Түркістан облысын дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмасы бойынша жасалған арнайы жоспарға сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыс орталығында көпсалалы аурухана бой көтереді. Қазірдің өзінде оны салуға қызығып отырған инвесторлар бар. Оған қоса қаржы орталықтарымен, Даму банкімен келіссөздер жүргізілуде. Туристер көптеп келетіндіктен халықаралық деңгейдегі жаңа аурухана қажеттігі де туындап отыр.
Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысына келген сапары барысында аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен, түрлі медициналық ұйымдардың басшыларымен өткізген жиында мәлім етті. Министрдің айтуынша, енді үлкен емханалар салынбайды. Оның орнына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған мекемелерде тұрғындарға жақын жерден учаскелік дәрігерлер қызмет көрсете бастайды. Одан бөлек тұрғындарға дәрігерлер смартфондар арқылы кеңес береді. Түркістан қалалық емханасында министр медициналық мекеменің жұмысымен танысып, аталған ұйымның қағазсыз қызмет көрсету жүйесіне көшкеніне көз жеткізді.
Емхана бас дәрігерінің орынбасары Бақытжан Жүзжасаровтың айтуынша, емханаға тіркелген тұрғындар бұрынғыдай медициналық картасын іздеп, қағаз тасып жүрмейді. Дәрігерге қаралудан бастап барлық қызмет түрі электронды құжат бойынша жүзеге асады. Табалдырық аттағаннан қарсы алатын қызметкер алдындағы мониторға қарап-ақ сұранысыңызды өтейді. Бұл үшін пациент жеке куәлігін көрсетсе болды. Келесі бір маман цифрландыру жүйесінің қызметін пациенттерге түсіндіріп, медициналық мобильдік қосымшаны смартфонына орнатып береді. Оның қасында қарт кісілерге көмегін ұсынатын тағы бір маман жұмыс істейді. Енгізілген жаңашылдықтармен танысқан министр пациенттердің бұған дейінгі картотекасын сақтап қоюды, кей жағдайда қажет болып қалуы да мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ Елжан Біртанов дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мәселелерін сөз етті. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді дамыту қажеттігін жеткізді. Министрдің айтуынша, бүгінде бір учаскелік дәрігерге 2500-3000 адамнан қаралады. Келешекте ол жүктеме 1500-ге түсірілмек.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы