Конференция Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесінде Қазақстанда 1929-1940 жылдары латын қарпінде басылып шыққан кітаптардың көрмесімен басталды. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана қорынан әкелінген 120-ға жуық ерекше басылым Қазақстандағы әліпби реформасынан сыр шертеді.
- Бұл жердегі кітаптардың да тағдыры әртүрлі. Бұлар да тірі адамдар сияқты саясат салқынын сезініп, теперіш көрген. 1935 жылы баспадан шыққан Ыбырай Алтынсариннің мына бір жыр жинағын қараңызшы. Құрастырушының аты-жөні қара сиямен мұқият өшірілген. Өйткені бұл жерде Сәкен Сейфуллиннің есімі тұрған еді. Саяси қуғын-сүргін жылдары «халық жауы» шығарған мұндай кітапты үйде сақтаудың өзі үлкен қылмыс саналған. Кітап иесі Сәкеннің атын өшіріп тастаса да кітапты сақтап қалыпты, - дейді Ұлттық академиялық кітапхананың сирек кітаптар бөлімі меңгерушісі Дариға Дәуренбекова.
Айта кетейік, «Latyn kórmesı» кітаптарын оралдықтар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1 ай бойы тамашалай алады.
- Бүгінгі конференцияның мақсаты – қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді талқылау, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғалымдардың осы тақырыптағы көзқарасы мен ғылыми ізденістерін тыңдау, заманауи ғылыми ақпаратпен алмасу, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
«Латын графикасына көшу – қоғамдық сананы жаңғыртудың іргетасы» дейді осы халықаралық конференцияның модераторы, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы Мұрат Сабыр. Осы орайда конференцияда латын графикасына ауысқан түркі тілдес мемлекеттердің тәжірибесі, жаңа заман талабына сәйкес рухани жаңғыру кезеңінде латын әліпбиіне көшудің рөлі, сонымен қатар бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Халықаралық жиынға негізгі спикер ретінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Жүнісбек Әлімхан, Әзірбайжан Республикасы Баку мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шамиль Садигов, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы хатшы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева, 29-мамыр Ыстамбұл университетінің профессоры Гөксел Өзтүрік және басқалары қатысты.
- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттың рухани жаңаруына бағытталған бірқатар нақты міндет қойылды. Оның негізгі бағытының бірі - тіл жаңаруы, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру. Жалпы мемлекеттік тілді дамытудың жаңа замандағы бір тетігі сынды түйткілді мәселелерді, қоғамдағы көпшілік қауымның қызығушылығын туғызған ойлар төңірегінде ғылыми-тәжірибелік ой бөлісудің маңызы зор. Ендігі міндет әліпбиді жетілдіру және қолданысқа енгізу. Өйткені біздің тіліміз әлемдегі ең асыл тіл болғандықтан оған түзу емле қажет. Сондықтан латын қарпіне негізделген төл әліпбиді қалыптастыру мемлекет үшін маңызды шара, - деді облыс басшылығы атынан конференцияға құттықтау сөз бастаған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.
Жиын басында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Әлімханды өңір басшылығы 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, қазақ ғұрпымен сый шапан кигізді.
Конференция барысында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева «Жаңа емле: құрылымы, ұстанымы және жаңалықтары», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Латын негізді қазақ әліпбиі – ұлттың ұлы жоспары», Германияның Майндағы Франкфурт қаласынан келген PhD, доценті Ханс-Якоб Шмитц «Адамзат тарихындағы әріп дамуының мәні туралы», 29 мамыр Стамбул университетінің әдебиет факультеті, түрік тілі және әдебиет бөлімі, доктор, профессор Гөксәл Өзтүрік «Түркия Республикасының латын әліпбиіне өту тәжірибесінен», Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев «Қазақ әліпбиі мен емлесінің өзекті мәселелері», Баку мемлекеттік университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры, Әзірбайжан ұлттық академиясының өкілі Шамиль Садигов «Әзербайжанның латын әліпбиіне көшу мәселелері», Түркияның Қаратеңіз техникалық университетінің докторы, профессор Кемаль Учунжу «Түркітану тұрғысынан Қазақстанның латын алфавитіне өту үдерісін бақылау», Өзбек мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Дусмамат Кулмаматов «Өзбек тілінің латын әрпіне көшу тарихынан», М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зулейха Хабибуллина «Башқұрт жазуының қазіргі замандағы жағдайы және даму тарихы» тақырыптарына баяндама жасады.
«Қазақ елін әлемдік аренаға шығаратын негізгі қадам әліпби ауыстыру болса, ұлттық кодымыз – қазақтың тілін жаңғыртып, жаңа әліпбиді тілімізге шақтауымыз қажет. Латын графикасына көшу – бұл Қазақстандағы тіл саясаты үшін ғана емес, экономика, халықаралық байланыс, ұлтаралық қатынас сияқты өзге де маңызды факторларға ерекше әсер ететін құбылыс» – Оралдағы халықаралық жиынға қатысушы лингвист ғалымдар осындай ортақ тұжырымға келіп тарасты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»