Семинар-тренингке облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, оқытушылар, азаматтық қоғам институттарының, жастар ұйымдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-тренингте Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі жан-жақты пысықталып, қатысушылар қоғамда пайда болатын еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және оларды шешу тетіктерімен таныстырылды.
Комиссия мүшелері мен сарапшылары Тастемір Әбішев, Светлана Жаркенова, Ольга Волкова нақты мысалдармен тыңдаушыларға адам құқықтары мен бостандықтары туралы ғана емес, сонымен бірге азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді.
Тренинг барысында тыңдаушылар БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысты құрылған бақылау органдарының құзыретімен танысып, БҰҰ-ның тиісті комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетігіне тоқталды. Сондай-ақ Елбасының бес институттық реформасы мен бес әлеуметтік бастамалары, халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауы, оны іске асыру тетіктері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғыртудың ережелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы