Алдымен қыркүйектің соңғы онкүндігінде Маңғыстау облысында орналасқан «Оймаша» полигонында «Батыс-2018» ірі ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Оқу-жаттығу барысында әскерлердің біріккен топтамасы шөл далада шартты қарсыласты қоршап, ел ішіне енуіне тосқауыл болып, шабуылдау арқылы «жойып жіберді».
Қарулы күштердің құрамалары мен әскери бөлімдерінің «Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына Қарулы Күштердің Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев жетекшілік етті.
Оқу-жаттығудың бірінші кезеңі барысында «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары, әскери бөлімдері бірнеше мыңдаған шақырымға жаяу марш жасап, штаттық қару-жарағы және әскери техникасымен құрамдастырылған тәсілмен Маңғыстау облысына алмастырылды. Бұдан соң қысқа мерзім ішінде аумақтық әскер бөлімшелерінің жауынгерлік үйлесуі жүргізіліп, өңірдегі маңызды нысандар, оның ішінде, дағдарыс ауданында әскерлерді түсіру стансалары күзетке алынды. Сонымен қатар «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басшысының жетекшілігімен өңірдегі тұрақты жағдайды қалпына келтіруі тиіс әскерлердің түраралық топтамасы құрылды.
Стратегиялық маңызды оқу-жаттығудың екінші кезеңінде еліміздегі заңсыз қарулы құрылымдардың іс-әрекеттері үлгі бойынша жоспарланып, оларға қарсы арнайы операциялар жүргізілді. Қарулы күштердің арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері өтуі қиын және таңсық жерде тасаланып, шағын топтармен алмаса, бүркемелене отырып, барланған мәліметтерді онлайн режімде басқару пункттеріне жіберіп отырды. Іздестіру нәтижелері бойынша авиация мен артиллерияның атысын қолдану туралы шешім қабылданды. Мұның барлығы қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, барынша шынайы түрде жүргізілді.
«Батыс-2018» оқу-жаттығуы шеңберінде тылдық және техникалық қамтамасыз етудің күштері мен құралдарының ірі топтамасы қолданылды. Оқу-жаттығудың барлық кезеңі материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Коменданттық қызметті әскери полиция ұйымдастырып, ал өңірдегі аса маңызды нысандарды Маңғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасы күзетті. Жаттығудың шешуші кезеңінде бригадалық-тактикалық топ қорғаныс позицияларына орнығып, ел шетіне заңсыз енген қарулы құрылымдарды қоршауға алып, содан соң әуе, артиллерия және жалпыәскери бөлімшелер атыс пен шабуылға көше отырып, шартты қарсыластың көзін жойып жіберді.
Осылайша, «Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Арнайы операциялар күштері, арнайы әскерлер және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелерінің штаттық қару-жарағы және әскери техникамен 5000-нан аса әскери қызметші жұмылдырылды. Ал оқу-жаттығудың арнайы тапсырмаларын Ұлттық ұлан мен Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелері орындады.
Қорғаныс министрлігі басшыларының баға беруі бойынша оқу-жаттығу сәтті өткізілді. Әскерлер шөл дала жағдайында батыс өңірінде жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу тәжірибесін жинақтап, далалық дағдыға жоғары дәрежеде машықтанып, қойылған міндетті абыроймен атқарып шықты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»