Аймақтар • 03 Қараша, 2018

Қостанайда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жылды қорытындылады

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл диқандар 5 миллион 200 мың тонна астық жинады. Сонымен қатар 258 мың тонна сүт, 74 мың тонна ет, 492 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Көкөніс пен картоп та сұранысқа жетерлік жинап алынды. Бұл үлкен еңбектің, жақсы дайындықтың, озық технологиялардың қайтарымы болатын.

Қостанайда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жылды қорытындылады

«Болашақ өнімнің негізі дұрыс қаланғанда табысқа жетеміз. Тұқым толық көлемде себілді. Пар алқаптары төрт рет өңделді, 2 миллион гектардан аса сүдігер жыртылды. Қолға қарайтын малдың бір жарым жылдық жем-азығы, сүрлем, пішен жеткілікті дайындалды. Өткен жылдармен салыстырғанда тамақ және өңдеу кәсіпорындары 1,5 миллиард теңгеге артық өнім өндірді», деді жылға шолу жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.

Соңғы жылдары мал шаруашылығындағы оң өзгерістер айқын білінеді. Барлық түліктің саны артты, мал шаруашылығымен айналысатын агрофирмалардың қарасы көбейіп, олардың саны 1294-ке жетті. Ауыл шаруашылығының инвесторларға тартымдылығы артты. Соңғы жылдары облыс агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция 16 процентке артып, 32 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау қарқыны да жақсарды.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыру ісі жылдан жылға жылдамдата жүргізіліп келеді. Қазір бидайдың көлемі қысқарып, ол барлық алқаптың 62 проценті болып отыр. Соның арқасында бұршақ тұқымдастар 37, жем-азық шөбі 18, майлы дақылдар 85 процентке ұлғайды. Ғауез Торсанұлы ауыл шаруашылығын дамытуда цифрландыру бағдарламасының әсері мол болғанын айтып өтті. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында қатар жүргізілген жұмыстар бүгінде оң нәтижесін көрсете бастады.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында осындай жетістіктер айтылып, ардагерлер мен озаттар «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылық саласының үздігі», «Құрмет ардагері» төсбелгілерімен және Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері облыс көркемөнерпаздары мен облыстық филармониясы өнер шеберлерінің концертін тамашалады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай