Осыған орай Астана қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің оқушылары, студенттері, ұстаздары, сонымен қатар мәдениет, спорт, медицина, коммуналдық шаруашылық, энергетика және басқа да салалардың қызметкерлері латын графикасында диктант жазды. Шараға 15 жастан жоғары азаматтар қатысты.
Бекітілген диктант мәтіні аудиожазбалар арқылы таратылып, «Шалқар», «Қазақ» радиоларынан берілді. Ұзақтығы 30 минутқа созылған шара арнайы белгіленген орындарда жүргізілді.
«Бүгін еліміз бойынша тарихи сәт деуге болады. Елбасымыздың бастамасымен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қазіргі таңда практикалық тұрғыдан іске асуда. Үкімет басшысының тапсырмасымен бүкіл еліміз бойынша бүгін жалпыхалықтық диктант өтті. Астана қаласы бойынша осы шараға қатысуға ниет білдіргендердің саны 50 мыңнан асады. Жер-жерлерде жазылған диктант жұмыстарын біз алып, жинақтап, олардың қаншалықты емле-ережеге сай жазылғанын тексереміз. Содан кейін әрқайсысына тиісті бағалар қоямыз. Бұл жердегі негізгі мақсат – Елбасымыз бекіткен алфавиттің соңғы нұсқасына орай Тіл комитеті жасаған емле-ереженің жобасын халықпен бірге талқылау. Өйткені осы диктант жазу арқылы келіп түскен жұмыстарға сүйене отырып халық әріптерді қалай қабылдады, мәтін жазған кезде көбіне қандай қателіктер кетеді, қандай мәселелерге мән берген дұрыс деген сұрақтардың жауабын ала аламыз. Сөйтіп, мұны Тіл комитетіне жібереміз. Олар республика бойынша жинақталған мәліметтерді сараптап, өздерінің қорытындысын шығарады», деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Сәкен Зиябекұлы.
Арнайы орындарға келіп қатыса алмайтын тұлғалар үшін диктантты emle.kz, tilalemi.kz сайттарының басты бетінде орналасқан сілтемемен компьютер немесе ұялы телефон арқылы кіріп, белгіленген уақытта диктант аудиосын тыңдай отырып жазуға мүмкіндік берілді.
«Рухани жаңғыру» тақырыбында болған диктантқа қатысқан Астана қаласының тұрғыны Ақұлан Өсерұлы латын әліпбиімен жазу аса қиындық тудырмағанын тілге тиек етті.
«Күнделікті әлеуметтік желілерді пайдаланғанда латын графикасын қолданамын. Сол себепті айтарлықтай қиындыққа кезікпедім. Егер адамда үйренемін деген шынайы ниет болса, онда кез келген нәрсені игеріп алуға болады. Мұның ішіндегі бірнеше әріптерді жақсылап еске сақтап алсаңыз, қалғандары қиындық тудырмайды. Мен латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Себебі көрші Өзбекстан елі латынға көшіп, біршама ілгері істерге қол жеткізгендігін байқап отырмыз. Бұл менің ойымша өзге елдердің қазақ әдебиетін, мәдениетін немесе төл туындыларымызды оқуға жаңа серпін береді. Жастар жағы жаңа әліпбиге өтуде кедергілерге кездеспейді деп ойлаймын. Ал егде жастағы адамдарға әліпбиді үйретудің әртүрлі жолдарын қарастыру қажет. Себебі адамның жасы ұлғайған сайын оның есте сақтау қабілеті де нашарлай түсетіні белгілі. Сондықтан олар жаңа әліпбиді тез игеру үшін ойын түрінде немесе түрлі жаттығу жасау әдістерін пайдаланған жөн», дейді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»