Аймақтар • 06 Қараша, 2018

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»

617 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында «Алматы – Қордай – Благовещенка – Меркі – Ташкент–Термез» тас жолының учаскесі пайдалануға берілді. «Қордай асуын айналып өту» II кезегінің құрылысы» жобасын BI Group холдингінің жол дивизионы – «Казахдорстрой» сәтті аяқтады. 

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»

Жолдың ашылу салтанатына жақын маңдағы ауыл тұрғындары, жергілік­ті және аймақтық әкімдік өкілдері, сон­дай-ақ алғашқы символикалық автоколоннаны қарсы алған «Қазавтожол» оператор-компаниясы қатысты. Жаһан­дық ауқымдағы бұл жобаның екінші лотын тапсыру елдің аса маңызды эконо­микалық маңызы бар «Батыс Еуропа ‒ Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің тағы бір дайын учаскесін алғанын білдіреді.
«Асумен келе жатқан ескі жол екін­­­­ші категорияға жатады, дейді «Казахдорстрой» дивизионының директоры Зағапар Дощанов. – Бұл асуда ол көліктің өсіп келе жатқан ағыны үшін қауіпсіз емес, сонымен қатар әсіресе қысқы уақытта бұл жерде үнемі кептелек орын алады».

I Б санаттағы жаңа жол енді асуларды айналып өтіп, көлік жүргізушілерге уақытты үнемдеп қана қоймай, өздерін қауіпсіз және жайлы сезінуге мүмкіндік береді. Оның басым бөлігі бетонды, бірақ тік беткейлері мен бұрылыстары ас­фальт­талған. Бұл, әсіресе қысқы уа­қыт­та көлік дөңгелегінің жолмен бір­кел­кі жанаса қозғалуына мүкіндік береді. 

Ұзындығы 40 шақырымдық екі жолақ­­ты жолдың аяқталған учаскесі то­лық жиынтықта тапсырылды: бөлу жола­ғы, автокөлік тұрағына арналған алаңдар, электр беру желілері, автобус аял­дамасы, жолайрықтар, жол-патруль­дік бекеті бар. Жолдың ені – 7,5 метр. Қозғалыс­тың есептік жылдамдығы – 100-120 км/сағ. 

Климаттың қатты ыстық әрі үздіксіз жел соғып тұратыны ескерілгендіктен, жұмыстар өткен жылдан бастап жүр­гізілді. Табиғат бірнеше рет жұмыс­қа кедер­гі келтіргенімен, ізденгіш құры­лыс­­шылар тығырықтан шығар жол тауып, объек­тіні уақытында пайдалануға берді.
«Бетонның өзіне тән ерекшеліктері бар, ‒ деп атап өтті жоба жетекшісі Шатбек Байсынов, ‒ егер оны +25 градустан жоғары температурада төсесе, ол тым тез кебеді және біркелкі болмайды. Желдің де жұмысқа кедергі келтіретінін жоғарыда айттым, сондықтан ол секундына 7-10 м жылдамдықпен соққан кезде біз жұмысты тоқтатып отырдық».

Алайда тәжірибелі командаға таби­ғат қиыншылықтары еш тосқауыл бола алмады. Оңтүстіктің жылы климатын пайдалана отырып, мұнда жұмыстар екі ауысымда жүргізілді, бұл қажетті қар­қын мен нәтижені қамтамасыз етті.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Казахдорстрой» дивизионы осы трас­саның 40 шақырымдық бірінші лотын пайдалануға берген болатын.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы