Жүздесушілер екі мемлекеттің заң шығару органдары ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқылады.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын, ондағы біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру мен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді шешу мақсаттары көзделгені туралы беларус тарапын хабардар етті.
ТМД, ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ-ның парламентаралық бірлестіктерін парламенттік дипломатиядағы негізгі бағыттар ретінде атаған Қ.Тоқаев біздің елдеріміз осы халықаралық ұйымдардың аясында күш-жігерді үйлестіріп әрі бір-біріне өзара қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Қазақстан делегациясы басшысының пікірінше, біздің мемлекеттеріміздің көптарапты байланыстарына парламентшілер қосымша серпін бере алады.
Келіссөз барысында екі мемлекеттің инвестициялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға баса назар аударылды.
М.Мясникович екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу және екі елдің экономикалық, сауда және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын белсенді жүргізу, студенттер алмасуын дамыту, туристік саяхаттарды дамыту қажеттігі туралы айтты. Республика Кеңесінің Төрағасы қазіргі кезде Қазақстан белсенді түрде қатысып жатқан қытайлық «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын іске асыру аясында Беларусьтің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, Беларусь арқылы өтетін және Қытайды Еуропа Одағы елдерімен байланыстыратын трансқұрылықтық бағдардың жаңа солтүстік тармағын дамытуға Минск мүдделі болып отыр.
Қ.Тоқаев атап өткендей, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы Қазақстансыз жүзеге аспайды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жаһандық геосаясатты өзгерте алатын өз стратегиясын алғаш рет Астанада жария еткен болатын. 2020 жылға дейін Қазақстан жылына транзиттен түсетін кірісті 5 миллиард долларға дейін жеткізу туралы мақсат қоюы да біздің еліміздің маңызды рөлін көрсетіп отыр.
Сенат Төрағасы беларустық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан парламенттік делегациясының басшысы Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен де кездесті. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Беларусь қатынастарының даму қарқынын, парламентаралық үнқатысу оның маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қ. Тоқаев Қазақстан саяси жүйесіндегі Сенаттың орны туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды Палата депутаттарының заңнамалық тұрғыда қолдауы маңызды екенін айтты.
Сенат Төрағасы Жеңіс ескерткішіндегі мәңгілік алауға гүл қойды және Беларусь мемлекеттік Ұлы Отан соғысының тарихы мұражайында болды.