
Іс-шара аясында 2027-2030 жылдарға арналған Қазақстанның ғылыми және технологиялық дамуының басым бағыттарын талқылау және ҰҒА тарапынан жүргізілген форсайт-зерттеулердің нәтижелері жарияланды.
Форум ғылым саласын дамытудағы форсайттық зерттеулерге қатысты мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өткен ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев:
«Қазіргі таңда ғылыми-технологиялық форсайт болашақтағы ғылыми және технологиялық үрдістерді болжау мен талдауға негізделіп отыр. Ол ағымдағы жетістіктерді бағалауды, перспективалық бағыттарды анықтауды және оларды жүзеге асыру стратегияларын әзірлеуді қамтиды. Форсайт үкіметке, компанияларға және ғылыми ұйымдарға дәйекті шешімдер қабылдауға, ғылым мен технологияға ұзақ мерзімді инвестиция тартуды жоспарлауға көмектеседі. Форсайт жүргізу үшін ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар; өмір және денсаулық туралы ғылым; агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі; су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология; геология, пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар; энергетика және машина жасау салалары таңдалды. Алдағы уақытта форсайттық зерттеулермен басқа да бағыттар қамтылатын болады. Академия 30 форсайт-сессия өткізіп, 1100-ден астам сұхбат жүргізді. Бұл 200-ден астам перспективалық ғылыми міндеттерді айқындауға мүмкіндік беріп отыр» деп атап өтті.
Осылайша форсайттық зерттеулер жаңаша ой қалыптастыру мен болашақты жобалаудың құралына айналып отыр. Елімізде биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның негізінде форсайттық зерттеулер жүргізу функциясы Ұлттық ғылым академиясының құзырына берілген.
Форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымды дамытудың маңызын, еліміздің бәсекеге қабілетті әлеуетін арттыру үшін түйткілді мәселелерді талқылау, стартегияларды анықтаудың рөлі туралы атап өтсе, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов аграрлық ғылымның ел дамуындағы рөліне тоқталып, бірлескен жұмыстардың нәтижесіне сенім білдірді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Мұратұлы медициналық ғылым мәселесіне тоқталды. Осы орайда медициналық ғылымды қаржыландыру, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру мен кадр даярлаудың маңызын атап өтті.
Ұлттық ғылым академиясы 2023 жылы пре-форсайт бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп, алдыңғы зерттеулерге талдау жүргізе отырып, ғылыми-инновациялық экожүйеге шолу жасады. Биыл Қазақстан үшін басым 6 бағыт бойынша ғылымның форсайты басталып, оның қорытынды нәтижелері жарияланды.
Зерттеулермен кеңінен қамту мақсатында Ұлттық ғылым академиясы келесі жылы форсайтингтің өңірлік желісін құруды жоспарлап отыр. Биыл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында алғашқы форсайт орталығы ашылды. Келесі жылы ірі өңірлік университеттер базасында тағы 7 форсайт орталық ашу жоспарланып отыр.
Келесi жылдан бастап ҰҒА осы бағыттағы әлемдiк жетекшi институттардың бiрi - Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) форсайттың ақпараттық-талдамалық жүйесiн құру жөнiндегi бiрлескен жоба iске асырады. KISTI - Оңтүстік Кореядағы ғылыми-техникалық ақпаратты жинаумен, талдаумен және таратумен айналысатын жетекші ғылыми-зерттеу институты.
Форумда Корей ғылыми-техникалық ақпарат институты мен Ұлттық ғылым академиясы форсайттың ақпараттық-талдамалық жүйесін құру жөніндегі меморандумға қол қойды.
Форумда еліміз, сондай-ақ шетелдерден қатысқан ғалымдар өз тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми ықпалдастық туралы пікірлерін ортаға салды.