Жиын-терін маусымы басталғалы бері Жансүгіров кентінде орналасқан қант зауыты 80 000 тонна қызылша қабылдап үлгерген екен. Зауытқа негізінен Ақсу ауданының шаруалары өнімдерін өткізуде, олардан қазірге дейін қабылданған тәтті түбір мөлшері 45 000 тоннаға жеткен. Мұнан бөлек көршілес Сарқан, Алакөл аудандарының алқабында өскен қант қызылшасы да осында тасымалданып жатыр.
Негізі Ақсу қант зауыты былтырдан бастап өнім шығара бастады. Құрылтайшылар облыс әкімдігінің көмегімен қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі аяқтала бере, жергілікті шаруалар өсірген қызылшаны сатып алып, ұзақ жыл бойына жұмысы істемей тұрған өндірісті іске қосқан. Өндіріс барысындағы кемшіліктер анықталып, жөндеу жұмыстары қайта жалғасқан. Биыл жаңғыртудың екінші кезеңі толықтай аяқталып, зауыт өз қуатында шикізат қабылдап қана қоймай, таза өнім шығаруға кірісті. Өнімділік 30 процентке артады деген болжам бар.
- Ақсу қант зауытының іске қосылуы біз үшін үлкен қуаныш болып отыр. Қант қызылшасы өңіріміздің негізгі дақылы. Бұған дейін жиналған өнімді Көксуға таситынбыз. Бұл қосымша шығын еді. Енді өз ауданымыздағы өндіріске тасымалдаймыз, - дейді «Квитко» шаруа қожалығының басшысы Александр Квитко.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы