Бірақ адамзат тарихында балаға ересек адамның билік жүргізу ұстанымы бала құқығы тұрғысынан негіз қалаушы ұстаным болған кездер бар. Ата-ана құқығының бала құқығынан үстем болуы ұзақ уақыт бойы қоғамда қалыпты жағдай саналды. Ата-ананың баласын өлтіруге және сатуға деген құқығын осындай қатынастардың шегі деп санауға болады. Бұл кей елдерде ХІХ ғасырға дейін сақталды. Мысалы, Римде әке билігі бәрінен жоғары тұрды. Жеке қарым-қатынаста, жаңадан дүниеге келген баласының өмірін сақтап қалатыны немесе сақтап қалмайтыны әкенің еркінде болды: ол оны тіпті лақтырып тастай да алатын еді. Әкесінің өз балаларын бүтіндей құлдыққа немесе мемлекет ішінде құлдыққа сатуына құқығы болды. Әрине, іс жүзінде жағдай басқаша болуы да мүмкін, бірақ заң жүзінде әке баланың жеке басының шексіз билеушісі болды. Ежелгі Қытай құқығы отағасын оның билеушісі ретінде айқындады. Көне заманда басқа балалардың алдында бірқатар басымдықтары болған үлкен баласынан басқа балаларын сата алды. Ұлын немесе немересін әкесінің, анасының, әкесі жағынан атасы мен апасының ұрып-соғып өлтіргені үшін жазаланбауы ХІХ ғасырға дейін сақталып келді. Рұқсатсыз үлкен отбасынан бөлініп шығуға немесе отбасылық мүліктің бір бөлігін иемденуге тырысқан ұлдары мен немерелері де жазаға тартылды.
Русьте ата-анасын өз балаларының құқықтары мен өліміне қатысты қандай да бір құқықтары формальды түрде болмағанымен, ата-ана билігі анағұрлым күшті болды. Алайда балаларды өлтіру ауыр қылмыс ретінде қаралмаған. 1846 жылғы Жинақ бойынша баласын өлтіргені үшін әкесі бір жылға түрмеге қамалған және шіркеу тарапынан тәубеге келтірілген. Ал ата-аналарын өлтірген балалар өлім жазасына кесілген. Бірақ әлемнің барлық елдерінде түрлі тарихи кезеңдерде ата-аналарының өз балаларына иелік ету құқығының болғанына қарамастан, олар балаларын тәрбиелеуге және тиісті қамқорлық көрсетуге міндетті болғанын әділеттілік үшін атап өткен жөн. Хаммурапи патшаның заңдарында (біздің дәуірімізге дейінгі 1793-1750 жылдары) денсаулық, ұзақ ғұмыр және балалар мүлік пен байлықтан жоғары қойылған. Баланы ұрлау және ауыстырып алу қатаң жазаланды, өйткені ежелгі Месопотамиде, егер бірнеше баласы болмаса, адам өмірі толық болып есептелмеген. ХІІ ғасырдағы Англияда ІІ Генрихтің Заңында некеден тыс бала көтерген кез келген қыз бұл жөнінде билік орындарына хабарлауы тиіс екені көзделді. Егер қыз бұлай жасамаса, бала өліп қалатын болса (қандай себеппен өлгеніне қарамастан), өлім жазасына кесілетін болған.
Адамзаттың баланың құқықтық мәртебесін мойындау қозғалысы ұзақ және ілгерілемелі болды және әрбір жеке елде өзіндік серпінге ие еді. 1924 жылы Ұлт Лигасының Баланың құқықтары туралы Женева декларациясын қабылдауын осы процестегі елеулі жағдай деп есептеуге болады. Содан соң 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары декларациясын қабылдап, 1979 жыл «Халықаралық бала жылы» деп жарияланды және он жылдан соң ғана 1989 жылғы 20 қарашада Бас Ассамблеяның 44/75 қарарымен Баланың құқықтары туралы конвенция қабылданып, 1990 жылғы 2 қыркүйекте күшіне енді. Осы уақытқа дейін балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін бірқатар халықаралық заңнамалық құжаттар әзірленіп, қабылданды. Атап айтқанда, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы; Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы декларация; Балалар құқықтары туралы конвенция; БҰҰ Кәмелетке толмағандарға сот төрелігін орындауға қатысты минималды стандартты ережелер (Бейжің ережелері); Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактіні ратификациялау туралы; Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін БҰҰ жетекші принциптері (Эр-Риядта қабылданған жетекші принциптер); Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты Баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы; Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты Баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы және басқалар.
Балалардың құқықтық мәртебесін дамытудың Қазақстанда да өз тарихы бар. Егер тарихқа үңілсек, жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқықтарын, сондай-ақ оларға қатысты қауымның және қайтыс болғандардың туыстарының міндеттемелерін регламенттейтін дала заңдарының жинағы Жеті Жарғының өзінде (XVII ғасыр) Жесірлер туралы заң болғанын атап көрсетуге болады. Отбасы-неке қатынастары саласында ата-ананың бала өміріне құқықтары бекітілді. Бірақ әйелдің некесіз дүниеге келген баланы өлтіруі өлім жазасымен жазаланды. Бала құқықтарының қазіргі тарихы 1994 жылы Қазақстанда Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталады. Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады, сондай-ақ оның екі факультативтік хаттамасын ратификациялады. Бүгінге дейін адам құқығына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжат, оның ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты 15 құжат ратификацияланды. Мәселен, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық формаларын жою жөніндегі конвенция; Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты факультативтiк хаттама; Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты факультативтік хаттама; Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенция; ХЕҰ Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы конвенциясы; ХЕҰ Ананы қорғау туралы конвенциясы; Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама; Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенция; Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция; Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенция; Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенция және Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы хаттама.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстері, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы», «Балалар отбасылық типті ауылдар мен жасөспірімдер үйлері туралы», «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалар қараусыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы», «Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдары және т.б. жатады.
Көрсетілген заңнамалық құжаттарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметінің басым саласы болып анықталған. Осылайша тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығында, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне қатысты өзге мән-жайларға қарамастан барлық бала тең құқыққа ие. Некеден және некесіз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. Осы мақсатта бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздері қалыптастырылып, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құрылды. Баланың құқығын қорғаудың тиімді тетігін құру үшін көптеген елдер балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнайы органдарды – бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын (балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмендерді) құрды. Швеция, Франция, Италия, Ресей, Балтық елдері және т.б. елдерде осындай мекемелер табысты жұмыс істеуде. Елімізде 2016 жылғы 10 ақпанда Президент Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Институттың негізгі міндеттері – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен ынтымақтастықта олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.
Жас ұрпақты қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандарды қылмыстық-құқықтық қорғау. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылуы тиіс, бұған жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылық шараларын күшейту дәлел болып отыр. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді, оның 122-бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, ал дәл сол іс-әрекеттерді ата-анасы, педагог, тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адамның жасауы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кәмелетке толмағанға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, оның ішінде еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы (ҚР ҚК 120,121-баптары), дәл сол іс-әрекеттер жас балаға қатысты жасалса, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыстық кодекстің 93-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының тізбесіне химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу кіреді. Сонымен қатар Қылмыстық кодексте жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін жәбірленушімен татуласуға байланысты істі тоқтатуға, шартты түрде соттауға заңнамалық түрде тыйым салынған.
Соңғы он жылда балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыс атқарылды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де қашанда арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж.
Сәуле АЙТПАЕВА,
Парламент Сенатының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі