Қысқа әзірлік жұмыстарын ұйымдастыру аясында әскери және арнайы техникаға сапалы қызмет көрсетіп, қару-жарақтың жай-күйін тексертіп, анықталған ақаулықтарды жоюға тура келеді. Құрамалар мен бөлімдерде барлық санаттағы әскери қызметшілермен жауынгерлік машиналар парктерінде маусымдық жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ техникада жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде көрсетілімді сабақтар өткізілді.
Барлық әскери бөлімдері мен бөлімшелері алдын ала қажетті қосалқы бөлшектермен, аспаппен және жанар-жағармайдың барлық түрлерімен қамтамасыз етілді. Енді арнайы белгіленген уақытта әскери қызметшілерге төмен салқындатқыш сұйықтықтарды, сүзгілеу элементтері мен тозығы жеткен резеңке техникалық бұйымдарды, май мен майлағыштарды ауыстыру, тораптар мен механизмдерді ретке келтіріп, жөндеу қажет. Әрбір жауынгерлік машиналар паркінің аумағын тиісті жөнге келтіріп, сақтау орындарының, парктік үй-жайлардың ағымдағы жөндеуін жүргізу, өндірістік жабдыққа қызмет көрсету де маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Сол себепті маусымдық жұмыстарды жүргізу кезінде жауынгерлік және арнайы техниканың, сондай-ақ жеке құрам мен қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған автомобильдердің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылатын болады.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев бастаған комиссия Алматы, Қапшағай және Гвардейск гарнизондары әскери бөлімдері мен құрамалары нысандарының қысқы кезеңге әзірлігін тексерді.
Жұмыс сапары барысында комиссия әскери бөлімдер мен құрамалардың оқу-материалдық базасының жай-күйін, қару-жарақ пен әскери техниканың қысқы пайдалану режіміне көшірілу сапасын, қару-жарақ пен әскери техниканың, байланыс құралдарының сақталу шарттарын және өртке қарсы қауіпсіздікті тексерді. Сондай-ақ аталған гарнизондардың әскери бөлімдері мен құрамалары бөлімшелерінің қорытынды тексерісті тапсыруының бақылануы жүзеге асырылды және бітімгершілік ротасының дайындығы тексерілді. Сапар қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы әскери бөлімдер мен құрамалардың қолбасшылығына әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру мәселелері бойынша нақты бағыттарды айқындап берді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»