Жалпы ауыл шаруашылығының еліміздің экономикасында алар орны ерекше. Сол себепті де Елбасы бұл саланы ұдайы басты назарда ұстап, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Биылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруды, соның ішінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді және алдағы үш жыл ішінде аталған саланы дамытуға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Осы мақсаттардың нәтижелі жүзеге асырылуына «Нұр Отан» партиясы да тікелей мүдделі.
Ақмол ауылына арнайы келген Мәулен Әшімбаев «Шаңырақ» басқарушы компаниясына қарасты жұмыртқа қорабын дайындайтын цехтың, құс етін өндіретін зауыттың және шұжық шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл өндіріс ошақтарының барлығы да заман талаптарына сай жаңа, цифрлы технологиялармен жабдықталып, табиғи таза, сапалы өнім шығарып отыр. Кәсіпорынның өнімдері Астана қаласы және Ақмола облысымен бірге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Тіпті алыс-жақын шетелдерге де экспорталатынын атап өткен жөн.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, оларды ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты басымдықтардың маңызына тоқталып өтті.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары осындай игі істерді жүзеге асыруда партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары белсенді жұмыс істейтінін жеткізді.
– Елбасының сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған барлық бастаманы жүзеге асыруға атсалысып, осы саладағы жұмыстарды қоғамдық бақылауға алады. Осылайша нұротандықтар Президентіміздің барлық стратегиялық бағдарламасын орындауға өз үлестерін қосады, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Шаңырақ» серіктестігі – тауық еті, шұжық және жұмыртқа өндірісі бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өндіріс ошақтарының бірі. Кәсіпорын басшысы Денис Плужниктің айтуынша, мекеме Астана қаласын құс еті өнімдерімен қамтуда маңызды рөл атқарып отыр. Тіпті елордамыздағы құс етінен тағам дайындайтын әлемге әйгілі асхананың өзі осы «Шаңырақтың» өнімдерін тұтынады екен.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев компанияның белсенді қызметкерлеріне партия атынан алғыс білдіріп, арнайы марапаттады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»