Отарлау кезеңінде бізді, қазақтарды, тарихы болмаған, болмысы, бет-әлпеті жоқ, даланы кезіп жүрген халық ретінде көрсету әрекеттері болды. Біз сол жүйелі әрекеттердің арқасында өзіміздің тарихымыздан айрылып қалдық, тарихты есімізге алғымыз келмеді, «тарихтан шаршау» синдромына іліктік. «Халықты құртқың келсе, оның тарихын құрту керек, тарихын білмеген халық тобырға айналады» деген аспект бар. Біз осынау «мәңгүрттік» заманды да басымыздан өткердік... Жаһандану процестері ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптай отырып, болашаққа бағдар жасауды талап етеді.
Жаһандану әрқашан болған. Халықтардың Ұлы көші, Алтын Орда, Дели сұлтанаты Ұлы даланың сценарийімен болған жаһанданудың жобалары. Осы тарихи жобалардың жетістіктерін әлі күнге дейін Батыс иеленіп, пайдаланып келеді. Атты қолға үйрету, үзеңгі, металлургия, алтын өңдеу технологиялары біздің қасиетті жерде пайда болған. Осы жайт Батыс тарихнамасында жабулы қазан болып тұр.
Ғылыми-техникалық прогрестің тарихшысы Линн Уайт «Үзеңгіні жасау адамзат тарихында ұшақ, автомобильді жасаумен тең революция жасады» дейді. Бізге тарих арқылы, өзіміздің болашағымызға жол салу қажет...
Ерлан САИРОВ,
Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары, саясаттанушы