Театр • 14 Қараша, 2018

Сахнада – саясат сардары

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүние дидары сәт сайын құбылып, керенау әлемнің қас-қабағы бірде ашық, бірде түсіңкі. Адам­зат жаратылысының ішкі әлемінде бүгін пенде баласы ұғып-түсініп болмайтын керағар құбы­лыстар пайда болған. Кеше ақ дегенің – бүгін қара, бүгін ақ дегенің – ертең қара... Осы­нау аумалы-төкпелі кезеңде тәуелсіздік алып, біразға дейін біреу біліп, біреу білмеген жас ел – Қазақстан бүгінгі күнде ақ маңдайы жарқыраған мемлекет. 

Сахнада – саясат сардары

Әлемдік саясат­тың қақырайма сахнасында қатар-қатар жай­ғасқан президенттердің қақ ортасында үнемі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырады. Өткен мен келер күнді салмақты бағамдап, айна­ла­сындағы бар жайтты ойша таразылап, сергек қадағалайды. Ал Астана төрінде төрткүл дүние мемлекеттері басшыларының басын қосқан талай жиын өткен. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуы алты рет ұйымдастырылды. Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесі келісім мен бей­бітшіліктің бейтарап алаңы болды. Жыл сайын Астанада өтетін халықаралық саяси, қар­жылық, экономикалық форумдар мен сим­позиумдарда әлемнің маңызды мәселелері үзбей талқыланады. Халықаралық ЭКСПО көр­месі де алдымен еліміздің мерейін өсірген, Аста­намыздың алапасын асырған айтулы шара болды. Осының бәрін әлемдік, елдік пікір Нұр­сұл­тан Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Ал бабадан қалған байтақ даламыздың жүрегі – Астана осы оқиғалардың бағаналы ордасы.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы­мен Қ.Қожамияров атындағы Мемлекет­тік академиялық ұйғыр музыкалық коме­дия театры Астана қаласының 20 жыл­дық мерейтойы аясында көрермендер назарына ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабы бойынша жазылған «Астана» публицистикалық драмасы осынау оқиғалардың өзегі болған тарихи кезеңді қамтиды. Осылайша Елбасының көркем бейнесі тұңғыш рет театр сахнасында қойылды. 

Қойылымның идея авторы және қоюшы режиссері – халық әр­тісі Мұрат Ахмадиев. Президент кі­та­бы бойынша инсценировкасын жаз­ған – жазушы Ахметжан Ашири. Музыкамен әрлеген – Карим Газиев. Бас кейіпкер – Елбасы рөлін Мәдениет қайраткері Азизжан Искандеров сомдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың астананы Арқа төсіне көшірудегі саяси қадамы, маңызды рөлі көрсетіл­ген қойылымның тұсаукесері Бейбіт­шілік және келісім сарайында өтті. 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында Ұлы Даладағы мыңжылдықтар тоғысында 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанды бейнелейтін тамаша қала салынды. Астананы көшіру бастамасы бір­ден қолдау таппаса да, Елбасының та­бан­дылығының арқасында ешбір кедергіге, күдіктерге қарамастан, Ар­қа төсінде әсем шаһар бой көтерді. Жас астананың жетістігіне деген се­нім Қазақстан халқының қолдауына ие болды, жа­уапты саяси шешім өз мақсатына жетті. Бүгінде «Елбасы. Тәуелсіздік. Астана» ұғымдары бір-бірімен қабысып кетті. Астана – Қа­зақ­станды жаңғыртудың, оның жетіс­тіктері мен алға жылжуының басты нышаны, әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің бағаналы, басты ордасы. Жастардың, болашақтың қаласы. 

Қойылым Елбасы санасында астананы Арқаға көшіру идеясының шы­­­рағы тұтанған сәттен бас­тап,­ сол­ идея­ның жүзеге асқанға де­йін­гі уа­қыт аралығын қамтиды. Моно­лог­ ар­қылы көрерменмен диалог ор­­натқан кейіп­кер жан жүрегін тол­қыт­қан, кө­ңі­ліне тыныштық берме­ген ойларды тебіреніспен айтады. Қаз-қаз басқан жас мемлекеттің алдында тұрған қыруар істің қиюын тауып, тығырықтан шығар жол іздеген Елбасының көркем бейнесі бітім жасауда, шешім қабылдауда, келіссөз жүргізуде барынша ашыла түседі. 

«Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруде көп қиындық кездескен. Әу басында қарсылық көп болған. Барлығы сенбеген. Оған біз осы оқи­ғаның астарына үңілу барысында көз жеткіздік. Соны зерттеп, 1994 жылдың 6 маусымы мен 6 шілдесі аралығында болған саяси оқиғаларды негіз етіп алдық. Сол кездегі қарсылық пен қолдаудың бәрін қойылымда ашып көрсетуге тырыстық. Басты рөлде бір адам. Ол – Президенттің рөлі. Қалғандары − жазушылар, актрисалар, студенттер мен депутаттар. Бұл қойылым әсем шаһар Астананың 20 жылдығына арналады», деді Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмадиев.

Ал Елбасы кітабы арқылы пуб­ли­цис­тикалық пьеса жазған драматург Ахметжан Ашири: «Елбасының «Астана – Еуразия жүрегінде», «Ұлы Дала ұлағаттары», «Тәуелсіздік белес­тері», «Қазақстан жолы» сияқты көп­теген кітаптары бар. Бәрін оқып, та­ныстық. Елорданы Арқа төріне ор­наластырудағы маңызды қадамы осы пьесаға өзек болды. Елбасының идея­сы, оны халықтың, зиялы қа­уымның талқысына салып, бәрінің пікірін тыңдап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен көрегендігі біздің де шабытымызды оятты. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, экономикалық тұрақтылықты ойлап, халық тұрмыс-тіршілігімен әбігер боп жүрген шақта осынау шешім қалай болар екен деген күдік-тұманды сейілту үшін Елбасы қаншама жұмыс істеді. Сандаған кездесу өткізіп, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Бұл қойылым Нұрсұлтан Әбішұлының бітімгер, бастамашыл бейнесін ашуға талпынған туынды. Оның бағасын құрметті халық бере жатар», деді.

Қойылымнан Елбасының жедел,­ өткір шешім қабылдай алатын­ қасие­ті, бейбіт сөзге, бітімге жа­қын болмысы ерекше көрінеді. Мемлекет басшы­сының халықаралық деңгейдегі қай­раткерлік тұлғасын, саясат сардары бейнесін актер Азиз­жан Искандеров сенімді сомдайды. Монолог арқылы актер-Елба­сы көрерменін-халқын айтқанына сендіре бі­леді. Ал жаңа елорда Астананың әлем алдындағы шырайлы келбеті, маңызды орны менмұндалайды. Бұл қойылым Астанамыздың 20 жыл­дығына тартылған сыйлықтардың ішіндегі сүбелілерінің бірі болды деп ойлаймыз. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»