– Тілектес Исабайұлы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру керек» деп атап көрсеткен. Осыған байланысты, бүгінде АӨК-тің әлеуеті қалай пайдаланылуда, жалпы, осы саланың дамуын қазіргі таңда қандай мәселелер тежеуде?
– Қазақстан орасан ұлттық байлыққа ие, оның 85%-ы табиғи-ресурстық әлеуетке тиесілі. Еліміздегі ауылшаруашылық жерлердің көлемі – 215 млн га, бұл әлемдік ресурстардың 4%-тен астамын құрайды. Бүгінде АӨК жалпы өнімі 11,0 млрд АҚШ доллар немесе елдің ІЖӨ-дегі үлесі – 7,8%-ын құрайды, яғни соңғы 10 жылда ауылшаруашылығындағы өндіріс көлемі шамамен 4 есеге өсті.
АӨК елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндетті шешеді. Сондықтан саланы сауықтыруға байланысты түрлі шаралар қолға алынуда. Мәселен, ауылшаруашылығындағы әртараптандыру бағдарламасы аясында соңғы жылдары астық дақылдарының егістік алқаптары қысқарып, майлы және мал азықтық дақылдардың, көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артуда. Атап айтқанда, егістік алқаптары: майлы дақылдар – 3,0 млн, мал-азықтық дақылдар – 4,5 млн, қант қызылшасы – 11 есеге (1,1 мың га-дан 12,6 мың га-ға), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 462 мың, жеміс-жидектің алқаптары 100 мың га өседі. Соңғы 5 жылда мал азықтық дақылдардың егістік көлемінің өсуі ет өндірісін 13,7%, сүт өндірісін 10,0% арттыруға мүмкіндік берді. Ал суармалы алқаптардың аумағы 1,5 есеге, ал 1 га-дан түсетін табыс 2,7 есеге өседі. Сонымен қатар АӨК-тің зор мүмкіндігіне қарамастан, жоғары технологиялық өндірістер бойынша импорт сақталуда. Өнім импортында ең жоғары үлес салмақ ірімшіктер мен сүзбеге (51%), сарымайға (36,4%), шұжық өнімдеріне (46%), ет және етті-өсімдік консервілеріне (40%) тиесілі. Ішкі тұтынуда құрақ қантының импорты – 55,0%, ал дайын қанттың үлесі – 42%. Қолданыстағы қант зауыттарының өндірістік қуаттары 37,0% жүктелген. Сонымен қатар республикада жеміс-көкөніс консервілері де импортталады. Ішкі тұтынудағы оның үлесі – 84,0%, ал жеміс-көкөністерді өңдейтін зауыттар тек 27,0% жүктелген. Елбасының кейінгі Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы 3 жылда мемлекеттік бюджеттен қосымша 500 млрд теңге бөлінетін болады. Саланы тікелей мемлекеттік қолдау (сары себет) деңгейі де төмен, бұл жалпы өнімнің құнына шаққанда Беларусь елінде 10,9%, Ресейде 4,7% болса, Қазақстанда 4,4% құрайды. Ал ДСҰ келісімі бойынша мемлекеттік қолдаудың шекті деңгейі 8,5% болуы тиіс, яғни АӨК әлеуетін тиімді және толық пайдалану үшін осы мәселелерді кең ауқымда қарастырып, шешу керек. Қазақстандық ғалымдардың есептеуінше, жақын жылдарда ауылшаруашылығының материалды-техникалық базасын нығайту, малшаруашылық фермаларды, қайта өңдеуші және ауылшаруашылық өнімді сақтайтын кәсіпорындарды салу және т.б. инфрақұрылымды құру үшін 13 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет болады. Бұл сома қомақты болғандықтан, Үкімет тек бюджет құралдарын емес, жеке инвесторларды да тартуы қажет.
– 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының өзектілігі технологиялық қайта жарақтандыруды талап етеді. Ал оны ғылым мен білімсіз іске асыру мүмкін емес. Аталған бағдарлама аясында отандық аграрлық ғылым мен білімді қалай жаңа форматқа көшіруге болады?
– Мемлекет басшысының Жолдауындағы АӨК-ті дамыту бойынша тапсырмасын орындау үшін АШМ АӨК-ті дамытудың басым бағыттарына сай, келесі шараларды қолға алып отыр. АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы және жаңа қаржы құралдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бизнестің қажеттіліктері мен инновациялық технологиялардың трансфертін есепке ала отырып, аграрлық ғылым мен білімді реформалау қолға алынды. Қызметтері мен мамандандырылған салалары қайталанатын ғылыми-зерттеу институттарының санын 23-тен 12-ге қысқартып, ал тәжірибелік стансалар санын 12-ден 19-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Корпоративтік басқару стандарттарын енгізу арқылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Жеке шаруашылықтар базасында да тәжірибелік-көрсетілім іс-шаралары жүргізілетін болады.
Биыл АШМ шешімімен университетке 2: «Жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы» ҒЗИ, «Картоп және көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ сенімгерлік басқаруға беріліп, Орман шаруашылығы комитетіне қарайтын «Есік мемлекеттік дендрологиялық паркі» университеттің сенімгерлік басқаруына берілетін болады. Аграрлық білім беру сапасын арттыру мақсатында аграрлық секторды жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгерген білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін еліміздің 3 аграрлық жоғары оқу орындарын шоғырландыру ұсынылды. Бұл міндет «Назарбаев Университеті» үлгісінде жоғары оқу орындарына жетекші әлемдік университеттердің стандарттарын енгізуді қамтиды.
Қазіргі таңда оқу орнында әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінің өзіндік тұжырымдамасы әзірленген. Осының аясында «ғылыми таланттарды» (оқытушылар мен студенттер) тарту, білім алу және АӨК басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстарды шоғырландырып, тиімді менеджмент қолдану қажет.
– Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендігін атап өттіңіз. Қазіргі таңда саланы субсидиялау ережелеріне қандай түзетулер мен толықтырулар енгізілуде?
– 2021 жылға қарай ауылшаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 3,3 мыңнан 10,8 мың АҚШ долларына дейін жетуі тиіс. Осы мақсатта ауыл кәсіпкерлерін мемлекет тарапынан қолдау шараларын арттырып, қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру және жаңаларын енгізу бойынша шаралар жоспарланған. Автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жолымен субсидиялардың тиімсіз түрлері қысқарып, оларды алу рәсімдері барынша жеңілдетіледі. Сақтандыру мәселелері толық қайта қаралады. Міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу жоспарлануда. Мемлекеттік қолдаудың тиімді әдістерін енгізу саланың несиеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. АӨК субъектілерін әрі қарай несиелеу үшін несие серіктестіктерінің бюджеттен тыс қаржыларды тартуға мүмкіншіліктер туғызылады, яғни бұдан кейін бюджетке тәуелді болмайды. Субсидиялауға жасалған талдау тауарлы-спецификалық субсидиялардың тиімсіз болғанын көрсетті. Себебі осыған дейін егістік алқабының көлеміне қарай субсидия алып келген тауар өндірушілер түсімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу және қаржыны үнемдеу туралы ойланбайтын және ведомствоаралық комиссия егістік жерлердің бар-жоғын нақты тексерместен, гектарлық субсидиялау туралы шешімдер қабылдаған жайттар да орын алған болатын.
Бүгінде АШМ бос қаржыны несие және лизинг бойынша пайыздық сыйақы мөлшерлемесін арзандатуға және инвестициялық субсидиялауға, ең алдымен фермерлерді техникалық және технологиялық қайта жабдықтауға бағыттаған. Ұсынылған шаралардың барлығы жасыл себетке ене отырып, ДСҰ талаптары аясында шектеусіз қолданылады. АШМ деректері бойынша Қазақстандағы ауылшаруашылығын субсидиялаудың жылдық көлемі осы саланың жалпы өнімінің 4-5% құрайды, бұл қалыпты деңгейден 4,1% төмен. Ал ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ауылшаруашылығы өнімінің құнына шаққанда Швейцарияда – 79%, Жапонияда – 74%, Норвегия мен Исландияда – 72%, Еуроодақ елдерінде – 46%, Түркияда – 31%, Польшада – 25%, Канадада – 23%, АҚШ-та – 15%, Венгрияда – 14%, Мексикада – 13%, Чехияда – 12%, Аустрияда – 9%, орташа алғанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында 38% құрайды.
Қазақстанда ауылшаруашылығын субсидиялауда және өндірілген өнімдердің еркін саудасына ықпал ету мақсатында Аустралияның Кэрнс қаласында 1986 жылы құрылған Керн тобына кіретін елдердің тәжірибесі қолданылады. Осы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жанама шаралар фермерлерді өндіріс тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді перспективаға жұмыс істеуге ынталандырады. Ал тікелей және бұрмалаушы дотациялар шаруашылықтарды дамытудың орнына оны бір деңгейде ұстап тұрады немесе зиянын тигізеді, яғни шаруашылықты тиімсіз жүргізуге алып келеді. Керн тобы елдерінің фермерлеріне мемлекеттік қолдау мейлінше аз көрсетіледі. Бразилияда бұл көрсеткіш фермерлік шаруашылықтардың жеке табысы көлемінің 2,6%, Аустралия мен Жаңа Зеландияда 1% жуығын құрайды.
Ауылшаруашылығын субсидиялаудағы басымдықтарға импорт алмастыру мен экспортқа бағдарлану жатады. Реформалау нәтижесінде субсидиялаудың 54 түрі 34-ке қысқарады. Жаңа құрал – аграрлық қолхатты енгізу инвесторлар мен несие берушілердің өнімді нақты жинап алуға дейін, болашақ өнімді кепілге қою арқылы қаржыландыруға мүмкіндік береді. Салықтың барлық түрінің орнына бірыңғай ауылшаруашылық салығын енгізу жоспарлануда. Субсидиялардың қысқаруы ауылшаруашылығын ынталандыруға бөлінетін қаржы көлемінің азаюы деп түсінуге болмайды. Бұл техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу, технологияларды енгізу, генетиканы жақсарту, тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар алу, кеңесшілер тарту, АӨК еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа әзірлемелерге жұмсалады.
– Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдік деңгейдегі ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда. Бұл бағытта қандай ауқымды жұмыстар атқарылуда?
– Елдің экономикалық дамуы және әлемдегі бәсекеге қабілеттілігі, көбіне білім мен ғылымға тәуелді, осы жолда университеттер шешуші рөл атқарады. Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар мен жаңа материалдар, яғни ғылым мен техниканың жедел дамуы – экономикалық өсу қарқынын үдетіп, оны ұлғайтатын едәуір әлеуетті қамтамасыз етеді. ҚазҰАУ отандық ауылшаруашылық білім мен ғылымды жан-жақты дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп, елдің мамандарға сұранысына сәйкес білім беру бағдарламалары спектрін тұрақты түрде кеңейтуде. Мамандар дайындаудың сапалық деңгейін арттырып, тек Қазақстанда емес, шет мемлекеттерде де өзін мойындатып келеді. 2017 жылы университет Webometrics Ranking of World Universities рейтинг көрсеткіштері бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасында 3-орынды иеленді. Бұл рейтинг Мадридте орналасқан Испания ұлттық зерттеу кеңесінің (CSIC) Cybermetrics Lab базасында жарияланған. Рейтинг көрсеткіштерінде интернетте ғылыми қызмет нәтижелері ашық жарияланады және әлем бойынша 12 мыңнан астам университеттің веб-индикаторларын қамтамасыз етеді. UI Green Metric ғаламдық рейтингісі бойынша университет 423 орынды иеленіп, әлемдегі 500 топ-университеттер қатарына енді. Индонезия университетінде негізі қаланған бұл рейтингтік платформа «экологиялық таза» саясатты енгізуге және білім беру кеңістігінде іс-әрекет өзгерістерін басқаруға арналған. 2018 жылы QS Quacquarelli Symonds (Англия) рейтингісінде университет 651орынды иеленді. Бұл бағалау жүйесіне сай, жоғары оқу орны ғылыми-зерттеулер саласындағы беделділік, оқытушылар құрамының студенттер санына қатынасы, сілтеме жасау индексі, шетелдік студенттер мен шетелдік оқытушылардың үлесі секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады. Жуырда ғана университеттің «Су ресурстары және суды пайдалану» саласындағы білім беру бағдарламалары Халықаралық KazSEE инженерлік білім ассоциациясының евро-бакалавр, евро-мастер санаттары бойынша сапа сертификатына ие болды.
Бүгінде университет елдің АӨК саласына қажетті жоғары білікті мамандарды дайындауда көшбасшылардың біріне айналды. Университетте ғылым, білім және өндіріс интеграциясы елімізде 2002 жылы «АгроДаму» ғылыми-өндірістік концорциумы құрылған кезден басталып, бүгінде «Экстеншн» жүйесі енгізілді. Сондай-ақ 22 мыңнан аса шаруа қожалықтарын қамтитын Қазақстандағы жалғыз «Жоғары фермерлердің мектебі» қызмет көрсетеді. Отандық жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі ретінде университет 2010 жылдан бастап жобалық басқарудың халықаралық стандарттарын пайдалана отырып, әлемнің ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарының 13 халықаралық сарапшыларымен бірлесе отырып ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2015 жылы университет еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып тәуелсіз басқаруды іске асыру мақсатында жаңа ұйымдастыру-құқықтық формада қайта құрылып, БҒМ қарамағынан АШМ құзырына өтіп, сол жылы университетте 8 инновациялық орталығы, 6 ҒЗИ, 31 инновациялық зертханадан тұратын үздік халықаралық тәжірибелер мен технологиялар тарту үшін Агротехнологиялық хаб құрылды.
Қазіргі таңда ҚазҰАУ ғылыми-білім беру франчайзингі трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі университет моделін құруды жоспарлауда. Бұл бағытта шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесі зерттелді. Мысалы, британдық университеттерде Азия елдерінің 700 мыңнан астам студенті өз елдерінен шықпай-ақ білім алады. Британдық университеттердің көпшілігі шетелдерде өздерінің дипломдарын әріптес жоғары оқу орындары арқылы ұсынады. Олар жергілікті оқу орындарында британдық университеттің толық бағдарламасын меңгеріп, оқып, дипломын алып шығады. Малайзия сияқты елдер шетелдік жоғары оқу орындарының франчайзинг бағдарламаларын өз университеттерін жылдам дамыту құралы ретінде қолданады. Қазақстанда мұндай франшиза тәжірибесі бар. Мәселен, Назарбаев Университеті Дьюк Университетімен (АҚШ) бизнес білім беру бойынша жұмыс істейді.
Бүгінде ҚазҰАУ өзінің инновациялық даму жолында әлемдегі аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланды) және QS рейтингінде 8-орында тұрған Мичиган университетінің (АҚШ) тәжірибесіне сүйенеді. Жуырда біздің ұжымның ғалымдары Вагенинген университетінде болып, өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге келіп, білім алушыларды бірлесе оқытудың негізгі бағыттарын айқындады. Біз азық-түлік технологиясы, азық-түлік эпидемиологиясы және қоғамдық денсаулық сақтау, өсімдіктану мамандықтары бойынша магистранттарды толығымен online режімінде оқыта аламыз. Сонда 3-4 жылдан кейін түлектеріміз Вагенинген университетінің дипломын алып шығатын болады. Сонымен қатар студенттер мен магистранттар online режімінде модульдік білім беру курстары бойынша білім ала алады. Олар кәсіби тәжірибелері мен зертханалық жұмыстарын Вагенинген университетінің ғылыми орталықтарында өткізеді. Ауыл кәсіпкерлерінің де online режімде өздерінің сұраулары бойынша біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндіктері бар. Халықаралық LabEX форматындағы зерттеу бағдарламалары аясында АҚШ-тың Корнель, Мичиган және Невада университеттерімен жалпы құны 1 млрд теңге болатын бірлескен жобалар жасалады. Франшизаны енгізу нәтижесінде тиімсіз білім беру бағдарламаларын азайту, рейтингілік көрсеткіші төмен оқытушыларды қысқарту, үлгерімі нашар студенттерді оқудан шығару механизмдері қарастырылады.
Қазіргі уақытта қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру мақсатында Александрас Стульгинскис университеті (Литва), Брест мемлекеттік техникалық университеті (Белоруссия), Путра университеті (Малайзия), Нитрдағы Словац аграрлық университеті (Словакия), Вайнштефан университетімен (Германия) бакалавриат пен магистратура деңгейінде «Су ресурстары және суды пайдалану», «Тағам қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы», «Аграрлық техника және технология», «Экономика», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Аграрлық менеджмент» мамандықтары бойынша келісімдер жасалуда. Бұқаралық ашық онлайн-курстарды дамыту бойынша жұмыстар қолға алынып, «жаңа мамандықтар атласы» негізінде білім беру бағдарламалары әзірленуде.
2017 жылы Азия даму банкінің қолдауымен су ресурстарын бірлесіп басқару бойынша Орталық (Су хабы) құрылды. Орталықтың 15 зерттеу зертханасы ресурс үнемдеуші технологияларды пайдалана отырып су ресурстарын тиімді басқару мәселелерін кешенді шешумен айналысады. Жер хабы аясында АҚШ ауылшаруашылығы министрлігімен (USDA) бірлесе сандық алгортимдік талдау жүйесін пайдалана отырып жайылымдық жерлердің тозуын зерттеу және бағалау әдістемесін енгізу жобасы іске асуда. Агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығы құрылған, мұнда студенттер екінші курстан бастап агроқұрылымдардың нақты деректері бойынша бизнес-жоспарлар әзірлеп үйренеді. Дипломдық және өзіндік жұмыстары өндіріске енгізілетін стартап-жобаға айналады. Биыл ғана 200 стартап ұсынылып, 10 жоба 150-ден 1000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Студент, магистрант, PhD докторанттарды оқыту барысында, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінде елдегі барлық 177,5 мың шаруа (фермер) қожалықтарының 80% шоғырланғандықтан, АӨК мамандарын қайта дайындауда заманауи цифрлы технологияларды пайдалану мақсатында Ситуациялық орталық ашылды. Ситуациялық орталықты қосымша жабдықтау ауылшаруашылығы салаларының тиімділігін арттыруға, аграрлық сектордағы ақпараттық-сараптау және болжауды жақсартуға, GIS технологиялар, бағдарламалық талдау және үлкен деректердің аналитикасы негізінде жедел басқару шешімдерін тиімді, әрі дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
ҚазҰАУ Шығыс Финляндия университетімен бірлесе тамақ өнеркәсібі үшін қосдипломдық бағдарлама бойынша магистрлер дайындайды. Ағымдағы жылдың қазан айында мемлекетаралық деңгейде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Финляндияға іс-сапарында Шығыс Финляндия Университетімен магистрлер мен PhD докторларды бірлесе дайындау туралы келісімге қол қойды.
2018-2027 жылдары ет өнімін өндіру малшаруашылығын дамытудың ұлттық стратегиясы аясында университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында Бразилия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Аустралия, АҚШ және тағы басқа сиыр етін экспорттау бойынша көшбасшыға айналған елдердің тәжірибесі есебінен «Үлгілі ферма» аймақтық тәжірибелік-оқыту орталығы құрылады. Сандық технологиямен жабдықталған 3 ферманың екеуі – ірі қара, біреуі – қой фермасы. Алынған мәліметтер университеттің Ситуациялық орталығының серверінде өңделіп, нәтижелері фермерлерге мобильді құрылғылар арқылы жіберіліп отырады.
Алматы қаласында ағымдағы жылдың 9-қараша күні ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі факторы ретінде аграрлық білім мен ғылымның сапасын жоғарылатуға арналған халықаралық форум өтеді. Депутаттық корпус, жетекші аграрлық кәсіпорындар, салалық одақтардың өкілдері, шетелдік және отандық ЖОО мен ғылыми орталықтардың және басқа да мекемелердің көрнекті ғалымдары, сарапшылары бір алаңда бас қосатын болады.
ҚазҰАУ алдында әлемдік деңгейдегі университет құру міндеті қойылған. Бұл мақсаттағы жобаларымызды жүзеге асыру білім сапасын арттырып, озық шетелдік тәжірибелерді университетке және Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына енгізу барысын жеделдетеді. Осының нәтижесінде түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету көрсеткішін 95%-ға жеткізу, ал еліміздің АӨК-тегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Біздің ұжым осы маңызды міндеттің табысты орындалуына барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.
Әңгімелескен Алмат ИСӘДІЛ