11 Ақпан, 2012

АСТАНА: Жаңа маусымға – жаңа серпіліс

331 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

АСТАНА: Жаңа маусымға – жаңа серпіліс

«Астана» велоклубы үшін өткен маусым сәтсіздеу аяқ­тал­ды. Мұны команда басшылығы да мойындап отыр. «Джиро де Италия» көпкүндігінің команда­лық есебінде топ жарды деме­сеңіз, «Астана» алысқа шаба алмады. «Астананы» қашанда би­ік­тен көруге дағдыланған жан­күйер көңілі қоңылтақсып қал­ды. Шабандоздардың бабы ке­ліс­кенімен, бағы шаппаған сәт еді бұл. Жығылғанға жұдырық, Александр Винокуровтың «Тур де Франстағы» жарақаты да командаға үлкен соққы болды. Дегенмен, болары болды, бояуы сіңді. Өткен маусымнан қайыр болмады деп қайғыруға болмас. «Астана» әлі спорттық аренада. Бедел, мүмкіндік бар. Ендеше, жаңа ғана шымылдығын түрген 2012 жылғы маусымнан жеңіс күтсек, артық емес.

 

«Астана» велоклубы үшін өткен маусым сәтсіздеу аяқ­тал­ды. Мұны команда басшылығы да мойындап отыр. «Джиро де Италия» көпкүндігінің команда­лық есебінде топ жарды деме­сеңіз, «Астана» алысқа шаба алмады. «Астананы» қашанда би­ік­тен көруге дағдыланған жан­күйер көңілі қоңылтақсып қал­ды. Шабандоздардың бабы ке­ліс­кенімен, бағы шаппаған сәт еді бұл. Жығылғанға жұдырық, Александр Винокуровтың «Тур де Франстағы» жарақаты да командаға үлкен соққы болды. Дегенмен, болары болды, бояуы сіңді. Өткен маусымнан қайыр болмады деп қайғыруға болмас. «Астана» әлі спорттық аренада. Бедел, мүмкіндік бар. Ендеше, жаңа ғана шымылдығын түрген 2012 жылғы маусымнан жеңіс күтсек, артық емес.

«Астана» жыл сайын мау­­­­сым­ашар тойын жасауды әдетке айналдырған. Бұл – жанкүйер­ден бата алып, дастарқан жайып, команданың құрамын таныстырар жиын. «Астананың» мау­сым­дық тұсаукесер тойы осыған дейін өзіміздің елордада, Монакода, Венада өткен. Осы жолы команда басшылығы маусым­ашар жиынды Испанияның Кальпе қаласында өткізуді ұйғарып­ты. Кальпеге арнайы түсірілім жасауға, команданың жаңа тынысын жазуға шеттен ағылып біраз журналист келген. «Аста­наның» қолдауымен Қазақстан­нан да бірнеше тілші Испанияға жол тарттық. Сапарымыз барысында «Астананың» жаңа құра­мымен танысып, биылғы мау­сым­ға жоспарын білдік. Енді бар­лығын рет-ретімен баянда­лық.

Жаңа маусым және жеңіске деген үміт
Маусымашар жиында ко­ман­даның жаңа құрамы таныстырылды. 2012 жылғы додаларда клуб намысын 28 шабандоз қор­ғайды. Оның тоғызы «Астана­ның» көк жейдесін алғаш кигендер. Командаға жаңа қосыл­ған­дардың ішіндегі танымалдылары қос словениялық – Янец Брайкович пен Борут Бозич. 28 жастағы Янец «Грузия туры­ның» жеңімпазы, «Германия ту­рының» екінші, «Джиро Д Ломбардия» бәйгесінің үшінші орын иегері. Ал орда бұзар отыздағы Бозичтің де қоржыны бос емес. «Вуэльта Куба», «Сербия туры», «Словения туры» сынды додаларды ұтқан. Міне, осы қос жігіт биыл команданың негізгі күш­терінің бірі болмақ.
Бұған қоса, «Астана» сапында өзіміздің Александр Винокуров, Андрей Кашечкин, Асан Базаев, Максим Иглинский бар. Бұл тізімге жүйрік Энрико Гас­паротто (Италия), Роман Крой­цигерді (Чехия) қосыңыз. Осы мықтылармен «Астана» биыл кез келген шыңды бағындыруға қауқарлы көрінеді.
Сонымен, таныс болыңыз «Ас­тананың» жа­ңа жарыс жылына ұсынған команда құрамы: Александр Винокуров, Асан Базаев, Александр Дьяченко, Дмитрий Фофонов, Дмитрий Груздев, Мак­сим Иглинский, Валентин Иглинский, Андрей Кашечкин, Сергей Ренев, Евгений Непомнящий, Андрей Зейц, Дмитрий Муравьев (бәрі – Қазақстаннан), Энрико Гаспаротто, Франческо Гавацци, Джакопо Гуарньери, Франческо Машарелли, Симоне Понци, Паоло Тиралонго (бәрі – Италиядан), Андрей Гривко (Укра­ина), Танел Кангерт (Эстония), Фредрик Кессиакофф (Шве­­­ция), Роберт Кисерловски (Хорватия), Роман Кройцигер (Чехия), Евгений Петров, Егор Силин (екеуі де – Ресей ), Кевин Зеелдрейерс (Бельгия), Янец Брайкович, Борут Бозич (екеуі де – Словениядан).
Ал команданы алға сүйрей­тін, шабандоздарға жол сілтер команда әкімшілігінің биылғы құрамына да білікті мамандар еніп отыр. Бас менеджер италия­лық Джузеппе Мартинелли, ал спорттық директорлар құрамы мынадай: Александр Шефер (Қа­зақстан), Дмитрий Седун (Қазақ­стан), Гвидо Бонтемпи (Италия), Горазд Стангели (Словения).

Александр Винокуров: «Жанкүйер үмітін ақтау – парыз»
Александр Винокуров биыл спорттық ғұмырына нүкте қой­мақ. Вино Лондонды көздеп отыр. Сиднейдегі жеңісті қай­та­ласам дейді. Несі бар, батыр қашанда алысқа көз тастайды емес пе? Тақиямызға қандай жүл­де болмасын, тар келмес. Қазақ вело­спортының жарық жұлдызын әңгімеге тарттық. Винокуров «Ар­ман орындалу керек. «Астана» үшін өткен маусымдағы сәт­сіздіктің орнын толтырар сәт жет­ті. Біздегі мақсат «Джиро де Италия» мен «Вуэльта». Осы екі гранд турда оза шауып, бәйге алсақ деген жоспар бар. Жарақат жанымызға жоламаса биылғы құрамның шабысы мықты. Кез келген додаға фаворит ретінде аттанамыз. Бізден жеңіс күтер жанкүйер үмітін ақтау парыз» деп қысқа қайырды. Ал коман­даның бас менеджері Джузеппе Мартинеллидің жоспары жой­қын. «Астананы» пұшпаққа шы­ғарсам деп жанталасып жүр. Клубтың спорттық директорлары да жаңа маусымнан көп жеңіс күтіп отыр.
– Биыл команданың құрамы­на бірнеше мықты спортшылар алдық. «Тур де Франста» топ жару қиынға соғар. Бірақ «Вуэльта» мен «Джиро Д Италиядан» құр қайтпаспыз. Басқа да бәйгелерде жүлде алу жоспарда бар. Жылдың басты додасы – Лондон олимпиадасы. Қазір қал­тада екі жолдама бар. Бірі Ви­нокуровтың еншісінде. Винодан жүлде дәметеміз. Сәтін салса, Қазақстан велоспортының айы оңынан туар. Себебі, бізде қар­жы, мықты маман, жүйрік ша­бан­доздың бәрі бар. Енді керегі жақсы нәтиже ғана, – деп ағы­нан жарылды команда директоры Александр Шефер.

«Астана-2» –  Қазақ велоспортының болашағы
Өткен жылы елімізде жас ша­бандоздарды шыңдайтын «Ас­та­на-2» командасы құрылғаны бел­гілі. Бүгінде бұл команда Эквадор елінде жаттығуда. Құра­мында Қазақстан велоспорты­ның ертеңі саналатын жастар тәрбиеленуде. Олар ертеңгі күні бас «Астананың» құрамын то­лық­тырар кадр. Қазақстанның намысын құрлықтық сындарда қорғайтын команданың алға қой­ған мақсаты айқын. Жапония, Қытай, Иран турларында топ жарсақ деп отыр. Сондай-ақ, «Ұлттар кубогында» тәуір нәти­же көрсету негізгі міндет. Қуа­ныштысы сол, «Астана-2» са­пындағы барлық спортшылар қазақстандық. Өз келешегімізді дайындап жатқан жайымыз бар. Тіпті болашақ Винокуров, Контадорлар осы жерден шықпа­сы­на кім кепіл. «Астана-2» нағыз шабандоздар ұстаханасы болса, қане! Күтейік, игі іс өз жемісін берер уақыт алыс емес. Мақсат Аязбаев – қазақ велоспортының болашағы.
Бүгінде «Астана-2» команда­сы­ның сапында жүрген қазақ ұланы Мақсат Аязбаевтан мамандар үлкен үміт күтіп отыр. Көбі Мақсатты Винокуровтың ізін басуға негізгі үміткер санайды. Винокуровтың өзі де Мақ­саттың жолына үлкен үмітпен қарайды. Талдықорған маңын­да­­ғы ауылдан шыққан Мақсат «Тур де Франста» топ жарып жатса нұр үстіне нұр емес пе? «Корея турында» топ жарып, Италия жолдарынан жүлде терген Аязбаев қазір бар Алаштың үміті.

ТҮЙІН. «Астана» биылғы маусымға дайындығын пысықтап жатыр. Қазір Испанияның таулы шат­қал­дарында жаттығуда. Енді ақпанның ортасында команда Малайзияға жол тартады. Азия чемпионаты мен «Малай турына»… Бұл сындарға біздің велошабандоздар жеңіске басты үміткер ретінде аттанбақ. Ендеше, іске сәт!

Руслан ОРМАНБЕКҰЛЫ,  арнайы «Егемен Қазақстан» үшін – Кальпеден (Испания).