Дэвис кубогы жолындағы жарыста Португалия құрамасының жарытып өнер көрсеткені есімізде жоқ. Қазіргі кезде де олардың қарқыны күшті деп айта алмаймыз. Айтулы мемлекет өкілдері арасында ең үздік ойыншысы Жоао Соуса әлемдік рейтингте 48 орынды иеленуде. Биыл ол АҚШ-тың ашық біріншілігінде төртінші кезеңге шықты. Әзірге 29 жастағы теннисшінің ең тәуір нәтижесі осы. Пиреней түбегінің одан кейінгі үздігі 30 жастағы Педро Соуса. АТР тізімінде ол 124 сатыға жайғасты. Қалғандары «ТОП-200» ойыншының қатарына да енбеген.
Португалияға қарағанда Қазақстан құрамасының қарқыны әлдеқайда ширақ. Біздің жігіттер 2011-2018 жылдар аралығында айтулы жарыста бес рет ширек финалға шықты. Еліміздің бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин әлемдік рейтингте 54 орында тұр. Александр Недовесов (№241), Александр Бублик (№248) және Денис Евсеев (№297) сынды ойыншылар қалың топтың арасында жүргенімен, олар командалық сайыста өте шебер ойнайды. Олар болса, келесі жылдың 1-2 ақпан күндері Астанада өтетін бәсекеде жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуантуға тиіс.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»