Атлеттер 5 күн бойы бақ сынасты. Сайыс спорттың 7 түрін қамтыды. Атап айтсақ, оқ ату, жүзу (50 м), қашықтыққа граната лақтыру, күштік гимнастика, ұзындыққа секіру, спринт (100 м), төзімділікке жүгіру (1000 м).
Жарыс қорытындысы бойынша армиялық спортшы Әнуар Қозыбаев абсолютті чемпион атанды. Оның қоржынында 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. 2 алтын және 1 күміс медальді еншілеген қатардағы жауынгер Ағыбай Нығметов чемпионатта екінші орынды иеленді.
Ал осы кезде бұқаралық спорттық жұмысты ұйымдастыру және гарнизондарда спорт секцияларын дамыту бағдарламасы аясында Сарыөзек гарнизоны спорт кешенінің базасында әскерилердің балалары арасында қазақ күресінен өткен турнир қорытындыланды.
Жалпы алғанда, сайысқа 80-нен аса жас балуан қатысты. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталды.
– Мұндай жарыстардың өткізілуі өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жақсы үлгі. Өйткені гарнизондарда балалар секциясын құрудың басты мақсаты – балаларды іріктеп, АОСК резервін қалыптастыру. Дәл осы балалар болашақта Қарулы Күштер қатарын толықтырып, армиялық клубтың намысын үлкен додаларда қорғайтын болады, – дейді АОСК Спорт комитетінің төрағасы полковник Расул Мейірманов.
«Егемен-ақпарат»