Жер кезегіне тұру, мемлекеттік қызметтер мен сервистер туралы ақпарат та осында көрсетілген. Бұл – Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі. Облыс әкімдігінің қолдауымен облыс әкімі аппаратының Ахуалдық орталығының тапсырысы негізінде жасақталған Атырау облысының геоақпараттық порталы – аймақтың түрлі бағыттағы қызметтерін қамтитын, әр нысанның әлеуметтік, көліктік, инженерлік инфрақұрылымы туралы деректері орналастырылған облыс пен қаланың алғашқы электронды картасы.
Геопорталды дербес компьютермен қатар, Android және iOS негізіндегі кез келген ұялы құрылғыдан «Smart Атырау» қосымшасы арқылы қарауға болады. Қала тұрғындары мен қонақтары Атырауға қатысты барлық ақпаратты осы порталдан ала алады. Ал «Жолдаулар» сервисі арқылы аймақты басқару үрдерістеріне қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Кез келген қызығушы Атырау қаласының бас жоспарымен танысуына болады. Әлеуетті инвесторлар үшін мақсаттары, жалпы сомасы, қазіргі ахуалы мен артықшылықтары сипатталған жобалар жарияланған.
Порталдағы облыста өтетін жер аукциондары мен конкурстар туралы ақпараттық жарияланымдар кәсіпкерлерге пайдалы екені сөзсіз. Өйткені онда сатылымға шығарылған жер телімдерінің орналасқан жері мен қатысу шарттары, өтінім қабылдау орындары да көрсетілген. Сол арқылы қатысушы жер телімінің артықшылықтарын біле алады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба ақпараттың қолжетімді болуына, ұсынылатын қызметтердің сапасына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Жыл соңына дейін облыс халқына геопорталда жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларында 20-ға жуық электронды қызмет алу бойынша сервистер ұсынылады. Бұл жер телімдерін, техникалық шарттарды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру секілді өтінім беретін рәсімдерді жеңілдетеді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс», деп атап көрсетті. Атыраудың алғашқы геопорталы да осы мақсатта қолға алынған жоба ретінде халықтың көңілінен шығады деген сенім бар.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ