрейесус. Оның пікірінше, Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жүргізіп отырған саясаты дамушы елдерге үлгі бола алады. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Декларация тілін – әрекеттер тіліне аудару» бойынша жұмысты бастап кеткенін де атап өтті.
Сенат Төрағасы БҰҰ аясында денсаулық сақтау саласындағы халықаралық қызметті үйлестірудегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетістіктерін атап өтіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы маңызды мәселелер, атап айтқанда, білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау салаларының шығындарын Ішкі жалпы өнімнің 10 пайзына дейін жеткізу міндеті туралы айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймақтық бюросының директоры Ж.Якоб еліміздің денсаулық сақтау саласын біртіндеп дамыту, балалар мен нәресте өлімі көрсеткіштерін төмендету мен темекі тартумен күрес жөніндегі жұмыс деңгейіне көңілі толатынын жеткізді. Оның пікірінше, Алматыда «БҰҰ үйін» ашу Қазақстан үшін ғана емес, барлық аймақ үшін өте маңызды. «Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенемін», - деді Ж.Якаб.
Қ.Тоқаев Сенат өз жұмысында қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған халықаралық күш-жігерді заңнамалық тұрғыда қолдауға әзір екенін жеткізді.