«Болашақ» қауымдастығының өңірлік филиалы ұйымдастырған шарада туған жеріне қол созған меценаттардың үлгілі ісі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Жыл басынан бері тоғыз ай ішінде Ақ Жайық өңірінде меценаттардың күшімен 166 жоба жүзеге асқан екен. Оның 138-і ауыл округтерінде, 20-сы – аудан, 8-і – Орал қаласында атқарылған. Осыдан-ақ жомарт жүрек жандардың жылуын ең алдымен алыс ауыл, шағын елдімекендер көріп жатқандығы көрініп тұр.
Шарада 11 аталым бойынша меценаттар марапатталды. «Жүректен жүрекке» сыйлығына 2014 жылы Болат Өтемұратов құрған «Асыл мирас» қоры ие болды. Биыл Орал қаласында осы қордың араласуымен аутизм дертіне шалдыққан балаларды емдеу, әлеуметтік тұрмысқа бейімдеу үшін барлық заманауи жабдықтармен қамтылған орталық ашылған еді.
- Өңір тұрғындары атынан қайырымдылық пен әлеуметтік маңызы бар шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып, азаматтық белсенді ұстаным арқылы қазақстандықтардың бойында шынайы патриоттық сезім қалыптастыруда бұл қордың еңбегі өте зор. Болат Өтемұратов атындағы қайырымдылық қор елімізде бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде аутизм дертіне шалдыққан балаларға психологиялық және медициналық жәрдем көрсетіп жүр, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов. Қор директоры Марат Аймағамбетовке арнайы сыйлықты ақын Ақұштап Бақтыгереева табыс етті.
Форумға қатысушылар туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында меценаттардың күшімен 60 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген екен. Әсіресе спорт, денсаулық, білім салаларына көңіл бөлініп, елдімекендерде спорт кешені, балалардың ойын алаңдары ашылып, мектептерде арнайы кабинеттер мен материалдық-техникалық базалары жаңартылды.
Форумда өңірдің, ауыл аймақтың дамуына зор үлес қосып жүрген меценанттарға «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғыс хаттары табыс етілді. Марапатталғандардың қатарында батысқазақстандық белгілі кәсіпкерлер Роберт Ирменов, Валентина Михно, Серік Мерғалиев, Валерий Жүнісов, Валерий Голоухов, Жаслан Жақыпов, ағайынды Сералиевтер секілді жомарт жүрек жандар бар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан