Дипломат ретінде бұл мәселенің халқымыздың барша әлеммен – жақын және алыс шетелдермен қарым-қатынас тарихына да қатысы бар екендігін атап өткім келеді. Президент Н.Назарбаев Қазақстанның шекаралас мемлекеттермен аумақтық мәселелерін реттеді, көршілес елдермен және ірі мемлекеттермен достық және стратегиялық серіктестік қатынастарын орнатты және өзара тиімді аймақтық экономикалық ынтымақтастық жүйесін құруда. Тарихтан алған сабақтар Қазақстанды жаһандық ядролық қарусыздану және таратпау, халықаралық деңгейдегі саяси сенімділік пен ынтымақтастықты нығайту, қақтығыстар мен дағдарыстарды реттеу мәселелерінде белсенді әрі батыл позиция ұстануға, трансұлттық экономикалық жобаларды ілгерілетуге жетелейді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Қазақстан халқына ғана емес, халықаралық қауымдастыққа – академиялық топтарға, тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, мұражай және мұрағат ісінің мамандарына, журналистерге арналған. Нұрсұлтан Назарбаев әлем жұртшылығын дала өркениетінің мәдени және тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырады. Сол себепті, Сыртқы істер министрлігі бұл еңбекті әлемнің көптеген тілдеріне аударады.
Сонымен қатар сыртқы саяси ведомство Мемлекет басшысы ұсынған тарихи сананы жаңғыртудың барлық жобаларын іске асыруға белсене атсалысады. Өйткені олардың барлығының халықаралық мазмұны бар. Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның елшіліктері біздің зерттеушілерге аса ірі шетелдік архивтермен жұмыс істеуде қажетті көмек көрсететін болады. «Ұлы даланың ұлы есімдері» – біздің танымал, қадірлі және жер шарының әр түкпірінде ұлағатқа ие ұлы ата-бабаларымыз. Біздің міндетіміз – олардың бейнелерін есте сақтау, олар қалдырған мұраны зерттеу және мәңгі есте қалдыру. Бізді 2019 жылы Астана қаласында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізу және түркі тарихын зерттеу бойынша еліміздің және шетелдік ғалымдармен бірлескен үлкен жұмыс күтіп тұр. Дипломаттар мұражайлық және кинематографтық жобаларды іске асыруға, дала фольклоры антологияларын шетел тілдеріне аударуға және біздің ежелгі өнеріміз бен технологияларымызды әлемдік деңгейде ілгерілетуге дайын.
Бұл жобалар біздің ЮНЕСКО, ИСЕСКО-мен ынтымақтастығымызды, ТМД-мен, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесімен және басқа да ұйымдармен гуманитарлық саладағы қатынастарды күшейтіп, байытады.
Біз сондай-ақ қоғамда зор серпіліс тудырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанға жасалған баспасөз турларын ұйымдастыру үдерісін жалғастыратын боламыз. Мұны біз Мемлекет басшысы ұсынып отырған еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, қазіргі заманның мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға зор үлес қосатын аса үлкен жұмыс деп есептейміз.
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі