Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Туған жер жақсы ұлын ұмытпайды

509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Пар­ла­мент Мәжілісінің төраға­сы болған Орал Мұхамед­жановтың өмірден озғанына биыл 5 жыл болды. 

Туған жер жақсы ұлын ұмытпайды

Жерлестері ұйымдастырған еске алу шаралары аясында Рудный қаласындағы ол оқыған бұрынғы мектеп, қазіргі музыка колледжі ғимаратының қабыр­ғасына ескерткіш тақта ілінді. Оның ашылуына облыс және Рудный қаласы басшылығы­ның өкілдері, замандас достары қатысты. 

– Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарып, Парламент Мәжілісіне депутат, екі мәрте төраға болып сайлануы Орекеңе артылған зор сенім мен жауапкершіліктің жеңіл болмағанын аңғарта­ды. Көзі тірі болса ол бүгін 70 жас­қа толар еді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өл­мейді» дегендей, Рудный қала­сында ілінген ескерткіш тақта Орал Байғонысұлының елі үшін жасаған еңбегін ұмыт­тырмайды, – деді Қостанай об­лыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов.

Орал Мұхамеджанов жас тәуелсіз елдің заңнамалық базасын нығайтуға еңбек сіңірді. Елбасының сенімді серіктерінің бірі болды. Өзінің білімі мен қажыр-қайратын Қазақстанның гүлденуіне жұмсады. Ол депутат ретінде Қостанайға келген сапары сайын туған жердегі білім ордаларына барып, студент жастармен кездесуге, оларды болашақ білікті маман болуы үшін бағыттауға, пікірлесуге уақыт таба білетін. 

Әдетте, О.Мұхамеджановты еске алғанда текті әулеттің тұяғы екені туралы әңгіме қозғалады. Бұл шарада да жерлестері оның бойындағы өнерге жақындық аталарынан келген дарын екенін айтты. 

– Орал ағаның атасы Мұ­ха­мед­­жан Өтелбайұлы Арқа­дағы әншілік мектебінің ірі өкілі болған. Жасында Троицк, Боқы­рау, Қараөткел, Атбасар жәр­меңкелерінде ән салып, өнер жарыстырған. Оның өзі шы­ғар­ған сегіз әні Талиға Бекхо­жи­на­ның «Қазақтың 200 әні» жинағында жарық көрген. Ал әкесі Байғоныс атамыз Қостанай-Торғай өңіріне танымал әнші еді. Орал аға Новосібірде оқып жүр­генде классикалық әндер мен опералық арияларды орындап, ән­шілігімен танылған, – деді музыка зерттеушісі Гүлнәр Әлпейісова.

– Тәуелсіз Қазақстанның құ­қық­тық-заңнамалық іргетасы­ның нығаюына айтарлықтай үлес қосқан Орал Мұхамеджанов­тың өмірі мен қызметі жастарға үлгі. Жас ұрпақ туған елдің жақ­сыларын ұмытпауы керек, сон­дық­тан бүгінгі ескерткіш тақ­та­ның ашылуы осы ғимаратта білім алып жатқан жастар және қалалықтар үшін маңызды оқ­иға саналады, – деді Рудный қала­сы әкімінің орынбасары Елена Ска­редина. Еңбек ардагері Жұмағали Қасымов Орал Байғонысұлының достыққа адал, адамгершілігі туралы әңгімеледі. 

Орал Байғонысұлының жары Шолпан мен қызы Зух­ра ес­керт­кіш тақтаның ашылуына қатысып, отбасы атынан жер­лестеріне ризалығын білдірді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, Рудный қаласы