Аймақтар • 31 Қазан, 2018

Түркістанда орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясы өтті

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоспарланған барлық құрылыс жұмыстары басталып, жүзеге асырылған соң Түркістан Түркі әлемі және Еуразия құрылығындағы заманауи қалалардың біріне айналады деген сенім мол.

Түркістанда орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясы өтті

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді. «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбындағы баспасөз мәслихаты жаңа форматта өтті. Қ.А. Яссауи кесенесі алдында өткен көшпелі отырыста  облыс әкімі өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалына кеңінен тоқталып, журналистер сауалына жауап берді.

Түркістан қаласында жаңа құрылыстардың сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады. Елбасының Түркістан облысына іс-сапары барысында, бірқатар ұлттық компанияларға, бизнес өкілдері мен шет елдердің инвесторларына 16 нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалынған болатын.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардың және облыс әкімдіктерімен 13 құрылыс нысанын салу көзделіп отыр. Мысалы, «ERG» компаниясы «Түркі әлемі» орталығын, «Базис –А» холдингі қазақ драма театрын, «SembolConstruction» АҚ-ы туристік бағыттағы колледж, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-і «Ұлы Дала елі» орталығын салатын болады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасы жасалынып, қаланы тарихи-киелі, құрылыс салуды реттеу, әкімшілік-іскерлік орталығы сынды 3 аймаққа бөліп,  дамыту жұмыстары әзірленуде. Жаңа әуежай құрылысы жүргізілетін аумақ та белгіленген.

Журналистердің сұрағына берген жауабында облыс әкімі өңірде 28 мың адам баспана кезегінде тұрғанын айтып өтті. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 73 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ аудандарда да көпқабатты үйлер салу қолға алынған. Мысалы Төлеби ауданының орталығында 480 пәтерлі 8 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Сарыағашта 13 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Табиғи өсімі жоғары өңірде балабақша, мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Балабақшамен қамту қазір 84 пайыз болып отыр. Ал 8 апатты, 7 үш ауысымды мектеп мәселесі біртіндеп шешімін таппақ. Облыс аумағындағы саманмен салынған мектептерді жаңарту да уақыт еншісіндегі мәселе. Сондай-ақ облыс әкімі брифингте жыл басынан бергі 9 айда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы.