Экономика • Бүгін, 09:00

Мақта-тоқыма кластері: Жаңа индустриялық кезең

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында экономиканы әртараптандыруға, нақты секторды күшейтуге және инвестиция тартуға ерекше мән беріп келеді. «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», деді Президент халыққа Жолдауында. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында өңірімізде экономиканың барлық салаларында көптеген жұмыс атқарылып жатыр.

Мақта-тоқыма кластері: Жаңа индустриялық кезең

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша елімізде алдыңғы орында. Сонымен қатар мақта өсіретін бірден-бір өңір саналады. Осы ерекшелікке мән беріле оты­рып, облыста мақта-тоқыма кластерін құру жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба шикі­затты ел ішінде терең өңдеуге және еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жалпы, бұл бастама осыдан бір жарым жыл бұрын қолға алған. Облыстың бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республика­сына іссапармен барғанда мақта өсіру және оны терең өңдеу саласындағы ірі компаниялармен кездесулер өткізген еді. Келіссөздер барысында тәжірибе алмасып, екіжақты сәтті әріптестік орнатылды. Нәти­жесінде, бұл келісімдер нақ­ты инвестициялық жобаларға ұласып, бүгінде өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің басшы­лығымен мақта-тоқыма класте­рін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоба табысты жүзеге асырыла бастады. Мақ­та-тоқыма кластерін дамытуға жетекшілік етіп отырған инвес­тор – Қытайдың мақта өсіру және оны терең өңдеу саласын­дағы ең ірі компаниялардың бірі «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd». Компания тұқым өсіруден бастап, тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақтаны кешен­ді өңдеуге және өндірістің толық циклін басқаруға маманданған.

Бүгінде облыста осы шетел­дік инвестормен бірлесе Орталық Азия кеңістігінде баламасы жоқ мақтаны терең өңдейтін мақ­та-тоқыма кластері құрылды. Клас­тердің ерекшелігі су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақта өсіруден бастап иірілген жіп, мата, дайын киім және өзге де тоқыма өнімдерін шығарады. Бұл өңір экономикасына жаңа серпін, шикізаттық бағыттан ары­лып, дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру арқылы 7 мың адам жұ­мыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тар­тыла­­ды. Мақ­та өнімділігі 2-3 есе жақ­са­­рып, жылына 229 мың тонна мақта өндірілетін болады. Жал­пы, жоба аясында 10 зауыт салу жоспарланған. Оның ішін­де 4 мақ­та өңдеу, 2 там­шы­­ла­тып ­суару жүйелерін өнді­ре­тін, сон­дай-ақ 4 тоқыма зауыты бар. Соның бірқатары іске қосы­­лып жұ­мыс істеп жатыр. Мысалы, клас­тер­­дің қажеттіліктерін қамта­масыз ету үшін ПВХ құбырла­рын шығаратын зауыт іске қосыл­ған. Ал тоқыма фабрикалары салынып жатыр.

ва

Жақында Отырар ауданын­да орналасқан көпфунк­цио­нал­ды «Түркістан мақта агро­өнер­кәсіптік кешені» аясында 3 зауыт іске қосылды. Атап айт­қанда, тамшылатып суару құ­­рыл­ғылары мен суаруға ар­нал­­ған таспалар өндіретін өн­ді­ріс орны өз жұмысын бас­та­ды. Кәсіпорын жылына 800 млн метр суару лентасын өн­діріп, 50 мың гектар алқапты зама­науи суару жүйесімен қам­­та­масыз етуге қауқарлы. Бұл – кәсіп­орын су үнемдеуге бағыт­­талған аса маңызды жоба. Тамшылатып суару жүйелерін жергілікті жерде өндіру арқылы ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілеріне қолжетімділік артып, су үнемдеу технологиясын кеңі­нен енгізуге жағдай жасалды.

Сонымен қатар Отырарда заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылды. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақ­та шаруашылығын жаңа дең­гейге көтеріп отыр. Серіктес қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіс­пен мақта егіліп, әр гектардан орта есеппен 50-60 центнерден өнім алынды. Мұндай көрсет­кіш бұрын-соңды болмаған. Су үнемдейтін бұл технология­лар – климаттық өзгерістер жағ­да­йын­да аса өзекті.

Жоба аясындағы екі бірдей мақта өңдеу зауытының жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрай­ды. Бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеу­ге мүмкіндік береді. Бүгінгі таң­да 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Ең маңыздысы, осы жобалардың жұмысын біріктіріп, басқару мен бақылауды жүзеге асыратын жасанды интеллектке негіз­делген орталық басқару стан­са­сы пайдалануға берілді. Меха­­ни­каландырылған станса аталған ірі жоба үшін арнайы жасақталды. Бір орталық арқылы 30 мың гектар алқаптағы суару, реттеу және бақылау жұ­мыстары автоматтандырыл­ған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Мұнда егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. Су, мақ­таның өсу барысы, жердің ылғал­дылығын да қадағалау жү­йесі енгізіліп жатыр.

Бұл ақылды басқару Мемле­кет басшысының әр салаға жасанды интелект енгізу туралы тапсырмасының нақты нәтижесі деп айтсақ болады.

Жалпы, бұл ашылған кәсіп­орын жұмысшыларына да қо­лай­лы жағдай жасалған. 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақха­на, асханалары бар. Ком­па­ния өзі ­280 метрден ауызсу тартып, күні­не 4 мың жұмысшыға жететін су шығарылады. Зауыт­тың қазіргі уақытта 20 мың өң­дел­ген мақта сақтайтын алып қоймасы бар.

Одан бөлек, жуырда Түркіс­тан қаласында «Turan» арнайы эко­номикалық аймағында то­лық циклді тоқыма бұйымда­рын өн­діретін яғни жіп иіріп, мата өндіретін ірі кешен іске қосыл­ды. 42 гектар жер бөлінген өндіріс­тік кешеннің жалпы инвестиция­­лық құны – 86,2 млрд теңге. Құ­ры­лыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірін­ші кезеңінде 430 адам тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосым­ша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыт толық іске қо­сыл­ған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынты­ғы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр. Ашылған кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы екені сөзсіз. Бұл жоба – Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде дамытуға, мақта саласының тиім­ділігін арттыруға және экс­порт­тық әлеуетті күшейтуге, жаңа ин­дустриялық бағыттардың қалып­тасуына серпін беретін маңызды қадам.

Осылайша, қысқа мерзім ішінде Түркістан облысында ­мақ­та өсіруден бастап, оны терең өңдеуге дейінгі толық өнді­ріс­тік тізбекке негізделген мақ­та-тоқыма кластері қалыптасты. Бұл – бір ғана саланың жетіс­тігі емес, өңір экономикасын әр­та­раптандыруға бағытталған жү­йелі саясаттың нақты нәтижесі. Алдағы бес жылда мақтаны егіс­тіктен бастап, дайын киім тіге­тін деңгейге дейін жеткізетін толық циклдің орнығуы күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорт көлемінің артуына және жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашады. Ең бастысы, жоба заманауи агротехнологияларды, су үнемдеу жүйелерін және жасанды интеллектке негізделген басқару тетіктерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін түбегейлі арттырып отыр.

Мақта-тоқыма кластерінің дамуы тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, тұтас Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бастама еліміздің дайын тоқыма өнімдерін экспорттайтын бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуы­на берік негіз қалайды. Мұның барлығы – мемлекеттік қолдау, тиімді инвестициялық саясат және бірлікте атқарылған табанды еңбектің жемісі. Қазіргі уақытта кластерлік даму облыс­та жүйеге қойылып, аймақтың экономикалық әлеуеті жаңа дең­гейге көтеріліп отыр.

Мақта-тоқыма кластерін дамытудан бөлек, облысымызда жүгері және ет кластерін құ­ру бойын­ша да үлкен жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Себебі, бұл бағыт­тағы даму облыстағы ар­найы экономика­лық аймақ­тың мүмкіндіктерін то­лық пай­далануға жағдай жасап, ше­тел­дік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалыптастыруға мүмкіндік бе­реді. Облыстың даму жолын­дағы бұл бастамалар жаңа ин­дустрия­лық дәуірдің бастамасы болары
сөзсіз.

 

Нұралы ӘБІШОВ,

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы 

Соңғы жаңалықтар

Болашаққа бағдарланған құжат

Реформа • Бүгін, 09:10