Сурет: gov.kz
Өмірін өлеңмен өрген ақынның шоқтығы биік шығармаларын насихаттай отырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел мен жерді қадірлеуге бағытталған әдеби-мәдени іс-шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Әріпжанұлы, Кеген халық театрының режиссері, ақын Аршын Нұрбақыт, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің тілшісі Дәурен Ермекбайұлы, мектеп директоры Нұргүл Абықанова, ұстаздар мен интернат тәрбиеленушілері қатысты.
Жырқұмар өнерлі өрендер ақынның жүрек тербетер әндерін әуелетіп, сыршыл поэзиясының тиегін ағытты. Сонымен қатар «Аққулар ұйықтағанда», «Жоқ, дәрігер» атты жырларынан көрініс келтіруі тағылымды кештің мазмұнын арттыра түсті.
Интернат тәрбиеленушілері Мұқағали Мақатаевтың лирикалық шығармаларын аса шебер оқыды. Атап айтсақ, Айғаным Самал ақынның «Поэзия, менімен егіз бе едің?», Қайрат Әли «Үш бақытым», Ақжарқын Тілепберген «Дос болам, десең!», Нұрсұлтан Бақберген «Пай, пай өмір!», Айару Әлін «Туған өлке» атты өлеңдерін тебірене оқып, көптің қошеметіне бөленді. Ал аудандық мәдениет үйінің әншілері Кәдірбек Сүлейменнің «Қайран Қарасазым-ай!», Нұрым Байбаланың «Есіңе мені алғайсың», Серікбек Бижамалдың «Сенің көзің» сынды әндерін тамылжыта шырқауы тыңдарман көңілін тұщытты. Өз кезегінде ақын Аршын Нұрбақыт ақын өміріне байланысты естелік айтып, таңғы шықтай жырларын оқыса, кеш қонақтары Мұқағали мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын ерекше атап өтті.
Кеш соңында поэзиялық кешке белсене атсалысқан оқушылар мен тәрбиеші-ұстаздар Алғысхаттармен марапатталды.
«Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп кеткен Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүріп келеді. Оның жауһар жырларын жас өскін де жылы қабылдап, жатқа оқуды дәстүрге айналдырғанын бүгінгі кеште тәрбиеленушілеріміздің белсенділігінен анық аңғардық», деді кешті қорытындылаған интернат меңгерушісі Құралай Төкенқызы.
Алматы облысы