Орталық Азияның көшпелі халықтары үшін «реформация» және «реформатор» деген ұғымдар бейтаныс әрі бөтендеу түсінік еді. Мұнда тіршіліктің дәстүрлі, бұлжымас ырғағы мыңдаған жылдарға дейін өзгеріссіз келді. Бұл үрдіс жаңа дәуір туып, көшпелілер өмірі біртіндеп өзгере бастағанға дейін жалғасты. Бұл өзгеріс социалистік жүйе мен құндылықтарға негізделген жаңа қоғам құруды мақсат еткен Кеңес өкіметінің ықпалымен жасалғаны белгілі. Ұжымдық реформаторлықтың тізгінін коммунистер партиясы өз қолына алды да, партия жетекшілері бұл шырғада тек ұжымдық мақсаттың атқарушылары дәрежесінде қалды. Олардың социализм құрылысына қосқан жеке үлестері тарихи процесті дамытудағы халықтың маңызды рөлі концепциясымен шектеліп, саясат сахнасына көрнекті тұлғалардың көтерілуі тек тарихи заңдылық ретінде ғана қаралды. Бірақ ХХ ғасырдың аяғында КСРО мен коммунистік блоктың құлау процесі бұрынғы кеңестік республикалар мен халықтың тағдырын республикалар басшылығындағы тұлғаларға тікелей табыстағаны сөзсіз. Посткеңестік қоғамның көрнекті реформаторларының қатарында қазір өз елін көптеген кеңестік көршілерімен салыстырғанда дамудың даңғыл жолына сәтті алып шыға алған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталып жүр. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде халық табысының өсу деңгейі бойынша Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орындағы ел.
Қарапайым еңбек адамының отбасынан шыққан Назарбаев инженерлік-техникалық білім алған соң барлық кеңестік лауазымдар баспалдағынан өткеннен кейін ең жас кеңестік премьер атанды. Ол кеңестік басшылардың қасаң саясаты мен консерваторлығымен күресе жүріп, қайта құру дәуірінде өзін талантты жетекші ретінде көрсете білді, осының нәтижесінде алып кеңестік саясат олимпінің биігіне көтерілді. Назарбаев үшін билікке барар жол соншалықты кедергісіз, әуел бастан дайындалып, шешіліп қойған еді деуге бола қоймас. Жан-жақты әлеуетті қарсыластарымен күресте толық жеңіске жеткен соң Назарбаев күйреген өкімет билігін өз қолына шоғырландырды да, қоғам өмірінің барлық салаларында бірқатар батыл реформалар жасады, осының нәтижесінде әлемдегі күшті, тәуелсіз, беделді қазақ мемлекетін құруда теңдессіз табыстарға қол жеткізді.
Назарбаевқа түрлі көзқарастар тұрғысынан қарауға болады: жақтастары оны барлық жағынан мадақтаса, қарсыластары ол туралы әңгімелерді сан-саққа жүгіртіп, қатаң сынайды. Бұл орайда ол да барлық уақытта миллиондаған адамдардың назарында болған ұлы тұлғалар тағдырынан қашып құтыла алмайтын шығар... Александр Македонский, Гай Юлий Цезарь, Ганнибал, Наполеон, Ли Куан Ю, Мохатхир Мохаммед т.б. осы жолдан өтпеді ме. Ұлы тұлғалар туралы дақпырттар, аңыздар мен әпсаналар өте көп болады. Ал қызықсыз тұлғалар төңірегінде мұндай әңгімелер айтылмайды. Адамзат жаратылысы осындай.
Саяси және реформаторлық қайраткерлігінен өзге Назарбаев әдебиетші, ғалым ретінде де танымал. Аса қарапайымдылығы мен айқындығының арқасында оның шығармалары саяси әдебиет классикасының қатарына енді әрі қазақ тілін оқып-үйренуде кеңінен қолданылуда.
Назарбаев туралы көптеген кітаптар мен мақалалар жазған авторлардың барлығы да оның алымдылығын, инновациялық әрекеттерге бейімділігін, күрт өзгерістерге тез икемделіп, соңынан дереу орындалуы тиіс шешімдерді жылдам қабылдай алатынын атап көрсетеді. Президент Назарбаевтың инженерлік, эксперименттік ойлау жүйесін, келешекті, қажетті шаралар модулін, идеяны көре білу қасиетін, халыққа түсінікті және қанаттандыратын мақсаттар мен міндеттерді жоспарлап, оны жүзеге асыруға қол жеткізе алатынын айрықша айта кету керек. Еуразиялық идеясы, қазақстандық даму жолын таңдау, Астананы әлемдік өркениеттер кіндігіне айналдыру, Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру, азиялық континентті ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру сияқты Назарбаев идеялары мен бастамалары адамзат идеалына, өз халқына адал қызмет етудің, әлемде бейбітшілікті сақтаудың бірден бір рухтандырушы үлгісі болып табылмақ!
Зайнидин ҚҰРМАНОВ,
Қырғыз Жогорку Кенешінің экс-спикері,
тарих ғылымдарының докторы, профессор