Бокс • 19 Қараша, 2018

Абылайхан ЖҮСІПОВ: Токио туралы айтуға әлі ерте...

527 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Ақтау қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды. 10 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің барлық өңірінен қатысқан былғары қолғап шеберлері сынға түсіп, өзара мықтыны анықтаған болатын. Бұл чемпионатта жеңімпаз атанғандардың дені ұлттық құрама сапында бұрыннан жүрген боксшылар. Айта кетерлігі, 69 келідегі финалдық кездесу Абылайхан Жүсіпов негізгі қарсыласы Асланбек Шымбергеновты жеңіп, құрамадағы бірінші нөмірлі боксшыны анықтап бергендей болды. Осыған орай, 69 килодағы Қазақстан чемпионы Абылайхан Жүсіповпен жедел сұхбаттасқан болатынбыз.  

Абылайхан ЖҮСІПОВ: Токио туралы айтуға әлі ерте...

– Биылғы Президент кубогының финалында Асланбекпен жолың түйіскенімен, кездесуге шықпадың. Осы жолы сол олқылықтың орны толғандай болды. Жалпы, Шымбергенов сенің көзқарасында қандай боксшы?

– Асланбек әлеуеті жоғары, тәжірибелі боксшы. 69 килода екі дүркін ел чемпионы. Сондықтан оны осал деуге болмайды. Жазда өткен Президент кубогының финалында жарақат салдарынан жұдырықтаса алмадым. Нәтижесінде жеңімпаз атанған Асланбек Азия ойындарына аттанды.  

– Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында спаррингке шыққан боларсыңдар. Ол кездері басымдық көбіне кімде болушы еді?

– Біз спаррингте де өте сирек кездестік. Себебі ол «Астана арландарының» сапында жүргендіктен, бірлесіп өткізген жаттығуларымыз аз болды. Ал жаттығу барысындағы бокста толығымен ашылмадық деп ойлаймын. Негізгі қарсылас болғандықтан көбіне жұмбақ күйде жүрдік.

– Алда көптеген жарыстар бар. Екеуара бәсеке әлі де жалғасары анық...

- Әлбетте! Мен чемпионат жеңімпазы болғаныммен, бұл Олимпиадаға бірден апаратын жолдама емес. Әрі дәл қазір «Жүсіповті Олимпиадаға апарамыз» деп ешкім де кесіп айта алмайды. Сондықтан, Токио туралы айтуға әлі ерте. Өйткені ішкі біріншілікте менің лайықты бәсекелестерім жеткілікті. Үнемі үздік екеніңді дәлелдеп отырмасаң, құрамадағы негізгі орныңды жоғалтып аласың. Алда маңызды турнирлерде биіктен көрінуге тиістімін.  

– Шымбергенов екеуің 69 килоның әр жылдардағы чемпионысыңдар. Дегенмен бұл жолы оған қарсы Стрельников сені әбден дайындаған тәрізді...

– Әрине, біз рингке бір-бірімізді толық зерттеп шықтық. Жекпе-жектерін қалт жібермей қарап, толық назарда ұстадық. Финалда көп қателестім деп ойламаймын. Александр Стрельников менің екінші бапкерім. Қазіргі салмағым бойынша боксшыларды баптауда оң нәтиже көрсетіп, Олимпиада чемпионын шығарған маман. Алда бірлесіп жұмыс істеп, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетеміз деп үміттенемін.  

– 64 килодан 69 килоға ауысқанына екі жыл болды. Жалпы, салмақ ауыстыруда қиындық болды ма?    

– Аса қиындық болған жоқ. Керісінше, 64 килода салмақ көп қуып жүрдім. Негізінен 69 кило менің тұрақты салмағым.

– Былтырғы Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінде өзбек боксшысын ұтуға не жетіспеді?

– Ол кезде Олимпиада жүлдегерімен бокстасуға менде мүмкін тәжірибе жетпеген болар. Жаңа салмаққа ауысқан екі жылдан бері халықаралық турнирлерде бақ сынап, Германия мен Финляндияда болдық. Жарыстарда мүмкіндігімізді көрсетуге тырыстық.  

– Бұл чемпионат 2020 жылғы Олимпиадаға негізгі құрамды іріктеп берді деуге бола ма?

– Мұндай шешім қабылдауға әлі ертелеу. Чемпион атанғаныммен бір сәтке де босаңсуға болмайды. Алда Шымбергенов сияқты тәжірибелі боксшылармен талай айқастар күтіп тұр. Сондықтан бапкерлермен бірлесе отырып, 69 килода №1 боксшы болу үшін еш аянып қалмаймын.    

Сіз не дейсіз?

Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:

– Бұл екі боксшы рингте алғаш рет кездесіп, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Абылайға берді. Жекпе-жекке қатысты әркімде түрлі пікір болуы мүмкін. Біреу Шымбергеновке жақтасады, бірі Жүсіпов мықты дейді. Меніңше, екеуі де келешегінен зор үміт күттіретін, айрықша сенім артып отырған спортшылар. Жекпе-жекте екеуі бірінен бірі айтарлықтай жоғары болған жоқ. Тең дәрежеде өткен кездесу болды деуге әбден лайық. Бірақ... Әрбір раундтың сәл басымдылығы көзге айқын көрініп тұрды. Сол басымдылық Абылайханнан байқалды. Төрешілер де соны ескеріп, жеңісті Жүсіповке берді.  Алда жоспар түзілгеннен кейін, халықаралық жарыстарға апарып сынға саламыз. Сол кезде кімнің шын мықты екені көрінеді.

Әңгімелескен

Жанкелді ҚАРЖАН,

Ақтау қаласы