Өңір басшысы «Идеал Пласт CONSTRUCTION» ЖШС-нің металл-пластикалық терезелер мен витраждар шығаратын фабрикасында болды. Фабрика 2009 жылы ашылған. Бүгінде мұнда өндіріс процесін 80 пайызға дейін автоматтандыруға мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы түрік жабдығы орнатылған. Бұл жоғары халықаралық сапа стандарттарын сақтауды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын басшысы Аркадий Яковлевтің айтуынша осыған ұқсас жабдық тек Алматыда ғана бар.
Фабрикада 25 адам жұмыспен қамтылған. Орташа еңбекақы 90-110 мың теңге. Толық іске қосылған кезде мұнда жылына 215 мың шаршы метр терезе мен 120 мың шаршы метр витраж шығара алады. Өнім Қазақстанның барлық өңірінде жоғары сұранысқа ие.
Өндірісті қарап шыққан облыс әкімі даму жоспарымен танысып, техникалық жарақтануы мен жоғары технологиялық жабдыққа таңданғанын жеткізді.
- Технологиялар мен инновациялардың болашағы бар. Әріптестеріңіз – шағын және орта бизнес өкілдері сіздерден үйренсе ғой. Өз кезегімізде, біздер дамып, экспортқа шығып, заманнан ілгері жүретін жергілікті өндірушілерге жан жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл үшін көптеген мемлекеттік қолдау шаралары бар, деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кету керек, 2019 жылы фабрика өнім түрлерін кеңейтпек.
- «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ламинатталған және боялған ПВХ-профильдерін шығаруды жолға қоюды жоспарлап отырмыз, - деді жоспарларымен бөліскен Аркадий Яковлев.
Сондай-ақ, облыс әкімі мұнай-газ саласындағы өнеркәсіп нысандарын жобалау, салу, жаңғырту және техникамен қайта қаруландыру қызметтерін көрсететін «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» ЖШС – көпсалалы инженерлік-құрылыс және өндіріс кәсіпорнына барды. Мұнда мұнай қыздыратын пештер, бу генератор қондырғылары мен басқа да мамандандырылған жабдықтар өндіріледі. Бүгінде кәсіпорынның 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан серіктестері Қазақстандағы ірі мұнай өндіретін, энергетикалық және мұнай сервис компаниялары болып табылады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»