Ауыр атлетика • 05 Қараша, 2018

Ауыр атлет Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальді иеленді

584 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрікменстанның астанасы – Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальді иеленді.

Ауыр атлет Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальді иеленді

73 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен даңқты жерлесімізден біз бұдан да зор нәтиже күткен едік. Алайда Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында топ жарған даңқы жерлесіміз серпе көтеруде үшінші сатыға табан тірегенімен, қоссайыстың қорытындысы бойынша сегізінші орында қалып қойды. Нижаттың нәтижесі – 337 (147+190) кило. Бұл салмақта Ши Джиюн шашасына шаң жұқтырмады. Қытайдың әйгілі зілтеміршісі 360 (164+196) килолық көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарға кореялық Жеангсик Вон мен беларуссиялық Вадим Лихорад жайғасты. «В» тобында күш сынасқан Азияның өкілі басты қарсыласынан 18 кило кем көтерсе, қарт құрлықтың өрені жарыс жеңімпазынан бақандай 23 кило қалып қойды.

Әйелдер арасында 59 кило салмақта бақ сынаған Сәуле Сәдуақасова 11 орынды қанағат тұтты. Бұл тартыста Тайпей спортшысы озды. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Го Синчжун ешкімге дес берген жоқ. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»