Көрмеге корей халқының «Хахве Бёльсингут Тальнори», «Бонсан Тальчум», «Суён Яру» және басқа да театрландырылған дәстүрлі би қойылымдарында қолданылатын маскалар қойылды.
«Бұл көрме – екі ел арасындағы мәдени-достық тығыз қарым-қатынастың айқын көрінісі. Маскалар шеруі арқылы корей елінің мәдениетімен, өзіндік ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға болады. Бүгінгі көрменің тақырыбы да ерекше. Корей халқының тамыры терең тарихынан сыр шертеді. Айтулы шара көпшілік көңілінен шығып, келушілер тарапынан оң бағасын аларына сенемін. Алдағы уақытта да тың бастамаларды бірлесе жүзеге асырып, жаңа шығармашылық жобаларға жол ашамыз деген ниеттеміз», деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.
Маска мәдениеті барлық халықта бар. Өнер әлемінің осынау айрықша түрін жер шарының түкпір-түкпіріне кездестіруге болады. Алайда олар әр елде өзіндік ерекшелікке ие. Бай тарихы сонау ежелгі Грекия мен Италия жерінен бастау алып, кейін әйгілі «дель арте» комедиялық театрының қалыптасуына негіз болып, атағы күллі әлемге жайылған өнер туындысының әр халықтың мәдениеті мен өмір сүру қалыбынан, дәстүр мен ділінен алар орны айрықша. Соның ішінде, әсіресе корейлер өміріндегі мәні мен маңызы зор. Келбеті үрей тудыратын құдайлар мен жануарлар бейнеленген өзге елдердің маскаларымен салыстырғанда, корей маскалары адам келбеті мен мінез-құлқын, көңіл күй сезімдерін шынайы бейнелейді.
«Көрмеде сіздер корей халқының дәстүрлі маска мәдениеті және оны дайындау әдістерімен таныса аласыздар. Бұл маскалар адамдар арасындағы өзара жылы қарым-қатынас, ниеттестікті нығайтып, бір-бірін күлдіріп, қуанту үшін жасалады. Маскаларда жануарлар, өзге де тіршілік иелері емес, тек қана адам бейнесіндегі күлкілі бейнелер суреттелген», деп Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ким дэ Сик көрменің өзіндік ерекшелігіне тоқталып, корей халқының мәдениетімен таныстырып өтті.
Айтулы көрмеге корей дәстүрлі маскаларының 61 түрі ұсынылып отыр. Осы арқылы Чосон династиясы кезеңіндегі Корея халқының өмір сүру дағдысы мен мәдениетіне тереңнен бойлап, жан-жақты мағлұмат алуға болады. Көрме 2018 жылдың 23 желтоқсанына дейін жалғасады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»