Мен Жанэрамен қалалық кітапханада оқырмандармен өткен конференцияда таныстым.
– Атым Жанэра дейсің бе? Жоқ, әлде, Жанара ма? – деп қалдым байқамай.
– Жоқ, сіз дұрыс естідіңіз, менің атым – Жанэра, – деді ол қайталап.
– Мен Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Теректібұлақ ауылында туып-өстім. Таулы-тасты, бір шетін Зайсан көлі алып жатқан табиғаты ғажайып жерде өмірге келіппін. Бұрынғы шежіреші үлкендердің тілімен айтқанда, бұл ауылда Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың ұрпақтары тұрады, – деп алыстан сөз қозғады Жанэра.
Айтуынша, атасы Садық бірінші әйелі Нұртазадан бала көрмепті. Апамыз шалына Жаңылхан деген қызды айттырып, екінші әйел ғып алып беріпті. Атасы сол кезде 63 жаста, ал Жаңылхан 22 жаста екен.
– Жаңылхан апамнан туған менің әкем дүниеге келгенде атамыз «Дүние-мүліксіз деуші едіңдер, мүлікті болдым», – деп атын Мүлік қойыпты. Садық атамыз 83 жасында қайтыс болыпты. Найман-керейге бақсы болған Таңжарықтың ұрпағы, қазір атамыздан тараған әулет Таңжарықтың немересінің есімі Тоқаттың атымен жазылады, – дейді Жанэра.
– Ал мен 1976 жылы қаңтарда дүниеге келіппін. Әкемнің інісі Мүкетай менің атымды Жанейро деп қойыпты. Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро туралы кітап оқыпты. Жанейро батыр қыздың есімі екен. Жанейро деген португал тілінде «janeiro» қаңтарда туылған деген мағына береді. Қаңтарда қатпайтын өзеннің жағасында орналасқан қала,–дейді Жанэра.
Жанэра Мүлікқызы 1998 жылы Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің технология факультетін бітіреді. Бірақ, тағдырдың ауыр сынына тап келді. Университет бітіргеннен кейін кенеттен қатты ауырып, ұзақ уақыт емделеді. Өкінішке қарай, дәрігерлердің шешімімен ауырған бір аяғын кесуге тура келеді.
– Иә, ол күндер өмірімдегі ең бір ауыр күндер еді. Адам алда не күтіп тұрғанын білмейді ғой. Маған да кездейсоқ келген дертті жеңіп шығуға, қиындыққа қарсы тұруға бойымдағы ерік-жігерім, рухани күш-қайратым көмекке келді. Протез аяқпен жүрсем де мен өмірді сүюге, өз қатарымнан қалмауға тырыстым. Осы мақсат, осы арманмен өмір сүрудемін, – деді Жанэра.
Сол сәт екеуміз де үнсіз қалдық. Жанэраның еш бояуы жоқ сұлу жүзіне, қарапайымдылығына, ерекше болмысына қарап «Айка» фильміндегі өзіміздің актриса Самалға ұқсаттым. Кейде осылай қазақтың қыздарының бұйығы мінезден құбылысқа айналған құдіретіне таңғаласың.
Бойына біткен өршіл мінез Жанэраны да шыңдады. Биіктен құлатпады. Кейін Павлодарда тұратын ағасының қасына көшіп келеді. Марқұм әкесі Мүлік гидротехник, анасы Қазимаш мектепте математика пәнінен сабақ беріпті. Қазір зейнетте, өзімен бірге тұрады. Осында көшіп келген соң, Жанэра педагогикалық институтта оқып, технологиялық білім жолын жалғастырып, информатика мамандығын алады.
– Қазір өзіңіз көргендей қалалық кітапханада библиограф болып қызмет етемін. Кей мамандықтар сені өзі таңдайды дейді. Кітапхана мені өзі таңдады деп ойлаймын. Күнделікті басылымдарға шыққан, әсіресе, сүйікті газетім «Егемен Қазақстанға» шыққан мақалаларды тіркеп, жинақтап отырамыз. «Егемен» – менің рухани досым» деп мақтанамын. Өйткені мен сіздердің газетпен күнде біргемін. Жаным жадырайды, – деді Жанэра.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР