Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2018

Шыңғырлауда Асан Қайғыға ескерткіш орнатылды

1469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданы орталығында жаңа алаң ашылып, Асан Қайғыға ескерткіш орнатылды.

Шыңғырлауда Асан Қайғыға ескерткіш орнатылды

8,6 мың шаршыметрге созылып жатқан жаңа алаңның жобалық құны 105 млн. теңгеге жуық. Мұнда биіктігі 15 метрлік «Жеті керемет» монументі, бейне бақылау камералары, жарықшамдармен қоса, соңғы үлгідегі LED экран орнатылған. Арнайы жол тартылып, алаңды айнала 3 автотұрақ салынған. Болашақта көпшілік шаралар ұйымдастырылып, халық жиналатын бұл алаңның құрылысын «Ремстройбыт» ЖШС жарты жыл ішінде аяқтап шығыпты.

Шыңғырлау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да көп жұмыс атқарылып жатыр. Дәл осы күні аудан орталығында күллі қазаққа ортақ абыз – Асан Қайғыға арналған «Дала аңызы» атты ескерткіш орнатылды. Шыңғырлаулықтардың Асан Қайғыны өздеріне жақын тартуының себебі бар – «Қарғабойлы Қазтуған» жырында:

Асан Қайғы көшкен жер

Шыңғырлау, Торыатбасы еді,

Қыземшекті Сарышоқы

Осы судың қасы еді.

Асан Қайғы туғанның

Бөлінген жері осы еді...» - деп келеді. Осы үзіндіде аталған жер атауларының бәрі де шыңғырлау ауданы аумағында, әлі күнге солай аталып келе жатыр.

- Ауданда атқарылған ізденіс жұмыстарының арқасында жеріміз және ата-бабамыз жөнінде көптеген мағлұмат жинақталды. Олар кітап, баспасөз беттерінде жарық көруде. Сонымен қатар Елбасы жақында ғана «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Дала фольклорының антологиясы» және «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты бастама көтеріп, тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату бағытында тапсырма берген болатын. Асан Қайғы бабамыздың мүсіні – туған жеріміздің өткен тарихына деген құрмет, - деді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есәлиев ескерткіштің ашылу салтанатында.

Желмаясын шөгеріп қойып жол қарап тұрған Асан баба ескерткішінің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Ибрагим Айденов. Ол әріптестері Ахмет Ерғалиев және Закижан Исламбековпен бірге мүсінді екі ай ішінде жасап шыққан. Ал аудан орталығына көрік беретін мағыналы мүсіннің бас демеушісі – жергілікті кәсіпкер Юсуп Қазиев екен.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар