Батыр бабаға арналған мемориал биыл дәстүрлі әрі үзіліссіз 19 мәрте ұйымдастырылып отыр. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 13 облыстан жиылған 272 балуан 9 салмақ дәрежесінде кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. 272 балуанның 70-ке жуығы нәзік жандылар екенін де айта кеткен жөн. Жарыстың салтанатты ашылуы да ел күткендей жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар, есімдері елге таныс спорт ардагерлері Семей спорт академиясына жиналды. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, бұл жарыс та бұрынғы жарыстан өзгерек болғанын байқадық. Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова құттықтау сөз сөйледі. Семейдегі самбо күресін өрге сүйреп, төрге шығарып, шәкірт баптаған, бұл жарыстың өтуіне үлкен күш салған жандардың да еңбегі елеусіз қалмады. «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Рәпіл Жошыбаевтың Алғыс хаты Мерейғалы Көшкінов, Қайрат Күнсафин, Зекен Шаймарданов, Қайрат Чармұхаметов, Мейрамбек Чакенов, Раушан Алпысбаеваларға табысталса, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Құрмет грамотасымен Серік Тоқтарғазин, Пәрман Имаханов және Шалқар Жоламанов марапатталды.
Қарулы Күштердің 25 жылдық мерекелік медалін самбо күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Біржан Имаханов өңіріне тақты. Айтпақшы, бұл жарыстың үздіксіз өтіп келе жатқанына Семейдегі Атымтай жомарт азаматтардың да қосып отырған үлесі қомақты. Облыстық «Спорттық және жауынгерлік самбо» федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Қайрат Күнсафин Марат Құрманбай, Борис Адианов, Айдос Серікқалиұлы, Павел Паязитов бастаған өңірдің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтарға алғыс айтты.
Енді балуандардың бабы жайында сөз қозғасақ. Жарыстың бас төрешісі Болат Қожахметовтің айтуынша, биыл бозкілем шеберлері тыңғылықты дайындықпен келіпті. «Мұнда жастардың ұлттық құрамасында жүрген балуандар күресуде. Ерлер арасында Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының балуандары жақсы өнер көрсетті. Ал әйелдер арасында Түркістан облысының шоқтығы биік. «Қабанбай батыр мемориалын» ұтқан балуандарды келесі жылдан бастап Әлем Кубогына апару жағы федерацияда қаралып жатыр. Ол алдағы күннің еншісінде. Шығыс Қазақстан облыстық «Спорттық және жауынгерлік самбо» федерациясы» қоғамдық бірлестігі бұл жарысты ұтымды ұйымдастыра білді», - дейді жарыстың бас төрешісі Болат Қожахметов.
Балуандар боз кілемде жан алысып, жан берісіп жатқанда «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Қаймен Есендияровпен пікірлесудің сәті түсті. Самбо күресінің бүгіні жайында аз-кем сұхбат барысында Қаймен Есенаманұлы федерация тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар турасында сөз қозғады. «Самбоның 80 жылдық тарихы бар, 100-ден астам елде федерациясы бар халықаралық күрес түрі. Спорттың бұл түрі елімізде ашылғалы қарқынды дамып, Әлем, Азия чемпиондары шықты. Тіпті, Еуропаны бағындырған жерлестеріміз де бар.
Федерацияға Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаев президент болып сайланғалы елімізде самбо күресін дамыту бағытында бірқатар ауқымды істер бастау алды. Индонезияның астанасы Джакарта қаласында самбо күресі тұңғыш рет Азия ойындарына кірді. Бұл самбоның салмағының артып келе жатқанын көрсетеді. Ал «Қабанбай батыр мемориалын» ұйымдастыру комитеті жинақы жұмыс жасады. Ең бірінші кезекте Семей спорт академиясының директоры Мерейғалы Көшкіновке алғысымыз шексіз. ШҚО «Спорттық және жауынгерлік самбо» федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып Қайрат Күнсафин сайланғалы жүйелі жұмыстардың жүріп жатқанын айтуға болады. Бұл жарыс арқылы самбо күресінің басы-қасында жүрген семейлік азаматтардың ауызбіршілігін көрдім», - дейді Қаймен Есенаманұлы.
Сонымен, екі күн бойы жанкүйер қиқуына ұласқан жарыста «кім мықтылар» анықталды. Командалық жарыста ерлер арасында 1 орынды Шығыс Қазақстан облысының құрамасы еншілесе, 2 орынды Алматы облысы, 3 орынды Алматы қаласы өзара бөлісті. Ал әйелдер арасында 1 орынды Түркістан облысы, 2 орынды Шығыс Қазақстан облысы, 3 орынды Қызылорда облысы еншіледі. Жекелей салмақтарда қыздар арасында Бибіхан Набиева, Азиза Ошанова, Маржан Бизақ, Әйгерім Әлмұқашева, Фариза Құлынтай, Нилюфар Әбілова, Айзада Набиулла, Жанна Картова, Ақерке Әбдікәрімова топ жарды. Ерлер арасында Ақжол Балтабеков, Ербол Алдухан, Маратбек Рахметоллин, Ұлан Адамбаев, Шалқыбек Рахметоллаев, Азат Қуанов, Бауыржан Байдильдин, Мұхит Қойшыман, Ерахмет Хасенов қарсылас шақ келтірмеді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ