Қазақстан • 05 Қараша, 2018

Т.Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай Халықаралық конференция өтті

1589 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнердің нағыз жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Т.Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай Халықаралық конференция өтті

Жиын «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту» атты тақырыпта ұйымдастырылды. Ұлт қайраткері Темірбек Жүргенов қазақ өнері мен білімін дамытуға үлкен үлес қосқан біртуар азаматтардың бірі. Шараның  мақсаты – Жүргеновтің тағылымы мол өнегелі ғұмырын кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.

Халықтың ардақты ұлы, мемлекет қайраткерінің 120 жылдық мерейтойы аясындағы салтанатты жиынды Академия ректоры міндетін атқарушы, профессор Ш.Әмірбеков кіріспе сөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Аталған конференцияға  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, профессор С.Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры З.Ишанходжаева, Ресей-Тәжік Славян университетінің кафедра меңгерушісі, доцент А.Артықов, қоғамдық қор, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, докторанттары, Темірбек Қараұлының туысқандары қатысты.

Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді. Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында жан-жақты сөз болды. Жүргеновтанушы-ғалым Б.Иманғалиев «Нарком Жүргенов» туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімелеп, тың ұсыныстарын ортаға салды.

Т.Жүргенов атындағы Қоғамдық қордың төрағасы Сәби Ансат: «Дара тұлғаның қайраткерлігін бағалауда үш өлшем бар:  биіктік, тереңдік, кеңдік. Табиғи таланттарды тануда, іздеп табуда, оларға жағдай жасап, өнер көгінде жарқырай көрінуіне, аштықтан тұралаған мемлекеттің рухын оятуда Т.Жүргеновтің еңбегі зор. 1936 жылы Мәскеуде өткен мәдениет декадасында қазақ ұлтының рухы биік, өнері мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін дәлелдей білуі Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, айырықша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек. Ол Мәскеуде оқыған қазақ азаматтарына қаржылай қолдау көрсетіп тұрды және қазақ, өзбек, тәжік азаматтарының білімін көтеру үшін оларды Ресейдің орталық қалаларына жүйелі түрде жіберіп отырған, ал олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімімен өз елінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтеруге атсалысқан. Бұл – Темірбек Жүргеновтің көрегендігінің және кеңдігінің дәлелі»,  деді ол баяндамасында.

Айта кету керек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Бауыржан Иманғалиев бірқатар жоғары оқу орындарының студенттері үшін Темірбек Жүргенов атындағы стипендия тағайындау, орта мектеп оқулықтарына «тұлғатану» бағдарламасы бойынша қайраткерлігі жайлы мәлімет енгізу мәселелерін ұсынды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ