Қызметкерлерінің жалақысын өсіруге уәде беріп отырған батысқазақстандық компаниялардың 30-ы – өндіріс саласында, 11-і – ауыл шаруашылығы секторында, ал тағы 10 фирма тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс бағытында қызмет етіп жүрген ұжымдар.
Ең алдымен «Ақсайгазсервис» акционерлік қоғамы кәсіпорындағы жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысын 20%-ға көтеру туралы шешім қабылдады.
Қарашығанақ кенішінде, сондай-ақ Қашаған, Шынар (Чинарев) және Теңіз кен орындарында мұнай мен газды өндіру, өңдеу және тасымалдау нысандарын жайластырып, жоғары технологиялық сервистік қызмет көрсететін «Ақсайгазсервис» компаниясында 1800 адам қызмет етеді. Бұл – Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі жергілікті 100% қазақстандық компания.
– Біз Елбасының бастамасын толығымен қолдаймыз. Кәсіпорында салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын 327 қызметкеріміздің жалақысын биылғы қараша айынан бастап-ақ көтеруге шешім қабылдадық. Бұл үшін кәсіпорын бюджетінен қосымша айына 3,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Сөйтіп біз жылына 41 млн теңгеден астам қаражатты жалақы өсіруге жұмсағалы отырмыз, – дейді компания президенті Тілек Шектібаев.
Кәсіпорынның соңғы бір мүшел тарихында қосымша 1400 жұмыс орны ашылып, жұмысшылардың орташа жалақысы үш еседен аса өскен екен. Тағы бір айта кетерлігі, осы уақыт ішінде еңбекақы төлеу бір күн де кешікпеген.
«Ақсайгазсервис» АҚ кәсіподақ комитетінің мүшесі, көтергіш кран жүргізушісі Ирина Тукушева 2006 жылдан бері кәсіпорынның бүкіл ұжымы мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында 50% және жыл соңында «Он үшінші жалақы» аталып кеткен 100% сыйақы алатынын айтады. Бұдан бөлек, компанияда еңбек озаттарын ынталандыру, 8 наурыз қарсаңында әйелдерді құрметтеу, еңбек демалысына шыққанда әркімнің еңбек өтіліне қарай материалдық көмек көрсету – «Ақсайгазсервис» АҚ-ның қалыптасқан дағдысы.
Айта берсек, «Ақсайгазсервис» компаниясында қарапайым жұмысшының тұрмыс сапасын көтеруге арналған қолдау көп-ақ. Ұжымдық келісімшартқа сәйкес компанияның әр қызметкеріне сәбилі болғанда, 50 немесе 60 жасқа толған кезде қосымша сыйақы беріледі. Жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің сауықтыру орындарына барып, денсаулығын түзейтін қызметкерлер үшін жеңілдікті жолдама, ал олардың ұл-қызына санаторий мен сауықтыру лагерьлеріне тегін жолдама қарастырылған.
Одан бөлек, еңбек ұжымын саламатты өмір салтына шақырып, ішкі татулықты арттыратын отбасылық сайыстар, ұлттық киім, ұлттық дастарқан мәзірі байқаулары, шаңғы жарысы, жүзуден, волейболдан, шағын футбол мен шахматтан, т.б. бұқаралық спорт түрлерінен түрлі сайыс бірінен соң бірі өтіп жатады. Міне, ынтымағы жарасқан осындай ұжым басшылары қарапайым қазақстандықтардың табысы пен тұрмыс сапасын арттыру жайлы Елбасы бастамасына ықыластана үн қосты.
Өңірдегі «Гидроприбор» АҚ, «Стройкомбинат», «Орал механика зауыты», «Жайыкагро-ЛТД» ЖШС-лері, «Уральскагрореммаш», «Нұржанар» акционерлік қоғамдары, «Стекло Сервис», «Казармапром», «ТМК-Казтрубпром», «Аяз», «Квант» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де өз қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға ден қойған. Бұл аталған кәсіпорындарда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көтеріліп, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден жоғары болмақ.
– Жаңа жылдан бастап «Квант» ЖШС-дегі ең төменгі жалақы мөлшері 61 мың теңге болады. Біз мемлекеттік қолдау арқасында корпусты жиһаз жасайтын жаңа фабрика ашып отырмыз. Цехтарымыз ең заманауи жабдық саналатын германиялық «Hомаg», италиялық «Griggiо» құралдарымен жарақтанған, – дейді кәсіпорын басшысы Дмитрий Пшеничный.
Оралда жүн өңдеп, пима, киіз секілді түрлі бұйым шығаратын «Аяз» компаниясы ең көне өндіріс орындарының қатарында. Қыс жақындап, күн суытқанда «Аяздың» өніміне сұраныс та артады. Айта кетейік, «Аяз» кәсіпорны бүгінде металл «сүйекті» киіз үй, жорық лашықтары, сауда қатарлары, мұнай-газ, агросектор, төтеншеліктер, т.б. сала қызметкерлері үшін арнайы киімдер шығарып, көпшілік көңілінен шығып жүр.
– Біз халықтың әл-ауқатын арттыру туралы Елбасы бастамасын толығымен қолдаймыз. Өз тарапымыздан күні бүгін 38 мың теңге жалақы алып жүрген 26 қызметкеріміздің айлық табысын 60 мың теңгеге көтеруге шешім қабылдадық. Көріп отырғандай, жалақы екі есеге жуық көтерілмек, – дейді компания директоры Амангелді Ермекқалиев.
«Караванный путь» құрылыс компаниясының директоры Замир Ихсанов Елбасы үндеуін алғашқылардың бірі болып қолдап, қызметкерлерінің айлық еңбекақы мөлшерін өсіріп үлгергенін айтады.
– Біздің компания Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайды. Біз әрдайым өз қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отырамыз. Жолдаудан кейін компанияда қызмет ететін бүкіл ұжымның жалақысын 20 пайызға, ал төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлық табысын 35 пайызға көтердік. Қазір біздің компанияда ең төменгі жалақы мөлшері – 67 мың теңге, – дейді З.Ихсанов.
Елімізде арнайы техника шығаратын ірі кәсіпорынның бірі – «Агрореммаш» АҚ басшылары да игілікті бастамаға үн қосушылардың бірі. 60 жылдан бері бүкіл Қазақстан өңірі мен жақын шетелдерді арнайы өрт сөндіргіш техникамен, қалалық абаттандыру мекемелері үшін қажетті су тасу-суару техникаларымен қамтып келе жатқан мекеме бүгінде автоцистерналар, тіркемелі коммуналдық техникалар, еуроконтейнер және басқа да түрлі металл құрылғыларын шығарумен де танымал.
– Еңбек еткен адам сол еңбегіне лайықты жалақы алуы тиіс. Бұл бағытта Елбасы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Жалақыны өсіру, сол арқылы халықтың жағдайы төмен тобын әлеуметтік қолдау – дұрыс мәселе. Біздің компания да 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеден асыруға шешім қабылдады, – дейді компания директоры Армат Дүйсенов.
2017 жылдың соңында оралдық «Пош Руно» фирмасында тері өңдейтін жаңа зауыт іске қосылған болатын. Оның қуаты жылына 182 мың ірі қара терісі мен 624 мың қой-ешкі терісін өңдеуге жетеді. Кәсіпорын шығаратын өнімнің бір жылдық құны 2,2 млрд теңгеге жетпек. Қазірдің өзінде зауыт шығарған өнім отандық нарықтан бөлек, Түркия мен Еуропа елдеріне экспортталып жатыр екен. Кәсіпорын директоры Ерлан Ілиясов бұл жетістіктерге Елбасы жүргізіп отырған экономикалық саясаттың нәтижесінде қол жеткіздік деп санайды.
– Елбасының осы Жолдауы да мемлекеттік саясаттың әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын көрсетіп отыр. Бүкіл әлем бойынша әлеуметтік бағдарламалар азайып, көптеген мемлекет өз халқы алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындай алмай отырған дағдарыс сәтінде Елбасының бұл бастамасы – өте маңызды қадам деп есептейміз. Біз де өз кезегімізде ең төмен жалақы алатын 50 қызметкеріміздің жалақысын көтеруге шешім қабылдадық. Қаңтар айынан бастап олар айына 92 мың теңге алатын болады, – дейді «Пош Руно» ЖШС басшысы Ерлан Ілиясов.
Кәсіпорын басшыларының игілікті бастамаларын құп алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өз кезегінде бұл компаниялардың алдағы қызметі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісінде жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы