Қазақстан • 28 Қараша, 2018

Дария Қожамжарова: Орталық Азияда ОҚМУ филиалын ашу –стратегиялық жоспарымыз

1010 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті білім беру, ғылыми-зерттеу және халықаралық қызметтер бойынша айтарлықтай нәтижелерге жете отырып, жоғары оқу орындары арасында үнемі үздік үштіктің қатарынан көрініп келеді. Өз тарихындағы 75 жыл ішінде универ­ситет­тің ғылыми-материалдық әлеуеті бәсеке­лестік­ке бейімделіп, келешекке, жаңа белестер мен жеңіс­терге нық қадаммен тәуелсіз еліміздің дамуына қомақ­ты үлесін қосуда. Оқу орнының тарихын таныта түсіп, ертеңгі мақсатын айқындайтын мерейлі мере­келері қарсаңында осы оқу орнының ректоры, ҰҒА ака­демигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Педагогика ғылымдары академиясының академигі Дария ҚОЖАМЖАРОВАМЕН әңгімелескен едік.

Дария Қожамжарова: Орталық Азияда ОҚМУ филиалын ашу –стратегиялық жоспарымыз

– Бүгінде мектеп бітірген жастар үшін мамандықты дұрыс таңдау маңызды. Яғни, жоғары оқу орнын бітір­ген әр түлектің жұмыспен қамтыл­ғаны жас маман үшін де, жалпы қоғам үшін де қажет және назар­дан тыс қалмайтын мәсе­ле. Осы орайда университет түлектерінің жұмыспен қам­тылуына ықпал ету бағы­тын­да қандай жұмыс атқарылуда?

– Иә, бұл кез келген оқу ор­ны­­ның абырой-беделіне әсер ететін мәселе. Елбасы «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында гранттардың саны көбейді, енді жауапкершіліктің кезеңі келгенін атап өтті. «Жоғары оқу орнының табыстылығын баға­лаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұ­м­ыс­пен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы», делінген Жолдауда. Универ­си­тет түлектері бүгінде еліміз­дің барлық өңі­рінде білімін іс жүзінде дәлел­деп, өздерін мық­ты маман ретін­де көрсетуде деп сеніммен айта аламыз. Біз сапалы білім берумен қатар, сту­дент­тердің өзін маман ретін­­де танытуына да мүмкін­дік береміз. Мысалы, ма­ман­дық­­тар жергілікті кәсіп­орын­дардың сұранысына сай жасалып жатыр. Кез келген оқу орнының рейтингі оқу орнын бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуына байланысты. Бұл орайда сабақтың үлестік деңгейі студенттің 40 пайыз теория­лық білім, 60 пайыз өндірістік практика өтуіне негізделген. Уни­верситеттің студенттерін аймақ­тағы «ҚазФосфат», «ПетроҚазақстанОйлПродактс», «Фудмастер», «Меланж», «ОңтүстікМұнайГаз», «Хил корпорейшн», «Стандарт цемент», «Ferum-Vtor» ЖШС-тері және «Кентау трансформатор зауыты», «Шымкент цемент», «Ордабасы құс» «Қазатом­өндіріс», «Химфарм» сияқты ірі өндірістік мекемелері мен кәсіпорындарының ғылы­ми базасында дайындау – оқу про­цесінің инновациялық эле­менті. Университетте 83 оқу­білім өндірістік кешендері іске қосылған. Кәсіпорын басшылары да ұсыныстарын айтып отырады. Мысалы, «Хил корпорейшн», «Қазатомөндіріс» кәсіп­­орындарының, ауыл­шаруа­шылық мекемелерінің өкілдері келіп, маман жетіспейтіні жө­нінде айтты, қажетті маман­дық­тар дайындау бойынша ұсы­ныс­тарын жеткізді. Олар­дың ұсыныс-тілектерін саралап, бірлесе жұмыс істеудеміз. Сон­дай-ақ дипломдық жұмыстар мекемелердің тапсырыстарымен орындалады. Мамандар да­йындығын жақсартып, жоға­р­ы курс студенттерін жұмыс­­­пен қам­тамасыз ету мақсатын­да «Уни­верситет-мекеме» серік­тес­тігі іске қосылған. 

– Дария Пернешқызы, жоғары оқу орны тарихына көз жү­гіртсек, 75 жыл ішін­де уни­­верситетті 16 ректор бас­­қарыпты. Әрине, әрбі­рі­нің ат­қарған еңбегі, жүзеге асыр­­ған бастамалары туралы ұ­зақ әңгі­мелеуге болатын шы­ғар. Де­ген­­мен, университет тари­хы­­на қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Иә, университеттің бүгін­гі­дей биік деңгейге көтерілуін­де әр ректордың, оқытушы-ғалымдар­дың, жалпы ұжым­ның қосқан үлесі қомақты екенін жоққа шы­ғаруға болмас. Әрбірінің қал­­дырған өзіндік қолтаңбасы бар. М.Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің тарихы 1943 жылдан бастау алады. Сұрапыл соғысқа қарамастан Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында құрылыс индустрия­сы мен құрылыс материалдары өнер­кәсібіне арнайы инже­нерлік кадр­ларды дайын­дау қажеттілігі туын­дады. Осы мақсатта 1943 жыл­дың 19 маусымында Шым­кент қаласында құрылыс материал­дарының технологиясы институты құрылды. Украинадан Шымкент қаласына көшірілген оқу орнына қаланың Советская көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) педучилищенің ғимараты беріліп, жаңадан ашылған оқу ордасының басшылығына Киев индустриялық техникумының директоры қызметін атқар­ған Константин Диляур таға­йын­далды. Институттың оқы­ту­шылар құрамы мен мате­риал­­дық-техникалық базасы ал­ғашқы басшының ұт­қыр ұйым­дастырушылық қабілет­терінің арқасында жинақталды. Одан кейінгі басшылыққа келген ғалымдардың әрқайсысы да еліміздің дамуына септігін ти­гізетін сапалы мамандар даяр­лау мақсатында көптеген жаңа­шыл­дықтар енгізіп, оқу орны­ның оқытушылық құрамының, ма­териалдық-техникалық ба­за­сының дамуына өз үлес­терін қосты. Бұл орайда универ­си­теті­мізде нақты деректер жи­нақ­талып, жас ұрпақтың, қызы­ғу­­шы­лық танытқан азамат­тар­­дың мол мағлұмат алуына мүм­кіндік жасалған. Яғни, еңбек ұмы­тылған жоқ. Осы арада уни­вер­ситет ҚазХТИ болып қалып­тасқан кезеңде өңірде, жалпы Қазақстанда химия саласын дамыту үшін атсалысқан академик Сұлтан Тәшірбайұлын ерекше атап өткім келіп тұр. Биыл ғалымның 90 жылдығын да ұжым атап өткелі отыр. Тех­ника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА акаде­мигі Сұл­тан Сүлейменов ректор­лық қызмет атқарған 1959-1974 жылдар аралығында оқу ор­ны­ның бас ғимараты, «А» және «Б» оқу-зерттеу ғима­рат­тары, төрт жатақхана, асхана, спорттық сауықтыру лагері және оқытушыларға арнал­ған тұрғын үйлер салынды. Сон­дай-ақ Сұлтан Тәшірбайұлы оқытушылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп, 1964 жылы институтта аспирантура ашылып, үздік жас ғалымдар Мәскеу, Ленинград, Киев және Новосібір жоғары оқу орындарының аспиран­турасы мен докторантурасына жіберілді. С.Сүлейменовтің осы сынды басқа да еңбектерін ескеріп, және 90 жылдығына орай «А» ғимаратының алдына ескерткішін қойып отырмыз. Оның атында үлкен зал ашылып, әрі мұрағат болады. Осындай игі істерге мұрындық болған академиктің шәкірті, меценат – Серікжан Сейітжанов. Осы арада айта кетейін, универ­ситеттің мерейтойы аясында еліміздің ЖОО ректорлары кеңесінің «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: тұжырымдамалық мәселе­лер мен стратегиялар» тақыры­бын­да көшпелі мәжілісі өтеді. Оған Қазақстанның 25 ұлттық және мемлекеттік ЖОО және ал­ғаш рет шетелдік жоғары оқу орын­дарының ректорлары қатыса­ды. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірлескен зертханасы ашылады. Ондағы мақсат та тү­лек­терімізді жұмыспен қам­ту. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты ма­қа­ласы шығу тегіміз, этносымызды және тарихымызды тануда дерек пен дәйектер келтіріп, рухтандырып, бағыт беріп, тарихи сананы жаңғыртуда ірі жобаларды бастауға болатынын атап көрсетті. Мемлекет басшысы солардың ішінде тарихи тұлғаларды мақтан тұту, дәріптеу және жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық сая­ба­ғын ашуды ұсынды. Осы мақ­­­­сатта биіктігі 5 метрден аса­­­тын М.Әуезов ескерткіші де осы ме­рейтой аясында ашы­лып, «Мұхтартану» ғылы­ми-зерт­ханалық орталығы өз жұмысын бас­тайды. Жаңа­дан ашылатын орталық ұлы жазушының өмірі, шығармашылығын біліп-тану арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыруды көздейді. Төртінші өнеркәсіптік революция аясында өтетін «Өндірістік тех­нологиялар және инжиниринг» атты V халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конферен­цияда Қазығұрт ауданында газ блок­тарын, құрғақ құрылыс қос­паларын шығаратын зауыт ашылуы­ның онлайн-көрсетілі­мін өткізбекпіз. ЖОО-лардың алдында тұрған мақсат білім берумен қатар студенттердің өзін танытуға еркіндік беру, ғылымға, бизнеске бейімдеу. Осы орайда стартап жобаларын қолға алып отырмыз. Қуаттылығы жылына 30 мың газбетон өндіретін, ғалымдарымыз жасаған технологиялары бойынша жұмыс істейтін, жергілікті тұрғындар­ды 40 жұмыс орнымен қамтама­сыз ететін зауыт іске қосыла­ды. Бұл университеттің тарихына қосқан үлесіміз. Мерейтой осындай және басқа да мағыналы іс-шаралармен атап өтілмек.

− Университеттің алыс-жақын шетелдердегі оқу орын­­дары­­мен байланысы қай деңгейде?

− Университетте 80 жоғары оқу орындарымен, мекемелер және ғылыми-зерттеу институттарымен, АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Бел­гия, Аустрия, Франция, Үнді­с­тан, Испания, Венгрия, Поль­ша, Чехия, Норвегия, Жапо­­ния, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия, Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбек­стан мен Қырғызстан сынды 17 елмен келісімдер және ынты­мақ­тастық жөніндегі меморандумдар жүзеге асырылып отыр. Химия және химия технологиясы мамандықтарына «Еуробакалавр» белгісі және ақ­параттық технологиялар мен электроэнергетика мамандық­тарының түлектеріне EURASHE «Еуропалық инженер» және «Еуроинформатик» атағын беру құқығы университеттің мақ­танышына айналды. Универ­ситеттің еуропалық лейблдарды беретін оқу орындарының қатарына енуі түлектерін еуро­палық студенттермен бір қатарға қойып, Еуропа елдерінде білім алу мен жұмыс істеуіне, аккре­диттелген мамандар реестрі­не және халықаралық маман­дан­дырылған ұйымдардың мүше­лігіне жол ашты. Оқу ор­ны­ның салмақты имиджі мен жоғарғы рейтингінің арқа­сы­нда білім және ғылым жоба­лары жүзеге асырылып, Ма­нчес­терлік Метрополитен (Ұлы­британия), Гамбург қолданбалы ғылым мектебі (Германия), ресейлік Халық­тар достығы уни­вер­си­теттері сынды білім ор­да­ларымен бірлескен студент­тер, магист­ранттар және оқыту­шы­лар­дың академиялық ұтқыр­лы­ғын дамыту бағдарла­ма­лары іске қосыл­ды. Студенттер АҚШ, Еу­ропа, Қытай елдерінің ірі орта­лық­­тарын­да тәжірибеден өту, білім алу және зерттеу жұ­мыс­­­тарын жүргізуге мүмкіндік алды. 

Түркістан өңірін дамыту бағыт­тарының бірі болып табылатын тоқыма кластеріне арналған ұлыбританиялық Манчестерлік Метрополитен университетімен бірігіп жасалған бағдарлама университет үшін маңызды жобалардың бірі болды. Академиялық ұтқырлық аясында студенттер Белгиядағы ІМЕС Университетаралық микроэлектроника орталығына, Түркиядағы «OPTIUM» және «GOLD STANDARD» туристік ке­шен­деріне, Францияның Андже қаласының фермерлік ша­руа­­шылығына, Польшаның Эко­­н­о­мика және технология ғы­­лы­ми институттарына, Гер­ма­ния­­ның Берлин физика­лық зерт­теулер институты сияқты ше­т­елдік мекемелер мен ұйымдарға тәжіри­­­бе алуға жіберіледі. Айта кетер­лі­гі, студенттеріміздің 1206-сы шетел азаматтары. Оның ішінде этностық қазақ жастары да бар. Менің стратегиялық жос­парым – ОҚМУ-дің Орта­лық Азияда филиалын ашу. Бұл ең басты бағыт деп санай­мын. «ХХІ ғасырда білім мен ғы­лы­­мын дамыта алмаған ел ты­­ғы­рық­қа тіреледі» деген қағи­­даны басты ұстанымы еткен Ел­басы Н.Назарбаев өзі­нің Жол­­дау­ларында техника­лық жəне кəсіптік білім жүйе­сін ба­рын­ша дамыту керектігіне жіті мəн беріп келеді. Яғни, біз инно­вацияның ғасырында өмір сүріп отырмыз. Неше түрлі дең­гей­дегі оқу бағдарламалары бар. Оның барлығын жасайтын оқы­тушы-профессор құрамы. Мате­риал­дық-техникалық базамыз бен оқытушы-профес­сор­ларымыздың әлеуетін пайдалана отырып, бұл жұмысты жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Себебі оған дайын дүниенің барлығы бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы, құрылыс мамандығын немесе цифрландыруға байланысты информатика, технологиялық мамандықтарының жаңа қол­данып отырған зертханаларын Өзбекстан, Тәжік­стан, Түркі­мен­станға шоғырлан­дыруға мүм­кіндігіміз бар. Дәл қазіргі уақытта Өзбекстанның тиісті министрлігіне хат жазып, біздің бір топ зиялы қауымымыз екі­жақ­ты келісіммен жұмыс істеп жатыр. Жалпы білім сапасын жақ­сарта түсу, материалдық-техни­калық базаны нығайту бағы­тында бірқатар жоспар бар. Қай тұрғыдан болсын ОҚМУ Оксфорд, Кембриджден кем болмауға тиіс. 

− Студенттердің әлеуметтік мәселелері қалай шешілуде?

− Өздеріңізге белгілі, Мем­лекет басшысы «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік мәсе­лесі» атты халыққа Үндеуінде қазіргі жоға­ры оқу орындары мен кол­ледж­дердің студенттерін жатақ­­хана­мен қамтамасыз ету мәсе­лесі өзекті екенін айта келе нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі күні университетте білім алушы­лар саны 20400-ге жетті. Оның 7972-сі мемлекеттік грантпен білім алуда, 561 магистрант, 69 док­торант, 382 колледж студент­тері оқиды. Қазір бізде 6 жатақхана бар. Студенттердің барлығын қамтып отырмыз десек те болады. Бірақ жатақханалар әб­ден тоз­ған. Осы орайда Шым­кент қа­ла­сындағы Тұран шағы­нау­даны­­нан жер телімін алып, 500 орын­дық жатақхана салуды көз­деп отырмыз. Құрылыс жұ­мыс­тары мемлекет-жеке­меншік әріптестігі бойынша жүр­гізілетін болады. Сондай-ақ жатақ­ханалардың тізбегін жаса­сақ дейміз. Болашақта кам­пус­тар, яғни университет қала­шығын соққымыз келеді. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін сол жерде фитнес клубын салсақ дейміз. Жалпы, университеттік бірегей ұжымдық ортада студент басты кейіпкер. Олар «Ұстаздар мен студенттер тең құқылы серіктес болғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз» деген қағиданы ұстанады. Ойшыл, заманауи білімі бар, ұтқыр, өзгерістерге дайын жастарымыздың көбі бірнеше тілді жетік меңгер­ген. Бүгінгі таңда студенттер өздерінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, ғылыми және қоғамдық жұмыстармен айналыса алады. Олардың өз Студенттік кеңесі, телестудиясы бар. Ғылыми кеңес­тің мүшесі болып табылатын олар басшылықпен бірге түрлі мәселелерді талқылап, шешімін тауып отырады. «Жас Отан», «Қазақстан студенттер Альянсы», «Студенттер Ассамблеясы» студенттердің жан-жақты дамуына зор үлесін қосып отыр. Білімге құштар жас­тарға жасалып отырған тағы бір қолдау – оқу ақысын 50 пайызға қысқарттық. Яғни студенттердің әлеуметтік жағ­дайын жан-жақ­ты ескере бағаны төмендетуді жөн санадық. Бұл орайда студенттер бірнеше категорияға бөлінді. Олардың әрқайсысы бойынша комиссия құрып 10 пайыздан 100 пайызға дейін кемітіліп отырған соманың өзіне жеңілдік жасадық. Жалпы 30 миллион теңге қаржыны осындай жеңілдіктерге жұмсадық. Келесі жылы студенттерді биылғыдан көп қабылдап, 8 мыңнан асырсақ деп отырмыз. 

Әңгімелескен Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ