Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында институт емханасында өткен ашық есік күнінде дәрігер кеңесіне 550-ге жуық әйел жүгінген. Олардың 54-і маммографиялық тексеруден өтсе, қатерлі ісік қаупі болуы мүмкін деген 7 әйелдің сараптамасы қосымша тексеруге жолданды. Ал қатерлі ісіктің тұқым қуалау себеп-салдары бар-жоғын анықтау мақсатында алғашқы рет жүргізілген тексеру аясында 74 әйелге генетикалық сараптама жасалды. Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеулер, пункциялық биопсия, трепан биопсиялық тексерулер де жүргізілді.
Онколог-маммолог Әсем Тоғызбаеваның айтуынша, қатерлі ісік жас талғамайтын ауыр індет. Осы тұрғыдан алғанда, әйел адамдардың, оның ішінде жас қыздардың дәрігерге қаралуы, уақтылы тұрмыс құруы, дер кезінде бала көтеруі аса маңызды. Қатерлі ісіктің белең алуына экологиялық ахуалмен қатар жүйке күйзелісі, шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жат әдеттердің де кері әсері жеткілікті.
Деректерге сүйенсек, елімізде жылына 4 мыңға жуық әйелде сүт безі қатерлі ісігі анықталады екен. Ал 1400-ден астам әйел қатерлі дерттен көз жұмады. Бүгінде еліміздің барлық аймағында жас мөлшеріне қарай скринингтердің жиі өткізілетіндігіне қарамастан, әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарап отырғандығына мамандар алаңдаулы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2020 жылға қарай әлемде қатерлі ісік көрсеткіші 1,5-2 есеге дейін ұлғаймақ. Бүгінде Қазақстанда қатерлі ісікпен күрес жалпыұлттық мәселеге айналып отыр. Жылына осы дерттен елімізде 15 мың адам көз жұмады. Осындай деректермен бөліскен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дәурен Әділбайдың айтуынша, сүт безінің, колоректалды және жатыр мойнының қатерлі ісігі дүниежүзі дәрігерлерін алаңдатып отыр. Адамзаттың өмір сүру салтының өзгеруі мен апатты экологиялық жағдайлардың салдарынан қатерлі дертке шалдығу көрсеткіші ұлғайып барады. Бүгінде әлем елдері қатерлі ісіктің алдын алу және мүлде болдырмау шараларын жүзеге асыра бастады. Осы бағытта Қазақстанда мемлекеттің қолдауымен жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде қатерлі ісіктен көз жұму көрсеткіштері төмендей бастаған. Өлім көрсеткіштері соңғы үш жылда 100 адамға шаққанда 5 пайызды құрайды. Бұл қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау және емдеу шараларының тиімділігімен байланысты. Қазіргі кезде өлім-жітім Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары. Өкпе, асқазан, сүт безі ауруларының көрсеткіштері алғашқы орында тұр.
Деректер бойынша 2017 жылы республикада қатерлі ісікпен тіркелгендер саны 28 мыңға жуықтайды. Жалпы есепте тұрғандар – 179 397.
Бүгінде қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауда еліміздің денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізіліп жатқан скринингтің нәтижелілігін көреміз. Қазіргі кезде еліміздегі 30-70 жас аралығындағы азаматтар өздері тіркелген емханаларда тегін скринингтен өте алады. Скрининг кез келген қатерлі ісіктің алдын алуға бағытталған кешенді шара.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деректері бойынша Ұлттық скринингтік бағдарламалар жетілдіріліп келеді. Десек те, Қазақстанда қатерлі дертпен күрес шараларын жүзеге асыруда әлі де ведомствоаралық, сектораралық байланыстардың жеткіліксіздігі байқалады. Онкологиялық көмек көрсетудің жеткіліксіз қаржыландырылуы мен механизмдерінің тиімсіздігі, қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіштерінің төмендігі қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бес жылдағы өмір сүру көрсеткішінің төмендеуі сияқты көкейкесті мәселелер әлі баса назар аударуды қажет етеді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ