Медицина • 31 Қазан, 2018

Қатерлі дертпен күрес – бұқаралық іс

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес айы аясында Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының емханасында кеуде обырына қатысты зертханалық тексеру шаралары жүргізілді.

Қатерлі дертпен күрес – бұқаралық іс

Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және қажетті ақпараттармен қамт­амасыз ету мақсатында инс­титут емханасында өткен ашық есік күнінде дәрігер кеңесіне 550-ге жуық әйел жүгінген. Олардың 54-і маммографиялық тексеруден өтсе, қатерлі ісік қаупі бо­луы мүмкін деген 7 әйелдің сарап­тамасы қосымша тексеруге жолданды. Ал қатерлі ісіктің тұ­қым қуалау себеп-салдары бар-жоғын анықтау мақсатында алғаш­қы рет жүргізілген тексеру аясында 74 әйелге генетикалық са­рап­тама жасалды. Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеулер, пункциялық биопсия, трепан биопсиялық тексерулер де жүр­гізілді.

Онколог-маммолог Әсем То­ғыз­баеваның айтуынша, қатер­лі ісік жас талғамайтын ауыр ін­дет. Осы тұрғыдан алғанда, әйел адамдардың, оның ішінде жас қыздардың дәрігерге қара­луы, уақтылы тұрмыс құруы, дер кезінде бала көтеруі аса ма­­­ңызды. Қатерлі ісіктің белең алуы­на экологиялық ахуалмен қатар жүйке күйзелісі, шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жат­ әдет­­тердің де кері әсері жеткі­лікті.

Деректерге сүйенсек, еліміз­де жы­лына 4 мыңға жуық әйел­де сүт безі қатерлі ісігі анық­­талады екен. Ал 1400-ден­ ас­там әйел қатерлі дерттен көз жұ­мады. Бүгінде елі­міздің бар­лық аймағында жас мөл­шеріне қарай скринингтердің жиі өткізілетіндігіне қарамастан, әйел­дердің өз денсаулығына сал­­­ғырт қарап отырғандығына ма­мандар алаңдаулы.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметтері бо­йынша 2020 жылға қарай әлемде қатерлі ісік көрсеткіші 1,5-2 есеге дейін ұлғаймақ. Бүгінде Қазақ­станда қатерлі ісікпен күрес жал­пыұлттық мәселеге айналып отыр. Жылына осы дерттен елімізде 15 мың адам көз жұ­мады. Осындай деректермен бөліскен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титуты директорының орынбасары Дәурен Әділбайдың айтуын­ша, сүт безінің, колоректалды және жатыр мойнының қатерлі ісігі дүниежүзі дәрігерлерін алаң­датып отыр. Адамзаттың өмір сүру салтының өзгеруі мен апатты экологиялық жағдайлардың салдарынан қатерлі дертке шал­дығу көрсеткіші ұлғайып барады. Бүгінде әлем елдері қатерлі ісіктің алдын алу және мүлде болдырмау шараларын жүзеге асыра бастады. Осы бағытта Қазақстанда мемлекеттің қол­дауы­мен жүргізілген кешенді ша­ралардың нәтижесінде қатерлі ісіктен көз жұму көрсеткіштері төмендей бастаған. Өлім көрсет­кіштері соңғы үш жылда 100 адамға шаққанда 5 пайызды құ­райды. Бұл қатерлі ісікті ерте ке­зеңде анықтау және емдеу шара­ларының тиімділігімен байланысты. Қазіргі кезде өлім-жітім Ақ­мола, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан және Шығыс Қазақстан об­лыс­тарында жоғары. Өкпе, ас­қа­зан, сүт безі ауруларының көр­сет­кіштері алғашқы орында тұр. 

Деректер бойынша 2017 жылы республикада қатерлі ісікпен тір­кел­гендер саны 28 мыңға жуық­тайды. Жалпы есепте тұрғандар – 179 397. 

Бүгінде қатерлі ісікті ерте кезең­де анықтауда еліміздің ден­саулық сақтау мекемелерінде жүр­гізіліп жатқан скринингтің нәти­желілігін көреміз. Қазіргі кезде еліміздегі 30-70 жас ара­лы­ғындағы азаматтар өздері тір­келген емханаларда тегін скринингтен өте алады. Скрининг кез келген қатерлі ісіктің алдын алуға бағытталған кешенді шара. 

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы сарапшыларының және Эко­номикалық ынтымақтас­тық­ және даму ұйымы елдерінің де­рек­тері бойынша Ұлттық скрин­ин­г­­­тік бағдарламалар же­­тіл­­ді­рі­ліп келеді. Десек те, Қа­зақ­станда қатерлі дертпен кү­рес шараларын жүзеге асыру­да әлі де ведомствоаралық, сек­то­р­аралық байланыстардың жет­кі­ліксіздігі байқалады. Онко­логия­лық көмек көрсетудің жет­кіліксіз қаржыландырылуы мен механизмдерінің тиімсіздігі, қа­тер­лі ісікті ерте анықтау көрсет­кіш­терінің төмендігі қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бес жылдағы өмір сүру көрсеткішінің төмендеуі сияқты көкейкесті мәселелер әлі баса назар аударуды қажет етеді. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ