Көрмеде кітапхана қорындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы кітаптары көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Елбасының бос уақытында сүйіп оқитын кітаптары да қойылды. Президенттің сүйікті авторлары тізімінде Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллин секілді еліміздің ұлы жазушылары бар.
Ал «Ұлт тірегі – Елбасы» фотокөрмесінде «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Игорь Бургандиновтың, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мұрзановтың, «Литер» газетінің фототілшісі Советбек Мағзұмовтың, «Деловой Казахстан» газетінің фототілшісі Талғат Ғалымовтың жұмыстары қойылды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 1997 жылдан бері суретке түсіріп келе жатырмын. Жұмыс барысында Президентті түсірген суреттерім көп. Солардың арасынан ең үздік 8 суретім бүгінгі көрмеге қойылды. Беделді адамдар қатысатын шараларда уақыт өте тығыз болады. Сол аз уақытты тиімді пайдаланып, оңтайлы сәтте тұлғаларды суретке түсіріп үлгеру керек. Кадрда адамдардың көзқарасы және күліп тұрғаны маңызды», дейді «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мұрзанов.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»