Кешегі кеңестік кер заманда тілімізді, ділімізді тұншықтырып, бар күш-қайратын қазақты қан қақсатуға, басып-жаншуға жұмсаған Ворошилов, Дзержинский, Орджоникидзе, Калинин, Куйбышев секілді қызыл көсемдер біртіндеп Өскемен көшелеріндегі «жылы орындарын» босата бастады. Осыдан біраз уақыт бұрын облыс орталығындағы үлкен көшелердің бірі Ворошилов биыл 160 жылдығы аталып өтіп жатқан ойшыл Шәкәрімге берілетінін газетімізде сүйіншілеп жазғанбыз. Республикалық ономастикалық комиссия оң батасын берсе, ол күнге де жетерміз. Айтайын дегеніміз басқа. 12 қараша күні Өскемен қалалық әкімдігінде қоғамдық тыңдау өтіп, шаһардағы 16 көшенің (төртеуіне жаңа атау беру) атауын өзгерту мәселесі қаралды. Ең әуелі атаусыз 4 көшеге жаңа атау беру жайы қаралып, ол көшелерге ұлағатты ұстаз Жақия Шәйжүнісов, көрнекті ғалым Лев Гумилев, Армандастар және Мейірім атаулары ұсынылды.
Содан соң Октябрь көшесін қоғам қайраткері, алаш ардақтысы Мұхамеджан Тынышпаев, Крупская көшесін өнертанушы Евгений Брусиловский, Революционная көшесін қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақ, Советская көшелерін саяхатшы, поляк революционері Адольф Янушкевич пен музыка зерттеушісі Александр Затаевич, Дзержинский көшесін биыл 130 жылдығы аталып жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, Киров көшесін орыс жазушысы Антон Чехов, Орджоникидзе көшесін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Куйбышев көшесін Нарын, Калинин көшесін Шыңғыстау, Головков көшесін Бейбітшілік, Ізғұтты Айтықов көшесін Асар, Октябрь аралындағы атаусыз саябақты Самал деп атау жөніндегі ұсыныстар талқыға түсті. Қалалық мәслихат депутаттарының басым көпшілігі бұл ұсыныстарға қолдау білдіріп, қолдарын көтерді. Бір-екі депутаттың қол көтермей, қалыс қалғанын да байқадық. Қоғамдық тыңдауда қаладағы қосарланған көшелерге де жаңа атау ұсынылды (Ізғұтты Айтықов пен Советская).
Жиында 2002 жылы атау берілген Михаил Головков көшесінің атын өзгерту мәселесі де қаралды. Бұған ерекше тоқталып отырғанымыз, қоғамдық тыңдауда сөз сөйлеген қоғам қайраткері, «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков бұл кісі еліміз Тәуелсіздігін жариялаған жылдары Шығыс Қазақстанның бір бөлігін Ресейге қосып беру туралы ұсыныс айтып, халықтың береке-бірлігіне селкеу түсіргенін, кейін Жоғарғы Кеңес депутаты болғанда қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге қарсылық танытқанын жеткізіп: «Елдің арасына іріткі салған адамның атындағы көшеге Бейбітшілік атауының берілуін әділдіктің орнауы деп түсіну керек», – деді.
Қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының орынбасары Майра Екібасова жүргізген жиында Әлібек Қаңтарбаев, Түсіпхан Түсіпбеков, Серік Құсанбаев, Борис Щербаков, Сайлаухан Аухадиев, Гүлбаршын Абылғазина бастаған, Әділ Қаратай, Мұратхан Кенжеханұлы қостаған өскемендік зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жастар өз пікірлерін айтып, белсенділік танытты. Енді бұл ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН