Сурет: aikyn.kz/
Аталған өзгерістер тек саяси-құқықтық сипатта ғана емес, сонымен қатар айқын экономикалық мазмұнға да ие. Өйткені Конституция елдегі әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылданатын құқықтық және басқару жүйесінің негізі саналады. Мемлекеттік басқарудың айқындығы, билік тармақтары арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінуі, құқықтық нормалардың тұрақтылығы – экономикалық саясаттың тиімділігі мен болжамдылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлар.
Ең алдымен, Парламенттің рөлін күшейту және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу басқару жүйесіндегі тепе-теңдікті арттырады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл тәуекелдердің төмендеуіне, заңнамалық шешімдердің сапасының артуына және қабылданатын саясаттың бірізді болуына ықпал етеді. Мұндай ортада бизнес пен инвесторлар үшін ұзақмерзімді жоспарлау мүмкіндігі кеңейіп, экономикалық белсенділікке деген сенім нығаяды. Бұл үрдіс шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген қызығушылығына да оң әсер етеді.
Өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту болып отыр. Экономикалық теория тұрғысынан меншік құқықтарының қорғалуы, еңбек ету құқығының сақталуы және әділ сотқа қолжетімділік тұрақты экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің дамуының негізгі шарттары екені рас. Құқық үстемдігі орныққан қоғамда іскерлік белсенділік артып, жаңа экономикалық бастамаларға жол ашылады.
Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы өзара бақылау мен жауапкершілік тетіктерінің нығаюы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және бюджеттік тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада бұл мемлекеттік шығыстардың сапасын жақсартуға, әлеуметтік бағдарламалардың нақты нәтижеге бағытталуына және өңірлік дамудағы теңгерімді сақтауға ықпал етеді.
Тағы бір маңызды нәтиже мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершіліктің күшеюімен байланысты. Бұл жағдайда Конституция формалды құжат ретінде емес, азаматтардың күнделікті өмірінде нақты мәні бар құқықтық негіз ретінде қабылдана бастайды. Азаматтардың қоғамдық үдерістерге саналы түрде қатысуы, заңға құрметпен қарауы және ел болашағы үшін жеке жауапкершілікті сезінуі қоғам дамуының сапалық деңгейін айқындайды.
Осындай азаматтық жауапкершілікке негізделген патриотизм дамыған демократиялық мемлекеттерге тән. Ол ұрандар арқылы емес, заңды сақтау, қоғамдық міндеттерді адал орындау және елдің ұзақмерзімді дамуына үлес қосу арқылы көрініс табады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық жаңғыру дәл осы бағытты көздейді.
Жалпы алғанда, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді тұрақты, ашық және экономикалық тұрғыдан тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалауға болады. Бұл реформалардың нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін. Алайда олардың басты құндылығы елдің ұзақмерзімді ұлттық мүдделеріне және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке бағытталуында болып отыр.
Жанна ЕРМЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының міндетін атқарушы