Солқылдақ заңдар сорлатып отыр
«Алтын көрсе, періште жолдан таяр» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» дейді ұлы Абай өзінің Жиырма тоғызыншы қара сөзінде. Періште туралы, алтын туралы бекерге сөз қозғап отырған жоқпыз. Өйткені қорғансыз қалған қорымдарды тонаудың түп төркіні тікелей алтынға қатысты екенін ішіңіз сезіп отырған болар? Иә, бәрінің көкейін тескені – алтын. Алтын бұйымдар.
Еліміздің археологтері мен тарихшыларының сөзінен түйгеніміз, бұрынғы-соңғы замандағы қорым тонаушыларды қызықтырғаны, әлі де қызықтырып жүргені – негізінен қола дәуірінің соңындағы, сақ дәуірі, көне түркі дәуірі кезеңінің ескерткіштері. Бір қызығы, қызығы емес-ау өкініштісі, қорымдардың тоналуын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын секілді.
Әуелгі кезең – қорымдардың өз заманында, нақтырақ айтсақ бір халықтың орнына бір халық келген кезде тоналуы дер едік.
«Кезінде сақ тайпалары патшаларын «алтынмен аптап, күміспен күптеп» жерлейтінін сақтармен бірге өмір сүрген, кейін іле-шала тарихи аренада болған ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, көне түркілер барлығы жақсы білген», деп еді бір сұхбатында Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан белгілі археолог Әбдеш Төлеубаев. Бұл кезеңді түсіндіруге ғалымның осы сөзі жеткілікті секілді.
Екінші кезең – қорымдардың аяусыз тоналғаны, аруақтардың қорланғаны десек те болады – І Петр заманы. Әрқайсысында 300-400 адамнан болған 30-40 жасақтың қазақ-қырғыз даласын түгел шарлап, ат аяғы жеткен жердегі қорымдарды түк қалдырмай тонап, табылған алтын бұйымдарды – құнды жәдігерлерді патшаға жеткізгені белгілі. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждағы − І Петрдің коллекциясы деген залдағы 2 миллион жәдігердің Шығыс Қазақстаннан барғандығы бұған дейін айтылып, жазылды. Ал Эрмитаждың жертөлесінде қаншама құпияны бүгіп, сары майдай сақталып жатқандары қаншама?!
Үшінші кезеңді ХХ ғасырдағы С.Сорокин, С.Черников секілді ресейлік археологтердің қазақ даласындағы қорғандарды тауып, ашып, зерттеуімен байланыстыруға болады.
Тонаушылардың төртінші кезеңі, яғни сізбен, бізбен бірге бір елдің суын ішіп, ауасын жұтып жүрген – алтынды көріп, жолдан тайған, тамырлы тарихыңды тәрк, мәйекті мәдениетіңді мансұқ еткен, қазынаға құныққан замандастарымыз.
Бүгінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құнды жәдігер шыққан Елеке сазы аумағы күні-түні күзетілуде. Бұл әрине қуантады. Десек те күзетілмей, қараусыз жатқаны қаншама?!
«Заңда ескерткіштерді тонау қылмыс болып саналады деп жазылған. Бірақ нақты тетіктері қарастырылмаған. Ішкі істер саласының қызметкерлерімен сөйлескенімізде, олар: «Тонаушылардың үстінен түскеннің өзінде оларды мойындату қиын. «Топырақ алып жатырмыз, бірдеңе қазып жатырмыз» дейді. Тауып алған заттарын «шұңқыр немесе құдық қазып жатыр едім. Сол кезде тауып алдым» дей салады» дейді. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейді алайық. Ол жақта металіздегішпен жүретіндерге, тонаушыларға заңды қатайтты. Күрек-сайманмен, қазу құралдарымен жүрген адамдар тексеріледі. Металіздегіш құралды ұстауға заңмен тыйым салды. Оны ұстау үшін арнайы лицензия алатын болды. Қару секілді тіркеуде тұрады. Ресейде дрон ұшырудың өзі де заңмен қатаңдатылған. Ол да тіркеуде. Көрші елде 100 жылдан асқан көне затты қолда ұстау да қылмыс болып саналады. Музейге өткізуге міндетті. Бізге де осындай заң керек», дейді 2016 жылы Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауындағы қорғандарды тауып, анықтап, ғылыми айналымға түсірген жас археолог Ерден Оралбай.
Екі айда 170 қорымды қопарып тастаған
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, біздегі қорымдардың ашық-шашық жатқандығын білгендіктен бе, әлде өз елдеріндегі заңның қаталдығынан ба, соңғы кездері Ресей мен Қырғызстан азаматтарының металіздегішін арқалап, қазақ жеріне келетіндігі жайында айтылып жүр. Осы мақаланы дайындау барысында өңірімізде қорымдарды тонаумен шұғылданатын адамдардың қаншасы жазаға тартылғанын, оларға қандай шара қолданылғанын білейік деп облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда жөнді мәлімет ала алмадық. «Қорым тонаушылар туралы жеке, арнайы мәліметтер жоқ. Тонауға қатысты мыңдаған материалды қопарып қарау керек. Көп жұмыс», деп қысқа қайырды. Осының өзі құқық қорғау саласы өкілдерінің мәдени мұраларымызды қорғауға қаншалықты ниетті, қаншалықты ниетсіз екендігін айғақтап тұрған жоқ па? Облыстық мәдениет басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің директоры Талғат Сүлейменовке жолдаған хатымызға берген жауабында 2016 жылы Тарбағатай ауданында орналасқан Елеке сазы жайлауындағы бір қорғанды заңсыз тонау фактісі тіркеліп, басқарма жедел түрде комиссия құрып, осы фактіге байланысты Тарбағатай ауданының ІІБ қылмыстық іс қозғағанымен, тонаушылардың табылмағанын жазыпты. Көрдіңіздер ме? Есіктің құлпын бұзғандарды, үйге ұрлыққа түскендерді аттап бастырмай ұстаймыз. Көліктің жылдамдығын асырғандарды қапы жібермейміз. Ал кешегі есте жоқ ескі заманда елімізге, жерімізге қорған болған бабаларымыздың мүрделері ашылып, қорымдары шашылып жатса да, қорғай алмай қор болып отырған түріміз мынау.
Алтын шыққан жерді белден емес, бастан асыра қазып жүрген үлкенді-кішілі, кәсібиі бар, кәсіби емесі бар археологтеріміздің көпшілігі тек «Алтын адам» табуды мақсат ететін секілді. «Алтын адам» таппаса күні қараң, еңбегі еш болатындай. Құдай-ау, далада жатқан «Алтын адам» бар ма?! Алтынның құны, «Алтын адамның» қадірі аздығында, даралығында емес пе? Мұны бір деңіз. Екінші, қазба жұмыстарын жүргізуге бұрын тек бір жерден ғана белгілі бір адамға лицензия, яғни рұқсат берілсе, қазір жүздеген, тіпті мыңдаған адамға беріліп жүргені белгілі. Археолог ретінде 5 жылдық еңбек өтілің болса болды. Бұрқыратып қаза бер.
«Мәдениет және спорт министрлігі лицензияны оңды-солды бере беретін болды. Кезінде Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтында ғана лицензия болатын. Институт бәрін үйлестіріп, рұқсат қағазын беріп отыратын. Археолог өзіне міндеттеме алатын, қазба жұмысының есебін беретін. Ал қазір ешкім есеп бермейді. Кейбір археологтер ғылыми мақала жазса жазды. Жазбаса, ол да жоқ. Археологтер тапсырыс берушіге ғана есеп береді. Ол жеке тұлға немесе жеке компания болуы мүмкін. Бүгінде бір өкініштісі, қазба жұмыстарымен кәсіби археологтер де, археологияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар да айналысып жүр. Қазба жұмыстарымен шұғылданатын кейбір ЖШС-лар өз ғимараттарын музей секілді жасап қойған. Табылған заттарын ешқайда өткізбейді. 2016 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің экспедициядан табылған заттар өткізілуі керек деген бұйрығы шыққан. Оны орындап жатқандар некен-саяқ. Тағы бір ескерер дүние, әр қорғанның, қоныстар мен қалалардың қазу методикасы бар. Техника қолданатыны бар, қолданбайтыны бар. Топырағы көп қорымдарға техниканы мүлде қолдануға болмайды. Алматы облысында екі айда 170 қорған қазған бір компанияны білемін. Тонаушылар да бүйтіп қазбайтын шығар. Естігенде талып қала жаздадым. Археолог емес, тонаушы ғой бұлар. Сондықтан заңды күшейтіп, осының бәрін ретке келтірмесе болмайды», дейді жаны күйген археолог Ерден Оралбай.
Облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің директоры Талғат Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстанда жергілікті маңыздағы 319, республикалық маңызы бар екі археология ескерткіші бар екен. 147 археология ескерткіші алдын ала есепке алу тізіміне енгізіліпті. Мекеме басшысы жергілікті маңызы бар археология ескерткіштеріне 2009 жылы қорғау тақталары орнатылғанын, алайда табиғат құбылыстарының салдарынан кейбір қорғау тақталары бүлінгендіктен, алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа қорғау тақталарын жасап-орнату жоспарланып отырғанын айтты. Десек те археолог Е.Оралбай облыстың барлық аудандарындағы археологиялық ескерткіштер толық тізімге алынбағанын, кезеңдері анықталған арнайы жинақтың шығарылмай отырғандығын, бұл шаруа аймақ басшысы Д.Ахметовтің бастамасымен қабылданған «Шығыс Қазақстанда археологияны дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асса, сонымен қатар тек қорымдарды қазуға ғана емес, ескерткіштерді қорғауға, есепке алуға, мониторинг жасауға да көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы