Президент • 26 Қараша, 2018

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы пікірлер

8128 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы пікірлер

Түп-тамырымызды жете танудың жолы

Саналы ғұмырының 45 жылын ежелгі далалықтардың өткеніне куәлік берер табылған қазба деректердің, жазба деректердің, ауызша деректер­дің мәліметтерін кейінгі жетілген әлем­­дік ғылымның жетістіктерімен са­лыс­­тыра, салғастыра зерделеп, бір­неше еңбек­ жазып, ғылыми орта­дан соның лайықты бағасын ала алмай, торығып жүрген мен үшін Ел­ба­сымыздың 21 қараша күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рық көрген «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағдарлама­лық мақа­ласы ерекше қуат берген, ат­қар­ған ісімнің пайдалылығына сені­мім­ді арттырған рухани тіректей болды. Мақалада айтылған ой-тұжы­рым­дардан өзімнің тарихқа деген ұстанымымның дұрыстығын, бағыт-бағдарымның айқындығын көрдім. Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне орай Президентіміздің: «Біздің дүниетанымымыздың, хал­қы­мыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тіке­лей қатысты», деп нақты санамалап көр­сеткен алты ірі жоба тезірек жүзеге асса екен деп тіледім.

Елбасымыз аталмыш мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», деп бастап, мұның «жай ғана әдемі афоризм еместігін» ескертіпті. Айтылған ойдың астарынан «бұл – тарихи шындық» деген тұжырым сығалап тұр. Демек уақыт пен кеңістіктің көк­жиегі тоғысқан кезде басталған осы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі күрделі түйінін шешуге ұм­тылу – баршамызға ортақ міндет. Бас­қаша айтқанда, төл тарихымыздың төлтума болмысын өзіміз ғана біліп қоймай, оның ешкімнің тарихы­нан кем еместігін өзгелерге де таны­т­ар­лық тарихқа деген дұрыс ұстаны­мы­мыз болуы қажет. Бұл ретте Пре­­­зи­дент мақаласында санамалап көр­сет­кен Ұлы Даланың жеті қыры ар­қылы біздің ғалымдарымыз бен тарих­­шыларымызға ежелгі ұлы­да­ла­лық­тардың адамзат баласы жасаған өр­кениеттің бастауында тұрғанын меңзеп, «Қазақстан тарихы да жеке жұр­нақ­тарымен емес, тұтастай қал­пында қазіргі заманауи ғылым тұрғы­сынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті» дейді. Шындық сөз. Расында да, оған қажетті дәйектер жетіп-артылады. Тек көре білер көз, тани алар мол таным, жүзеге асырар ынта болсын деңіз. 

Біздің бай тарихымыз бар. Бұл – Елбасымыз мысалға келтірген неміс­тердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамаларындағы баяндалған жетістіктерден артып түс­песе, бір де кем емес тарих. Бірақ біз­дің тарих, өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеленбеген, хат­талып қағазға түспеген тарих. Мұ­ның бұлай болуының себептері де сан алуан. Бұл ретте Елбасы өзі­нің мақаласында: «Еуроцентристік көз­­қарас сақтар мен ғұндар және бас­қа да бүгінгі түркі халықтарының ар­ғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі бол­­ғаны туралы бұлтартпас факті­лерді көруге мүмкіндік берген жоқ», дей­ді. Шынында, ғылымда үстем­дігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалау­ларына қарай төбебилік жа­сау­ға әбден машықтанып алған еуро­центрис­тік бағыттағы ғалымдар соң­ғы ғасырларда өзгелермен санасу­ды бір­жола жиып қойып, әр халық­тың төл тарихын тек бірыңғай еуро­па­лық таным-түсінікте ғана жазуға, жаз­дыруға қол жеткізді. Соған орай өз­­­дері­­нің жеке тұжырымдарын, Л.Н.Гумилев айтқандай, «талдап, та­л­қы­лауға жатпайтын ғылым же­тіс­тігі» ре­тінде ғылымға енгізді. Осы арқылы өз т­а­ным­дарын өзгеге теліп, адамзат бала­сы­ның кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсі­нікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениеттілер», «мәдениеттілер»; ал оған сай келмейтіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тану заңдылыққа ай­налды. Соның нәтижесінде еуропа­лық емес халықтардың дүниені еуро­па­лықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы – білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осының салдарынан көшкінші халықтар уақыт өте келе ғылыми танымды былай қо­­йып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қара­­пайым өмірлік төл танымын да еуро­­палық таныммен алмастыруға мәж­­бүр болды. Бұған көрнекі айғақ ретінде қазіргі таңда Шығыс халық­тары­­ның алыс пен жақынды өз та­ным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс ел­дері­мен шектесіп жатқан шалғай өңір­ді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Мұның тек еуропалықтар үшін ғана солай, ал өздерінің таным-түсініктері­не мүлде кереғар екенінде қазір ешкім­нің шаруасы жоқ. Өкініштісі, бұл тек географиялық танымға ғана қатысты емес-ау!.. 

Қазіргі ұрпақтың тарихи санасы, міне, осындай жағдайда, яғни еуро­палық таным-түсінікте жазылған тарих негізінде қалыптасты. Сол се­беп­­ті де байырғы отырықшылар мен көш­­кін­­шілердің бүгінгі ұрпақтары бұл күн­де өздерін қанша жерден жан-жақ­­ты білімдіміз, тарихи сауаттымыз де­ген­д­ерімен, жасыратыны жоқ, әлі күн­ге өздерінің ежелгі ата-бабалары жө­нін­­дегі тарихи таным-түсініктері осын­дай. Ішкі түйсік қарсылығы­на қара­­мас­тан, бірі – өздерін ежелгі өр­ке­­ниет­­тілердің, екіншісі – өздерін ежел­­­гі жабайы­лардың ұрпағымыз деп сезінеді. Өйткені тағылым алар ортақ тарих танымы ұрпақ санасын осылай қалыптастырған. 

Президент мақаласында осы қа­лып­тасқан қасаң тарихи сананы қайта жаңғырту қажеттігін қадап айтып, оны жүзеге асырудың нақты жол­дарын атап-атап көрсетіпті. Алды­мызда енді соны науқанға айналдырмай, аса біліктілікпен, іскерлікпен ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Тарихты қол­дан жасауға болмайды. Бірақ бар та­рих­қа байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кем­шілік­терді ғылыми зерде елегінен өт­кізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет бол­мақ. Тарихқа қалам тартқан әр тарих­шының оқумен тапқан білімін, өмір­ден түйген білігін домбыраның саз­ды әуен шығарған қос шегіндей үй­лес­тіре білумен бірге, қаламына өз­інің ар-ожданын қатаң бақылаушы ет­кені жөн. Сонда ғана ұлтына, адам­зат­қа адал қызмет етіп, ұрпақ санасын дұрыс қалыптастыратын тарих жазылмақ.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жетелейді 

Ұлы даланың жеті қыры­ның кез келгені – Қазақ елі­нің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу техноло­гиясы, өз жазуы мен мифо­логиясы бар озық мәде­ниет­ті Қазақ елінің рухани бай­лығының айшықты бел­гісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, түр­­кі әлемінің бесігі санала­тын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік эко­­номиканың өркенденуіне сеп­тігін тигізген − Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ елінің ұлт­тық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар. 

Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, на­си­хаттау әрі сақтау елді бекем­деудің тікелей кепілі. Ай­ты­лып өткен мәдени құн­­ды­лық­тарымыздың қо­ғам сана­сының тарихи жа­ңаруы үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып отыр­ған жобалар толықтай жауап беретіні анық. Оның ішінде, ежелгі дәуірден қа­зір­гі заманға дейінгі кезең­ді қамтитын барлық отан­дық және шетелдік мұрағат­тар дү­ниесіне елеулі іргелі зерттеу­­лер жүргізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағ­дар­ла­ма­сын іске асыру елі­міз­дің тарихын түгендеуге мүм­кіндік береді. Түркі әлемі ежел­ден Қазақстан­ды − күл­лі түркі халықтары­ның қа­сиетті қарашаңыра­ғы ретін­де мойындайды. Ал Түркі­стан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін кие­лі орын болып саналады деген сөздер әр­бір қазақ­тың жү­­ре­гіндегі мақ­таныш сезі­мін оятады деп ойлаймын. «Түр­кі өр­ке­­ниеті: түп-тамыры­нан қазір­­гі заманға дейін» ат­ты жо­б­а­ның аясын­да Түркі­стан қа­ласында, тарихи мұ­ра­­ла­рымыздың негізін­де түр­кі әлемінің орталығын – музейін ашу, өткенмен қазір­гі уақыттың тығыз байланысын көрсетумен қатар, келесі ұрпақ үшін де маңызы зор болар еді.

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ла­масының жалғасы бо­ла­­­тын Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға ба­­ғыт­талған ұсы­ныстары мем­­ле­кетіміздің ны­ғаюына сеп­тігін тигізетініне то­лық сенім­­­дімін. Өйткені тари­хын біл­ген ел ғана өткеннен са­бақ а­лып, жарқын болашаққа жол тауып жетістіктерге жетеді.

Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты

Ұлттық рухты оятатын мақала

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың  тарихымен таныстырып, руханият­ты сақтауға арналған алты жоба ұсынылып отыр.

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз.

«Мәдени мұра» –  ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал мына  «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат.

Енді осы мақаланы     алға ұстай отырып, Қазақстан тарихын терең­детіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен байларды жаман етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс етіп оқытты. 

Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өт­кенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды іздеу мен тек тану барысында жіберіп жатқан қате­ліктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Мемлекет басшы­сы айтқандай: «тарихи сананы жаң­ғыр­тып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз із­деушісі мен зерттеушісін күтіп жат­қан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ.

Мақаланың алғашқы жеті тарауын­да бабаларымыздың өз зама­нында жеткен жетістіктері мен техно­логия­лық жаңалықтарын жілік­теп түсін­діріп, құйма құлаққа құйып, көкі­регінде көзі барға көрсетіп,  бүгін­гінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы, Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны Қазақ­стан екенін дәлелдейді.

Қазақ халқының өмір сүру дағды­сы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұр­­па­қ­тарының парызы. Ашқан жаңа­лық­тарын, жеткен жетістіктерін кейін­гіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елба­сымыз Түркі әлемінің бесігі – Тәуелсіз Қазақ­станның жастары­на «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тек­тері­мен таныстырған мақа­ла жолдап отыр

Ал осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз. 

«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстырады. Келер ұрпақ өзінің арғы тегіндегі ұлт батырларын үлгі тұтып  өсетін болады. 

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дала­­сынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада түрко­лог­тардың дүниежүзілік конгресі өтіп, түркі халықтарының мәдени күн­дері жасалмақшы. Тағы бір қуанта­тыны, түркі халықтарына ортақ туын­ды­лардың онлайн кітапханасын ашу да маңызды болып отыр.

Ең негізгісі Ұлы даланың жеті қыры­­мен таныса отырып, арғы тегі­мізді түгендеп, тарихымызды жаң­ғыр­тып, келер ұрпақ мақтанып айта жүре­тіндей жобаларды қолға алмақшымыз.

Сәуле ДОСЖАН, 

жазушы, Қазақстан Ресупбликасының еңбек сіңірген қайраткері