Аймақтар • 22 Қараша, 2018

Балалар Барнаулға неге барады?

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мектеп бітіре салысымен Ресей­дің жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын қазақ­стандық түлектер легін тоқтату керек. Семейдегі Экономикалық лицейде қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың төраға­лығымен өткен ата-аналар ко­ми­теті және тәрбие, білім мә­селелеріне орай қоғамдық тың­дауда осы мәселе көтерілді. Бұл төрт жылда бір рет өтуі тиіс жиын екен.  Кеңесте көптеген проблема талқыланды. Отбасы орталығы, Саламатты өмір салты орталығы, мектеп инспекторлары тұрғындардың ұсыныстарына ден қойды.

Балалар Барнаулға неге барады?

− Мектеп асханасындағы ба­лаларға берілетін астың дұрыс болуын қадағалайтын арнайы мониторингтік топ құрдық, − деді Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко, − ата-аналар­­ды осы топ құрамына енуге шақырамыз. 

Семейдегі мектеп бітірген тү­лект­ер жыл сайын топ-тобымен Ресейге кетіп жатыр. Бұл жастардың Қазақстандағы жо­ғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі жоқ. Себебі ҰБТ-да жинаған балы төмен. Осы орайда ата-аналардың бірі Лилия Викторовна оқушылардың жыл бойы мектепішілік ҰБТ емтихандарын 90-нан жоғары балға тапсырғанымен, жоғары оқу орнына барғанда жинайтын балы төмендеп қалатынын, сондықтан бұл шәкірттердің елімізде қалуына бір амал жасау керектігін жеткізді. 

− Иә, мұндай проблема бар, − деді Н.Фесенко, − Семейде мек­теп бітіргендер Ресейдің көр­­ші Барнаул қаласына оқуға түсуді әдетке айналдырған. Он­да білім беру деңгейі ММУ-мен бірдей емес. Қазақстандық оқушылардың туған жерінде білім алуы үшін жыл бойы мектепте тапсырған емтихандары да есепке алынуы тиіс. Мұны біз қолдаймыз. Болашақта бір оңтайлы шешімі жасалады.

Сол сияқты қала маңындағы При­город орта мектебінен кел­­ген Мейрамгүл есімді ата-­ананың айтуынша, ба­ла­лар­ға арналған тегін үйір­ме, спорттық секциялар бол­ға­ны­мен, онда сабақ беретін тұ­рақты адам жоқ. Егер күзде үйір­ме жетекшісі бір ай ең­бек демалысына шықса, қыс түсе аяз басталып, сыртқа шы­ғу мүмкін болмай қалады. Сондықтан тұрмысы төмен от­басылардың балалары үшін тегін үйірме, секциялар үзбей жұмыс істеп тұруы тиіс. Бұл балалардың, жасөспірімдердің арақ пен темекіден, басқа да лас әрекеттерден, бос жүрістерден аулақ болып, уақыттарын ма­ңыз­ды өткізуіне сеп болмақ.    

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан» 

СЕМЕЙ