Бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып отыр. Енді ағартушы ұстаз Спандияр Көбеевтің құрметіне дәрісхана ашылды. Оның лентасын университет ректоры, профессор Еркін Әбіл мен ұстаз ұрпақтарының бірі Мағыш Ғаріпқызы қиды.
– Спандияр Көбеевтің атына дәрісхана беру көптен ойластырып жүрген шаруа болатын. Білім саласының қайраткерлерін, ғалымдар мен белгілі ұстаздарды жастар ұмытпауы тиіс. Сондықтан дәрісхана атын беру халқымыздың ұлыларын ұмыттырмай, жастарға насихаттаудың бір тәсілі деп білеміз. Біздің университетте мұндай іс жалғасын табатын болады, – деді Еркін Аманжолұлы.
Дәрісханада Спандияр Көбеевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы ақпараттар, суреті ілінген. Ағартушы ұстаздың қазақ әдебиетінде де өзіндік орны бар. Ол қара сөзбен жазылған алғашқы романдардың бірі «Қалыңмалдың» авторы және Крыловтың шығармаларын қазақ ұғымына сәйкестендіріп аударған еді.
– Ыбырай Алтынсариннен білім алған, ізін жалғаған ұстаздар Қостанай жерінде аз болмаған. Олардың көшін ұлттың ұйтқысы болған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омаров бастады, оларды Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов жалғады. Спандияр Көбеевтің алғашқы кітаптары «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржіма» деп аталады. Ол біліммен бірге баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бұл Әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген ойымен үндес», деді ақын Ақылбек Шаяхмет.
Спандияр Көбеев өмірінің соңына дейін Меңдіғара ауданына қарасты Ақсуат ауылында тұрды, сондағы орта мектепті басқарды. Алдынан мыңдаған шәкірт білім алды, бүкіл оқушылары оны «атай» деп атаған. Осы «атай» деген сөздің өзінен ұстаз бен бала арасындағы керемет жылылық, шәкірттің ұстазға деген құрметі білініп тұрғандай. Ұстазды орыс тілді оқырмандар ортасына таныстыру мақсатымен көп ізденген жасаған ардагер ұстаз Светлана Мачнева Спандияр Көбеевтің баланың білімге ынтасын оятуда бүгінгі мұғалімдер үйренетін үлгісі мол екенін айтты.
– Балалардың білімге ынтасын ояту – дарынды ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстазын жақсы көрген бала мектепті де жақсы көреді, жақсы оқуға тырысады. Отандық, оның ішінде қазақ педагогикасына үлкен үлес қосқан Спандияр Көбеевтің өзі балаларды өте жақсы көрген. Жалпы, қазақ педагогикасы – алдымен адамгершілікті жоғары қоюмен ерекшеленеді. Қазір ақпарат заманы, білім саласына түрлі технологиялар енгізіліп жатыр. Бірақ мұғалім баланы жақсы көрмесе, сол озық технологиялардың ешқайсысы да күткен нәтижені бермейді. Біздің мұғалімдер Спандияр Көбеев сияқты кемеңгер ұстаздан осыны үйрену керек, – деді Светлана Григорьевна.
Ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы шара барысында Ыбырайдың ізін жалғаған Спандияр Көбеевтің өмірі мен қызметі кеңестік кезеңде зерттелсе де, оның бүгінге жетпеген беймәлім жағы зерттеуді қажет ететінін еске салды.
– Мыңдаған шәкіртке ұстаз болған тұлғаның өз ұстазы Досмағұл Тоқтабаев туралы көп айтыла бермейді. Қазір осындай ел ішінде сауат ашуға бар күш-жігерін салған қайраткерлер жайында зерттеулер қолға алынса артық болмас еді. Айтпақшы Спандияр атамыз мектепке дәріс оқуға алғаш кірген күні шәкірттер алдында сөзді «Кел, балалар, оқылық!» деп, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өлеңімен бастап кеткен екен. Қазір де мектеп мұғалімдері әр оқу жылы басталғанда атамыздың осы үрдісін дәстүрге айналдырса несі айып?, деп белгілі ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы ұсынысын да айтты.
Дәрісхананың ашылу салтанатында студенттер Спандияр Көбеевке арналған өлеңдерін оқыды, келушілер ұстаздың шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Кемеңгер ұстаздың ұрпақтары атасына арнап ас беріп, оның рухына құран бағыштады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ