Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Жыл соңына дейін астаналықтарға 364 пәтер беріледі

626 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жол» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы №227 көшесінде бой көтерген үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатылымға шығармақ. Бұл туралы банктің Бүкіләлемдік жинақ күніне орай ұйымдастырылған баспасөз турында белгілі болды.

Жыл соңына дейін астаналықтарға 364 пәтер беріледі

Баспасөз туры барысында банк қызметкерлері жаңадан салынған тұрғын үйлерді журналистерге көр­сетіп, оның қандай жолмен берілетінін түсіндірді. Жаңа пәтер иелері конкурс негізінде анықталмақ. Конкурсқа атал­ған банктің кез келген салымшысы қатыса алады. Пәтердің толық бағасының 20 %-на тең бастапқы жар­насын үш жыл бойы жинаған салым­шылардың 2018 жылдың 6 қарашасына дейін өтініш тапсыруға мүмкіндігі бар. Конкурс нәтижесі 7 қарашада белгілі болады. 

364 пәтердің жартысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшы­ларына берілсе, қалған жартысы Ас­тана қаласы әкімдігінде кезекте тұр­ған азаматтарға табысталады. То­лық әрленген пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге. Бұл нарықтық бағадан екі еседей төмен. 

Жаңа кешен 37-40 шаршы метр болатын 1 бөлмелі – 75 пәтерден, 2 бөл­мелі – 168, 3 бөлмелі 121 пәтерден тұ­рады. Әр үйдің бірінші қабатында бала­ларға арналған орталықтар бар, кешен жанынан мектеп салынып жатқанын да байқадық. 

«Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­­кінің» орталық филиалының дирек­­то­ры Жансұлтан Матаевтың айтуын­­ша, жыл сайын бағдарламаға қызы­ғу­­шы­лық танытушылар қатары өсіп келеді. 

– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесі 2015 жылы 7,1% деңгейінде болса, қазір 13,1%-ды құрайды. Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қолданушылар саны 1,2 миллионға жетті. Банк азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% ара­лы­ғында займ алуға мүмкіндік береді. Республика бойынша банктің жалпы жинақ сомасы 562,3 миллиард тең­гені құрайды. Қолданушылар көр­сет­кіші бойынша Астана қаласы алда тұр. Елорда тұрғындарына тиесілі «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» депо­зит­терінің саны – 170 771, – дейді ол. 

Аталған банк «Нұрлы жер» мемле­кеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бұған дейін Астана қаласы бойынша 620 пәтер сатқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 984-ке жетеді деп жос­парлап отыр. 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1825 пәтер сатылады деп күтілуде.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»