Күні кеше үшінші мыңжылдықтағы жаңа шежіресінің мерейлі жиырма жылдығын атап өткен бас қаламыздың ғұмырнамасы сонау бір Дешті-Қыпшақ заманында дәуірлеген Бозоқ қаласынан бастау алады. Бұл туралы Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға алғаш бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы, ал оның соңғы тікелей мұрагері қазіргі Қазақстанның елордасы – Астана қаласы деп есептеуге болады», деп атап көрсетті.
Нұра мен Есіл өзендерінің сағасындағы ортағасырлық қалалар туралы алғашқы деректер Ресей империясы Бас штабының тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра аумағын зерттеген кен инженері Иван Шангиннің күнделігінде келтірілген. Оның бұл күнделіктері 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған. Осы ерте ортағасырлық қалалардың жұрнағын табу жұмысымен өткен ғасырдың 50-70-жылдарында халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Әлкей Марғұлан да айналысқан. Алайда Астана қаласы төңірегінде орын тепкен Бытығай және Бозоқ қалаларының орны тек еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген кезеңде анықталды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Бозоқ қаласының орнын 1997 жылы тауып, 1998 жылы алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген академик, Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалаушы және жетекшісі, марқұм Кемел Ақышев болатын.
Бозоқ қаласы Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бұзықты көлінің шығыс жағында, Есіл өзенінен өтетін дәстүрлі өткел – Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі кезде бұл археологиялық нысанның аумағы Астана қаласының шеңберінде қалған. Бұл археологиялық ескерткіш үш бөліктен – орталық және шет жағындағы екі бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалған. Осы орталықтан 70 метр солтүстікке қарай жер үй кейпіндегі тұрақтар, құдықтар және өзеннен тартылған егін суаратын арықтар орналасқан. Орталықтан 40 метр оңтүстікке қарай қыш кірпіштен құйылған мазарлар мен кесенелердің қалдықтары сақталған. Археологиялық ескерткіштің төртінші құрылымы қаланы шығыстан солтүстікке қарай қоршаған қорғандар мен орлардан тұрады.
Осыдан біршама уақыт бұрын біз кезінде өсіп-өркендеген ортағасырлық қаланың археологиялық деректерін білу мақсатымен Бозоқ қаласын алғаш ашқан, 1998 жылы осы өңірде тұңғыш қазба жұмыстарын жүргізген Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалаған академик Кемел Ақышевтың ізін жалғастырушы, К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, ЕҰУ профессоры Марал Хабдулинамен әңгімелескен болатынбыз. Сонда Марал Қалымжанқызы бүгінгі елордамыздың түпкі атасы саналатын ортағасырлық қала туралы ғылыми-зерттеу деректерін жан-жақты тілге тиек еткен еді.
«Қазба жұмыстарының барысында біз бұл археологиялық ескерткіштің ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастырдық, − деп бастаған еді әңгімесін Марал Хабдулина. − Бірінші кезең көне түркі дәуірінен бастау алады. Яғни, Бозоқ қаласының орнынан табылған үш төртбұрыш формасындағы алаңдардағы жәдігерлер VIII-IХ ғасырларға жатқызылды. Бұл жәдігерлер аумағы 12 636 шаршы метрді алып жатыр. Сондықтан Бозоқ қаласы көне түркілердің әскери ордасы – резиденциясы болған. Екінші кезең Қазақстанның Ұлы Даласында Қыпшақ хандығы дәуірлеген Х-ХІІ ғасырларға жатады. Бұл кезеңде Қыпшақ тайпалары көне Бозоқ қаласының айналасын қоршаған орларды қайта тазалап, ішкі алаңдарды саз балшықпен әрлеген екен. Орталықтағы үш квартал аумағына қайтадан жер үйлер тұрғызған. Бұл көне тұрақтардың маңайына бақша салып, егін еккен. Суармалы егістік дамыған. Оған арық, канал жүйелері түріндегі суармалы егіншілік мәдениетіне тән жәдігерлер дәлел. Көне Бозоқ қаласының үшінші кезеңі – көне қала қоныс тепкен орынның бергі уақытта мұсылмандықтың діни орталығы болғандығын көрсетеді. Бозоқ шежіресінің үшінші кезеңі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтынордалық дәуірден біздің заманымызға дейін жалғасқан. Бұл кезеңде көне Бозоқ қаласының орны Нұра-Есіл төңірегіндегі халықтың атақты тұлғаларын жерлейтін қасиетті мекен болып саналған. Түркі текті көшпенділер Еуразия кеңістігін алғаш қоныстанған кезде өздерінің елді мекендері мен тұрақтары үшін табиғи қорғаныс ерекшеліктері бар сулы-батпақты өңірлерді таңдаған. Бұл жаугершілік заманда шапқыншылардың батпақты өңірлерде кең соғыс қимылдарын жүргізе алмайтындығына байланысты болған. Мұндай «батпақты аймақтағы қалалар» мысалына Арал өңіріндегі оғұздар, Дағыстандағы Терек өзенінің жағасындағы батпақты өңірлердегі хазарлар тұрғызған қалаларды келтіруге болады. Бозоқ қаласы да осындай топографиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол Есіл өзенінің сағасындағы батпақты өңірге қоныс тепкен. Осы арқылы екі тиімділікке қол жеткізілген. Біріншіден, бұл − қорғаныс үшін қолайлы болса, екіншіден, егіншілікпен айналысуға таптырмайтын кеңістік. Бозоқ қаласының батыс жағы Бұзықты көлімен қорғалса, шығыс жағы батпақты болып келеді. Ал қаланың оңтүстік аймағы қолдан жасалған орлармен қоршалған».
Қазақ археологиялық ғылымына өшпес қолтаңбасын қалдырған дарынды ғалым, академик Кемел Ақышевтың игі істерін жалғастырушы, атақты ғалым негізін қалаған Есіл археологиялық экспедициясының бүгінгі жетекшісі, профессор Марал Қалымжанқызы ортағасырлық дәуірге жататын қаланың неге «Бозоқ» деп алынғаны туралы да бұлтартпас ғылыми негіздерге сүйенген тұжырымдарды алға тартқан еді.
«Түркі тілдес және моңғол тайпаларының арасында үшке бөлінген әскери лагерьлерді − ордатұрақтарды ұйымдастыру ежелгі дәстүр болып табылады. Ортағасырлық мемлекеттердің үшке бөлінген әкімшілік құрылымы жазба деректерде де қолданылған. Орду – орталық, бузук – шығыс қанаты, учук – батыс қанаты. «Бузук» термині бүгінгі күнге дейін келген Бұзықты көлінің атауында сақталған. Бозоқ қаласы осы Бұзықты көлінің жағасында орналасқан. Сондықтан біз бұл археологиялық ескерткішті Бозоқ қалашығы деп атадық. Тағы бір айта кететін мәселе, «бозоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни, көне түркі мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түркі-оғыздың бузук (боз оқ) термині – тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек», − деп түйіндеді әңгімесін К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры.
Елорданың төл құрдасы Есіл археологиялық экспедициясы соңғы кезеңде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала маңындағы Күйгенжар елді мекенінің жанында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция жетекшісі Марал Хабдулинаның айтуынша, сақ дәуірінің жәдігерлері табылған «Күйгенжар-1» және «Күйгенжар-2» қорғандарының қойнауына бүккен тылсым сыры терең. Алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстарының барысында бас қаламыздың шежіресін құнды тарихи жаңалықтармен байытатын жаңа деректер ашылмақ.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін болсақ, Сарыарқаның төсімен жарыса ағатын қос өзен – Нұра мен Есіл жағалауы ежелден-ақ далалықтардың құтты қонысы, қасиетті мекені болған. Бозоқ қаласы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен сабақтасатындығын айғақтайды. Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»